• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Бизнес 28 Қаңтар, 2022

Ұлттық палата ұтқырлық танытты

481 рет
көрсетілді

«Қаңтар қасіреті» деп аталып кеткен елдегі төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлік саласы көп шығынға ұшырады. Теріс пиғылды топтар бизнес нысандарын қиратып, өртеп, тонады. Міне, дәл осындай алмағайып шақта мыңдаған кәсіпкердің басын біріктіріп отыр­ған «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы едел-жедел қи­мыл­дап, зардап шеккен бизнес өкіл­деріне қолдау көрсетті. Әрі-сәрі күй кешкен кәсіпкерлерге барынша демеу болды.

Жедел желінің жәрдемі

Атап өтерлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанға Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйы­мының әскерін енгізу туралы шешімін қолдап, қуаттады. Өйткені елдегі жаппай толқулар террорлық шабуылдарға ұласып, жағдай тіпті ушығып кетті. Бүлік­шілер ауруханаларды, азық-түлік дүкендері мен банктерді, сауда орта­лықтары мен дәмханаларды, басқа да нысандарды қиратты, тонады. Президент жедел шешім қабылдамаған жағдайда оқиғаның зардабы да орасан болар еді.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнес өкілдеріне арналған жедел желісі бар екені белгілі. Өкінішке қарай, елдегі аласапыран кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерден түскен қоңырау толастаған жоқ. Сондықтан палата жедел желідегі телефон нөмірлерін көбейтіп, қосымша 13 нөмірді іске қосты. Осы орайда жедел желі интернеттің жоқтығына қарамастан жұмыс істегенін атап өту керек. Палатаның call-орталығы кәсіпкерлермен тәулік бойы байланыс орнатты. Осылайша, «Атамекен» шығынға батқан кәсіпкерлік нысандарын суретке, видеоға түсіріп, шығын актісін жасауға жәрдемдесті.

2022 жылғы 21 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздің 9 өңірінде 2 267 нысанда орналасқан 1 863 бизнес субъек­тісінің зардап шеккені анықталды. Оның ішінде Алматы қаласында 1 977 нысанда орналасқан 1 610 субъектіге залал келген. Зардап шеккен бизнес салалары: сауда – 1 664; қоғамдық тамақтану – 68; қаржы секторы – 88; логистика – 36; БАҚ – 7.

Ұлттық палатаның байланыс орталы­ғына барлығы 11 042 қоңырау түскен. Оның ішінде: мародерлық бойынша – 2 317 қоңырау, форс-мажор – 558, блокбекеттер – 2, зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау қоры бойынша – 33, бизнесті қалпына келтіру және зардап шеккен мүлікті бағалау – 1 078, жеке тұлғалардан түскен қоңыраулар – 2 435. Өңірлік палаталарға форс-мажор туралы куәліктер бойынша 1 115 қоңырау және 441 өтініш түскен.

Алдын ала есепке сәйкес, залалдың жалпы сомасы 98,1 млрд теңгеге баланып отыр. Оның 94,8 млрд теңгесі Алматы қаласына тиесілі.

Қордан қолдау күтеді

Ұлттық палатаның қолдауымен һәм кәсіпкерлердің бастамасымен жедел түрде бүлік кезінде зардап шеккен бизнеске көмек көрсету мақсатында «Күшіміз бірлікте» қоры құрылды. Оны Алматы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев басқарды. Таңдаудың М.Барышевке түскені тегін емес. Өйткені ел бойынша алматылық кәсіпкерлер көп зардап шекті. Демек, қорға түскен қаражат Алматы қаласы мен басқа да аймақта залал шеккен кәсіпкерлерге арнайы комиссияның шешімімен бөлінетін болды.

Аталған қорға алғашқылардың бірі болып меценат, «ҚазАзот» АҚ басшысы Бахаридин Аблазимов қомақты қаржы аударды. Ол зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдап, 500 млн теңге көмек көрсетті.

