Елімізде банктер экономиканы несиелендіруге мәжбүр. Әсілінде, бизнес – дербес шешім қабылдауға тиіс субъектілер. Алайда экономикамыз шикізатқа бағдарланғандықтан банктер бизнес-жобаларды таңдап, оларға қарыз беруге міндетті. Бұл өз кезегінде банк капиталының нарықтық өлшемдерге сай болуына кері әсерін тигізіп, ел ішінде ұлттық инвесторлардың пайда болуын шектейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік шаралардың кемшіліктерін атады. Президент айтқан сынның бір ұшы Қазақстан даму банкіне бағытталды. Мемлекеттік субсидиямен жұмыс істеп отырған банктің «арнайы таңдалған адамдарға» арналып келгені ашық айтылды. Жайлы орынға жайғасып алған кейбір тұлғалар мансабын пайдаланып, арзан несиеге қол жеткізіп отырғаны, бұл жобаларға қаржы мемлекеттің ресурсынан бөлінгені аталды.
Соңғы жылдары ақпарат құралдарында «банктердің негізгі миссиясы – экономиканы көтеру» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Ал қоғамдық пікір болса, алдымен банктердің нарықтағы негізгі миссиясын түсініп алу қажеттігін алға тартады. Мәселен, сарапшы Айбар Олжаев Үкімет пен Ұлттық банктің міндеті теңгенің тұрақты болуын қамтамасыз ету екенін жеткізді. Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің міндеті қаржы ұйымдарының заңды бұзбай дұрыс жұмыс істеуін, банк басшыларының ақша ұрламауын, онлайн кредиттер бойынша алаяқтық болмауын қадағалаумен шектеледі. «Банктің экономикаға көмектесуі де, мемлекеттің жеке банкке көмектесуі де – утопия. Бірақ бізде екінші утопияға көбірек басымдық беріліп кетті», деді А.Олжаев.
Банкке бәсеке керек
Нарық заңы бойынша, банктер – қайырымдылық қоры емес, бизнестің бір сегменті. Екінші деңгейлі банктерді осындай бейнеде көргісі келетінін Үкімет те, Ұлттық банк те жиі айтады. Дамыған елдерде банктер экономиканы қаржыландыруға, ал мемлекет банктерге жиі-жиі демеуқаржы беруге де міндетті емес. Ал бізде бәрі керісінше. Сарапшы Ерлан Ибрагим қаржы секторы Кеңес Одағы тәжірибесінен әлі алшақтай алмай жүргенін айтады. Бизнесті несиелендіру үшін банк пен инвестор арасында бәсеке болуы керек. Ал елімізде екінші деңгейлі банктер бизнесті несиелендіруге немқұрайды қарайды, себебі идеяны тартып алайын деп таласып отырған инвестор жоқтың қасы. Үкіметтің банкті қаржыландыруы – қаржыны бір қалтадан алып, екінші қалтаға салумен бірдей.
«Экономиканың дамуы нарық жолымен реттелуі тиіс. Кез келген жоба инвестор қаржысымен қаржыландырылуы тиіс. Біздегі жағдай басқаша. Ел ішінде «Қазақстанда ақша тауып, оны шетелдегі инвестжобаларға салған дұрыс» деген көзқарас бар. Ашық нарықта әділ бәсеке бар дегенге ешкім сенбейді. Көп көкейінде қорқыныш басым. Билік пен бизнестің аражігінде айқындылық жоқ. Мысалы, бір кездері мемлекеттік жоғары қызмет атқарған шенеуніктің тарихын қазбалап жіберсеңіз, қалтасында соқыр тиыны, басында үйі жоқ. Ал әйелінің немесе балаларының атында компаниялары, офшорда жасырған ақшасы бар болып шығады. Мемлекеттік қызметке орынтағы арқылы бизнесіне ықпал ету пиғылымен баратындар көп. Себебі билік арқылы бизнеске ықпал еткісі келетін көзқарас басым», дейді Е.Ибрагим.
Е.Ибрагим айтып өткендей, банктердің капиталы аз. Елде ІЖӨ тұрақты болған күннің өзінде ұзақ мерзімге несие бере алмай, қысқа уақыт, қымбат пайызбен ғана шектеледі. Сарапшының пайымдауынша, халықаралық тәжірибеде несиенің бұл түрін «алыпсатарлық несие» атайды. Біздің банк жүйесінен инвестициялық сипаты бар делінетін ұзақ мерзімді несие алу қиын. Себебі өндірістік жобаларды немесе сенімді шикізат көздерін ұзақ мерзімге қаржыландыруға мүмкіндігі жоқ. «Қазір қаржы салуға қолайлы тұстарды көбейту үшін нарықтың жаңа көзін дамытуға басымдық беру керек. Бұл экономиканы әртараптандырып қана қоймайды, ұлттық инвесторлар қатарын көбейтеді. Қолдағы қаржыны оңтайлы ұйымдастыратын тетіктер көбеймесе, ақша сыртқа кетіп, ішкі нарықта алыпсатарлық күшеюі мүмкін. Әлемде тек алыпсатарлықпен айналысатын трансұлттық компаниялар көбейіп кетті. Олар өз қаражатын зауыттар мен фабрикаларға салып, өндіріс пен кәсіпорындарды дамытуға жұмсамайтыны анық. Сәл босаңсысақ, біздің ішкі нарық та солардың жемсауында кетеді. Сондықтан ЕДБ-мен бірге ұлттық инвесторлардың қалыптасуына мүмкіндік берейік, оларға тең жағдай жасағанымыз жөн», дейді Е.Ибрагим.
