• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Теннис 31 Қаңтар, 2022

Аннаның Аустралиядағы табысы

125 рет
көрсетілді

Күні кеше Мельбурнде «Үлкен дулыға» санатындағы жылдың алғашқы ең ірі жарысы өз мәресіне жетті. Аустралия ашық біріншілігінде Қазақстан құрамасының 9 спортшысы өнер көрсеткенімен, Анна Данилинадан басқасы ауыз толтырып айтарлықтай табысқа қол жеткізе алмады.

Жекелей сында жарыс жолына шыққан бірде-бір жерлесіміз биылғы Australian Open додасында жанкүйерлердің көңілінен шығатындай ойын көрсете алмады. Тек жұптық бәсекеде кортқа шыққан Анна Данилина ғана финалдық кезеңге дейін жетіп, Аустралияда мерейімізді асырды. Бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге жұп құрап ойнаған жерлесіміз өзінің спорттық карьерасында тұңғыш рет «Үлкен дулыға» турнирі­нің финалында өнер көрсету­ге мүмкіндік алды. Дегенмен шешуші сәтте бала кездерінен жұп құрап ойнап жүрген аса тәжірибелі чехиялықтар басым түсті.

Нақтылай айтсақ, Данили­на мен Майя финалда осы тур­нир­дің бірінші ракеткалары саналатын чехиялық Барбора Крейчикова және Катерина Синяковамен кездесіп, үш сет қорытындысы бойынша 2:1 есебімен жеңіліп қалды. Қазақстандық-бразилиялық жұп алғашқы партияны 7:6 есебі­мен өз пайдаларына жазды. Екін­­ші сетте чехиялықтар есе қай­тарып үлгерді – 6:4. Соңғы, шешуші сетте Барбора мен Катерина жеңісті жұлып алды – 6:4. Осылайша, қазақстандық теннисшілер арасында алғашқы болып Аустралия біріншілігі­нің финалына дейін жеткен А.Данилина бүгінгі әлемдік рейтингте жұптық сында үздік 25 теннисшінің қатарына кірді.

Қазақстандық-бразилиялық жұп биылғы маусымда алғаш рет бірге ойнап, бір айдың ішінде екі бірдей жарыстың финалында жүлдеге таласты. Қаңтар айының ортасында олар Сидней WTA 500 турнирінде үздік шыққан болатын. Сиднейде қазақстан­дық-бразилиялық жұп 4 матч­тың үшеуінде супер тай-брейк­те қарсыластарын тізе бүктір­ді. Ал Мельбурнде 5 кездесуінің төр­теуінде үшінші, шешуші сетте жеңісті жұлып алды. Бір айта кетерлігі, чехиялық теннисші­лер финалға дейін қарсыластары­на бірде-бір сет берген жоқ. Олар 2018 жылы Франция ашық чемпионаты мен Уимблдон жарысында да қарсылас шақ келтір­месе, былтыр Ролан Гар­рос пен Гвадалахарада WTA қорытынды турнирінің жеңім­паздары атанды. Сонымен қатар чехиялықтар былтырғы Токио Олимпиадасында да жеңіс тұ­ғырынан көрінді.