– Алматыда шағын кәсіпкерлердің асханалары, дүкендері, шаштараздары қиратылып, өртенді. Қаншама зат қирады. Оларға көмектесетін қор ашылған соң, өзімнің азаматтық борышымды осылай өтегім келді. Өзге де кәсіпкерлер бұзақылардың әре­кет­терінен кейінгі шығынды қал­пы­на келтіруге атсалысқаны қуант­ты. Біздің күшіміз – бірлікте, – дейді Б.Аблазимов.

«Күшіміз бірлікте» қоғамдық бір­лестігінің төрағасы М.Барышевтің айтуынша, қор еліміздің 14 өңіріндегі белсенді кәсіпкерлердің бастамасымен құрылған. Олардың қатарында түрлі сала өкілдері, бизнес пен қауымдастықтардың жетекшілері бар.

– Қаражатты жинау және бөлу про­цесін барынша ашық жүргізу үшін қам­қоршылық кеңес құрдық. Кеңес мүшелері аудит жүргізіп, қор жұмы­сы бойынша бұқаралық ақпарат құрал­дарына есеп береді. Операциялық шы­ғыс­тар, соның ішінде орынжайды жал­ға алу, банк шығындары қорды құруға баста­машылық жасаған кәсіпкерлердің есебінен өтеледі. Қоғамдық бірлестікпен ерекше шарт жасасқан екінші деңгейлі екі банкке алғыс білдіреміз. Шот есебін жүргізу тегін іске асырылады, – дейді М.Барышев.

Оның айтуынша, өтініш беруші­лер­ге ыңғайлы болуы үшін арнайы infokazakhstan.kz сайты құрылған. Онда 4-7 қаңтардағы тәртіпсіздік барысында зардап шеккен субъектілер үшін электронды кезек іске қосылды. Өтініш беру үшін сайтқа кіріп, бірнеше әрекет жасау керек. «Көмек қажет» батырмасын таңдап, электронды өтінішті ашу қажет. Онда компания туралы деректерді толтырып, келтірілген залалды фото-материалдармен растаған соң, өтінішке электронды цифрлы қолтаңбамен қол қою керек.

– Қазірдің өзінде бізге ірі, шағын және орта бизнестің өкілдері хабарласып жатыр. Олардың қатарында азық-түлікпен көмектескісі келетіндер бар. Кейбірі құрылыс материалдарын тегін беруде. Мұндай материалдық емес көмектің түрін әкімшілендіру қиынға соқса да, біз демеушілердің көмегінен бас тартпаймыз. Жанашыр жандардың барлығына алғыс айтамыз, – дейді М.Барышев.

Ыстық тамақпен қамтыды

Алматыдағы жағдай ушығып тұрған шақтың өзінде ұлттық кәсіпкерлер пала­тасы мен Қоғамдық тамақтану қауым­дас­тығы бірлесіп, әлеуметтік мекемелердің қызметкерлеріне, әскерилер мен полицейлерге ыстық тамақ жеткізді. Ұсақ-түйек болып көрінгенімен қоғам тыныштығын қамтамасыз ету үшін оқ пен оттың ортасында жүрген жандарға осының өзі үлкен қолдау еді. Бұл ретте үш күннің ішінде ыстық тамақтың шамамен 6 мың порциясы қалалық және модульдік ауруханаларға, жедел жәрдем стансаларына, перзентханаларға, өрт сөндіру қызметіне, балалар үйлеріне, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің госпитальдарына, Алматы қаласының аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілді.

– Алматы өңірлік кәсіпкерлер кеңесі­нің мүшелері еріктілер қатарына қосы­лып, нан, су тасыды, қауіпті болса да, ауруханалар мен госпитальдарға, балалар үйлеріндегі бекеттерге ыстық тамақ жеткізді. Осы орайда SMALL супер­­маркетінің қызметкерлеріне және адам­дарға жәрдемдесу үшін азық-түлік­ті арзан бағамен сатып алуға көмек­тескен «Барыс» базарына алғыс білді­ре­міз, – дейді Қоғамдық тамақтану қауым­­дастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.