Бизнесті дамытса, мемлекет те дамиды
Қазақстандық қаржыгер Мақсат Халық ЕДБ-нің бизнесті несиелендіруі төмендеп кеткенін жеткізді. Негізгі себеп – Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің қазіргі деңгейіне байланысты. Қазіргі көрсеткішпен бизнесті несиелендіру мүмкін емес. Ұлттық банк бұл тұста таргеттеу саясатының «қалғып кетпеуін» қадағалауы тиіс.
«Инфляция деңгейін 3-4 пайыздық дәлізде ұстау керек. Сол кезде ғана базалық мөлшерлемеге сай банк несиесінің пайызы төмендейді. Дәл қазір ЕДБ үшін бизнесті несиелендірудің тәуекелі жоғары. Қазіргі базалық мөлшерлеме деңгейі бизнес үшін емес, ЕДБ үшін қолайлы. Олар капитал қорын бизнеске емес, Ұлттық банктің бағалы қағаздар нотасына орналастырып қойған. Бұл бизнеске емес, Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктерге ғана тиімді», дейді М.Халық.
Сарапшының пікірінше, қаперде ұстауға тиіс екінші фактор – ЕДБ-ні немесе квазисектордағы кейбір қаржы институттарын бизнесті несиелендіретін оператор ретінде қарастыра беруді қою керек. Себебі банк ауыл бизнесін несиелендіруге ықыласты емес. Сарапшының пайымдауынша, ауыл үшін арнайы мамандандырылған банк мемлекет есебінен субсидияланатын шағын несие ұйымдарын ашып, олардың 10 пайыздық несие беруін жолға қою керек. Бұл екінші деңгейлі банктердің тәубесіне келуіне жол ашады. М.Халық айтып өткендей, ауылдағы ШОБ-тың күре тамырына қан жүгірту, ауылды көтеру, ауыл арқылы мемлекеттің әлеуетін көтеру дегенді білдіреді. «Қазір еліміздің біраз өңірінде аймақтық корпорациялардың кепілдігіне ауылға несие бөлу мүмкіндігі қолға алынды. Осы тәжірибені мемлекет деңгейінде қолдану керек. Себебі ауылдастардың қолындағы қолда бар кепілзат ЕДБ-нің талабына сай келмейді. Бізде бизнестің табиғатына мониторинг жасау ұмыт қалып барады. Бизнесті несиелендірген кезде оның капиталын ескеру де маңызды. Мысалы, айналымда капиталы бар, қажетті технологиямен жабдықталған бизнесті ірі компанияларға айналуына жағдай жасауға мемлекеттің өзі ден қою керек. Мемлекеттің субсидиясымен 10 пайыз несие беретін ҚДБ сияқты қаржы институттарының бетін ауылға, ауылдағы бизнеске бұру керек», дейді М.Халық.
Ал сарапшы Бейсенбек Зиябеков экономика олигополияның қыспағында тұншығып жатқанын, ендігі жерде шағын және орта бизнестің мүмкіндігін жеке-жеке талдау керектігін де ескертіп өтті. Енді ғана жұмысын бастаған шағын бизнестің орта бизнеске, орта бизнестің ірі бизнеске айналуға мүмкіндігі бар. Ел ішінде қарапайым заттар экономикасын қаржыландыруға шамасы жететін ұлттық инвесторлар орта бизнестің шекпенінен шыққан. Олардың экономика түзеуші ірі компанияларға айналуына мүмкіндік беретін кез жетті.
«Қазақстан даму банкі 7 млрд теңгеден асатын жобаны қаржыландырады. Ал сол 7 млрд теңгенің жобасын бастауға шағын бизнес өкілдерінің қолы жетпейді. Сондықтан ҚДБ жанынан құрылған сарапшылар тобы елдегі бизнес субьектілері жұмысына мониторинг жасап, олардың ірі компанияларға айналу мүмкіндігін зерделеп, барлық өлшемге сай келетіндерін ірі жобаларға қатыстыруға мүмкіндік беру керек. Бұл экономиканы емес, бизнестің де әлеуетін әртараптандырады», дейді Б.Зиябеков.
Бизнес дамыса, мемлекет те дамиды. Үкімет бұл мәселені түбірінен түсініп отыр. Бірақ кедергі көп. Шағын және орта бизнеске, қаржы нарығына байланысты саясатқа өзгерістер енгізіп, елдің менталитетін, жағдайын ескере отырып қабылданды деген бағдарламалар әзірге нәтиже берер емес. «Жол картасы», «Бизнестің жол картасы – 2020» сынды бағдарламалар индустрияландыруды жеделдетіп, бизнесті қаржыландыруға, шағын бизнес жобаларын өндіріске енгізуге қол жеткізеді деген үміт ақталмады.
Кезінде шетелден арзан пайызбен қарызға мол қаржы алып, оны оңды-солды үлестіріп жатқан кезде жағдайымыз шынымен жақсы болған шығар. Бірақ сол кезде де бизнестің несиеге жарымағанын білеміз. «Экономиканы әртараптандыру, шикізаттық экспорттарға тәуелділік деңгейін төмендету ШОБ-қа қосымша тыныс береді. Барлық мәселе Үкіметтің бизнеске қатысты ұстанымының айқындалығына байланысты болып тұр. Болмаса «бизнеске экономиканы дамытуға қаржы бөлінбеді» деп ешкімге өкпе арта алмаймыз. Біз қазір менеджерлер дағдарысын бастан кешіп жатырмыз. Басшылар тарапынан жауапкершілікті сезіну кемшін түсіп жатыр. Бізді діңкелетіп тұрған кедергі де осы», деп түйіндеді Б.Зиябеков.