• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 28 Қаңтар, 2022

Қырғыз-Тәжік шекарасындағы қақтығыс салдарынан 20-ға жуық адам жараланды

501 рет
көрсетілді

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығыс салдарынан екі жақтан 20-ға жуық адам жараланды. Ал қаза болғандардың нақты саны әлі жарияланған жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті шекара қызметінің директоры генерал-майор Уларбек Шаршеевтің айтуынша, тәжік тарапы атысты тоқтатпай отыр, оның үстіне ауыр әскери техника мен жеке құрамды шекараға тартуды жалғастырып жатыр.

«Сағат 23:00-дегі жағдай бойынша Тәжікстан әскерилері қырғыз әскерилеріне қарай тоқтамай оқ ату үстінде. Екі-Таш, Құм-Базар, Чир-Добо аудандарында атыс жалғасып жатыр», делінген Қырғызстан шекара қызметінің хабарламасында.

Шекара қызметінің мәліметінше, тәжікстандық әскери қызметшілер минометтен Қырғызстанның Ішкі әскерлері орналасқан жерге оқ атқан, сондай-ақ тәжік әскери қызметшілерін атудың нәтижесінде Көчө-Боюда Қырғызстан азаматының үйі өртенген.

Қырғызстан шекара қызметі бұл оқиғаны арандатушылық, оның жауапкершілігі толығымен Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара әскерлерінің басшылығына жүктеледі деп мәлімдеді.

«Тәжік тарапы оқиға мен қақтығысты әдейі ұйымдастырды, соның салдарынан екі жақтан да адам шығыны болды», деді министрлік.

Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара әскерлерінің баспасөз қызметі Қырғызстан тарапынан қарқынды атыс жүріп жатқанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, атыс Тәжікстан тұрғындарына, көліктерге және түрлі инфрақұрылым нысандарына жүргізіліп жатқанын айтты. «Шекара заставалары минометтерден атқылап жатыр. Тәжікстанның бейбіт тұрғындары мен шекарашылары арасында зардап шеккендер бар».

Ведомство сондай-ақ жеке әскерилендірілген бөлімдер мен бөлімшелерді, әскери техниканы Баткен облысының шекаралас аудандарына көшіру туралы хабарлады.

Қаңтардың 28-іне қараған түні Қырғызстан Президентінің Баткен облысындағы өкілетті өкілі Әбдікәрім Әлімбаев пен Баткен облысы бойынша шекара өкілі полковник Қиялбек Төленбаев Тәжікстанның Соғды облысының губернаторы және шекара өкілімен кездесті. 

«Сағат 02:00-дегі жағдай бойынша Кочо-Бою және Дахма аудандарында өрт тоқтатылды. Головная және Төрт-Кочо аудандарында оқтын-оқтын атыс естіледі», деп хабарлады Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің шекара қызметінің баспасөз қызметі. 

Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 01:30-да Тәжікстанмен шекарадағы қақтығыс аймағынан 1,5 мыңға жуық адам эвакуацияланды.

«Қазіргі уақытта 1470 жергілікті тұрғын эвакуацияланды, олардың 1200-і достары мен туыстарына барды. Тұрғындардың бір бөлігі Маргун, Рават ауылдары мен Баткен қаласына көшірілді. 270 адам уақытша баспанаға орналастырылды. Оның 104-і әйелдер, 19-ы ер адамдар және 147-сі балалар», деп хабарлады баспасөз қызметі.