Айыппұлдарды алып тастады

Атап өтерлігі, ұлттық палатаның бастамасымен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы төтенше жағ­дай кезінде бірқатар алым мен айып­пұл­дарды алып тастады. Бұл абдырап қалған кәсіпкерлерге үлкен демеу бол­ды. Өздеріңіз білетіндей, республика аума­ғында енгізілген төтенше жағ­дай­ға байланысты интернет, банк операция­лары және өзге де қызметтер жұмы­сын­да іркіліс пайда болды. Соның сал­дары­нан кәсіпкерлік субъектілерінде теміржол көлігімен жүк тасымалдауды ұйымдастыруда қиындықтар туындады.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірхановтың ай­туынша, бұл жағдайлар жылжымалы құрамдардың стансалық, магистралдық және кірме жолдарда тоқтап қалуына алып келді. Салдарынан «Қазақстан темір жолы» тарапынан көлік компания­лары, жүк жөнелтушілер мен жүк алу­шылардың атына тиісті алымдар мен айыппұлдар жазылды. Артынша ұлттық кәсіпкерлер палатасының өтініш жаса­уымен ұлттық компания елдегі төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге салынған алымдар мен айыппұлдарды алып тастау мәселесін қарастырды.

– «Темір жол көлігі туралы» Заңды басшылыққа ала отырып, «Қазақстан темір жолы» төтенше жағдай кезеңінде барлық өңірде бірқатар алымды, айып­пұл мен төлемді есептеуді тоқтату бо­йынша шешім қабылдады. Күрделі кезеңде бизнеске қолдау көрсеткен ұлттық компанияға алғыс білдіреміз, – дейді Т.Темірханов.

Сонымен қатар микро, шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап қарыз алушымен келісімшарт негізінде несие беруші ұйым айқындаған кезеңге несие төлемдерін кейінге шегеру мүмкіндігіне ие болды. Мұның тәртібін Қаржы на­ры­ғын реттеу және дамыту агенттігі әзір­леп, арнайы бұйрықпен бекітті. Бұл тәртіп екінші деңгейлі банктерге, микро­қаржы ұйымдарына, соның ішінде ломбард­тар мен несие серіктестіктеріне қолданылады.

Екінші деңгейлі банктер мен микро­қаржы ұйымдары кәсіпкерлердің өтінім­дерін қарарда олардың қаржы жағ­дайының нашарлауын немесе кел­тірілген залалды растайтын факті­лерге назар аударады. Шешім кәсіпкер пайдасына шешілген жағдайда берілген шегерімге сәйкес несие төлеудің жаңа кестесі құрылады. Несие төлемдерін кейінге шегергісі келетін кәсіпкерлер қызмет көрсетілген банк немесе микро­қаржы ұйымына 2022 жылғы 31 қаңтарға дейін өтінім беруі қажет.

Залал қалай өтеледі?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасына сәйкес, үкіметтік комиссияның отырысында 2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәр­тіпсіздік салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтіріл­ген мүліктік залалды өтеу механизмі бекі­тілді. Жекелеген өңірлердегі тәртіп­сіздіктер салдарынан келтірілген залалды жою мәселелері жөніндегі комиссияға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр төрағалық етеді.

Зардап шеккен кәсіпкерлер келтіріл­ген залалды өтеуге өтінім барлық қажет­ті құжаттармен бірге ЭЦҚ-ның көме­гімен InfoKazakhstan.kz платформа­сын­да жүзеге асырылады. Механизмге сәйкес кәсіпкерлер зардап шеккен аймақ­тарда Өңірлік комиссиялар құрылады. Олардың құрамына әкімдік, мәслихат, өңірлік кәсіпкерлер палаталары және қо­ғам­дық бірлестіктердің өкілдері кіреді.

Өңірлік комиссиялар залалды өтеу туралы өтініштерді 5 күнтізбелік күн ішінде қарайды және мақұлдаған жағ­дайда, ұсынылған мәліметтер мен құ­жаттар негізінде өңірлік комиссия айқын­дайтын мөлшерде қаражат бөлу туралы шешім шығарылады.

