Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесіп, пікір алмасты. Коронавирустық шектеулерге байланысты жүздесуге облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қоғам қайраткері, медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов, мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов шақырылды.
Аймақ басшысы ардагерлердің ел бірлігін бекемдеп, жақсы істер ұйытқысы болып келе жатқанын атап өтті. Бұл кездесудің мақсаты алда атқарылатын жұмыстарды саралап, ортақ мәселелерді алдыңғы толқын өкілдерімен бірлесіп талқылау екенін жеткізді.
– Жыл басындағы дүрбелеңнен тұтастығымыз бен еліміздің болашағына балта шабыла жаздады. Сындарлы кезеңде Мемлекет басшысы жедел әрі батыл шешім қабылдап, халқымыз қатерден аман өтті. Президент 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында тәуелсіз мемлекетімізді одан әрі дамытудың жаңа міндеттерін белгілеп, елімізде тарихи өзгерістер кезеңі басталғанын мәлімдегенін білесіздер. Басты мақсат – күш-жігерімізді біріктіріп, қиындықтарды еңсеру, қуатты жаңа Қазақстанды бірлесе құру. Осы ретте зиялы қауым өкілдеріне, ел алдында жүрген азаматтарға жүктелер жауапкершілік жеңіл болмайтыны белгілі. Қай кезде де үлкенін құрметтеп, ақсақалдардың айтқанын тыңдаған халықпыз. Сондықтан бірінші кезекте өздеріңізбен кең отырып кеңесіп, алдағы жоспарларымызды бірлесе жүзеге асырсақ деген ниетпен жиналып отырмыз, – деді Г.Әбдіқалықова.
Басқосуда медицина ардагері Тұрғанбай Маханов соңғы кездері ақсақалдар мен кейінгі толқын арасындағы сабақтастықтың ажырап кеткенін айтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде Ақсақалдар кеңесі мен Жастар орталығының жұмыстарын бір арнаға тоғыстырып, жандандыру қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ діни тұрғыда бағытынан адасып жүрген жастарға рухани тәлім-тәрбие беру ісіне де жіті мән беру керегін атап өтті. Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жастардың ой-санасына әсер ететін түрлі ақпараттарға тосқауыл қойып, бірлікке үндейтін танымдық басқосулар ұйымдастыру керек деген ұсынысын ортаға салды. Мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов технологиялық өзгерістер қоғамында өмір сүретін жастарды ашық әңгімеге шақырып, нақты әрекеттерге негізделген бастамаға қолдау білдіруде барлық буын дайын болуы керек деген пікір қосты.
Жиын соңында облыс әкімі ортақ мәселелерді бірлесіп шешуде әрбір ұсыныс ескерілетінін айтып, зиялы қауым өкілдерін Президент ұстанымына қолдау білдіруге шақырды.
Қызылорда облысы