Қаржы еліміздің бюджеттік рәсім­деріне сәйкес мүлік иесінің өтінішінде көрсетілген ағымдағы немесе жинақ шотына тиісті шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде аударылады.

Өтеу сомасы мүліктік залалдың 3 түрі бойынша есептеледі. Бірінші – бүлін­ген жылжымайтын мүлік бойынша. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі сала­сындағы заңнамасына сәйкес әзір­лен­ген, оны қалпына келтіруге арнал­ған шығындардың сметасымен неме­се калькуляциясымен расталатын, бү­лінген жылжымайтын мүлікті қалпы­на келтіруге (жөндеуге) арналған шығыстар есептеледі.

Екінші – бүлінген немесе жойылған жылжымалы мүлік немесе тауарлы-мате­риалдық құндылық бойынша. Өтеу­ге берілетін сома әкімдік немесе қор айқынд­айтын бағалау және аудиторлық ком­паниялар дайындаған бағалау туралы есеп (акт) негізге алына отырып есептеледі.

Үшінші – жоғалған (ұрланған) тауар­лы-материалдық құндылық және жабдық бойынша. Жоғалған (ұрланған) тауарлы-материалдық құндылықтар мен жабдықтарды өтеу сомасын есептеу кәсіпкерлік субъектінің 2021 жылғы орташа айлық айналымы негізінде механизммен белгіленген коэффициентке көбейтіліп жүргізіледі.

Мүлікке бағалау немесе аудит жүр­гізуге, бүлінген мүлікті қалпына келті­руге сметалар жасауға және шығын­дарды калькуляциялауға байланысты қызметтерге ақы төлеу әкімдіктің немесе «Күшіміз бірлікте» қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын атап өткен жөн.

Бұл ретте, егер кәсіпкер өңірлік комис­сия айқындайтын өтеу сомасымен келіспесе, онда ол Қазақстан Республи­касы­ның Қылмыстық-процестік кодексі­не сәйкес сот-бухгалтерлік, сот-тауар­тану немесе сот-құрылыс сараптамасы белгі­лейтін нақты келтірілген залал бойынша залал сомасын өтеуді талап етуге құқылы.

Бұл механизм 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады.

Палата деректеріне сүйенсек, 2022 жылғы 26 қаңтардағы (сағат 16:00-дегі) жағдай бойынша кәсіпкерлер жаппай тәртіпсіздіктерден келтірілген залалды өтеуге InfoKazakhstan.kz сайтында 673 өтініш жүктелген. Берілген өтінім­дер­дің 261-іне электронды цифр­лы қол­таңбамен (ЭЦҚ) қол қойылған. Оның 91 пайызы (237 өтінім) Алматы кәсіп­керлеріне, қалған 9 пайызы Шымкент қала­сы, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қа­зақ­­стан және Ақтөбе облысына тиесілі.

Өтеу түріне қарай 240 өтініш жеңіл­детілген механизм бойынша, қалғаны сот сараптамасының қорытындысы негізінде қаралады.

261 өтінімнің 68 пайызы тауарлы-материалдық құндылықтардың залалын көрсетіп толтырылған, 13 пайызы жылжымайтын мүлік, 3 пайызы жылжымалы мүлікке қатысты берілген. Ал өтініштердің 16 пайызында залалдың түрі көрсетілмеген.

«КҮШІМІЗ – БІРЛІКТЕ!» ҚОРЫНА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ҮШІН:

«БанкЦентрКредит» АҚ:

Қабылдап алушы: «Күшіміз – бірлікте!» қоғамдық бірлестігі БСН 220140002583

Есепшоты: KZ268562203115072353

«БанкЦентрКредит» АҚ реквизиттері: БСК/БИК (SWIFT) KCJBKZKX БСН/БИН 980741000260 010000, Қазақстан, Нұр-Сұлтан қ., Есіл ауданы Қабанбай батыр даңғылы, 15 А.

«Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ:

Қабылдап алушы: «Күшіміз – бірлікте!» қоғамдық бірлестігі БСН 220140002583

Есепшоты: KZ52551Z128000206KZT

«Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ реквизиттері: БИК KSNVKZKA