Мына бір фотоға қарайықшы. Бір қарағанда мұндағы қазақтың марғасқалары арқа-жарқа болып отырғандай көрінеді.
Фотоқұжат Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің қорынан алынды. Бұл фотоның мазмұнына «Председатель Совнаркома КазАССР т. Нурмаков с председателями губисполкомов на VI Всеказакстанском съезде Советов. г. Кзыл-Орда, 1927 год.» деп жазылып, карточканың 1950 жылдың 14 шілдесінде толтырылғаны көрсетілген. 23 жылдан кейін осы фотоның карточкасын толтырған архив қызметкері де, одан бергі қызметкерлер де Н.Нұрмақовтан басқа кісілерді тани қоймаған сияқты. Фотоны көрген кезде Н. Нұрмақов, Ж.Сәдуақасов, Ы.Көшкінов, Ә.Әлібеков және Ғ.Тоқтабаев сияқты қайраткерлерді бірден таныдық. Ал қалған 4 қайраткерді тануға бір аптадай уақыт жұмсап, үшеуін анық танысақ, біреуін тани алмадық.
Отырғандар (солдан): 1) Жанайдар Сәдуақасов, 2) Ыдырыс Көшкінов, 3) Нығмет Нұрмақов, 4) белгісіз, 5) Әлиасқар Әлібеков, 6) Ғабдол-Кәрім Дощанұлы (Досжанұлы) Тоқтабаев, 7) Мырзағұл Атаниязов. Тұрғандар (солдан): 1) Абдолла Асылбеков, 2) Кәрімбай (Қарынбай) Қошмамбетов.
1927 жылдың 28 наурызы мен 3 сәуірі аралығында Қызылорда қаласында ҚАКСР Кеңестерінің 6-шы бүкілқазақстандық съезі болып өтті. Съезге жер-жерден сайланып келген 314 делегат шешуші дауыспен, 18 делегат кеңесші дауыспен қатысты.
Съездің күн тәртібі төмендегідей болды:
Қазақстан үкіметінің есебі – баяндамашы Н.Нұрмақов; Фрунзе – Семей темір жолының құрылысы туралы ақпараттық баяндама – В.Шатов. Егістік және шабындық жерлердің тәртібі туралы – баяндамашы Ж.Сұлтанбеков. Революциялық заңдылық туралы – баяндамашы С.Мәмбеев. Қазақ денсаулық сақтау халкоматының баяндамасы – М.Шамов. Жалпыға бірдей халық санағы туралы ақпараттық баяндама – Д.Дейхман. Қазақстан астанасын ұйымдастыру туралы хабарлама – Н.Нұрмақов. ҚазОАК (Қазатком) құрамын сайлау.3 сәуірдегі съездің ең соңғы кешкі мәжілісінде 151 мүшеден және 52 мүшелікке кандидаттан тұратын Қазатком құрамы сайланды. Ал 4 сәуірде 6-сайланған Қазаткомның 1-сессиясы болып өтті. Күн тәртібінде ҚазОАК Төралқасын және ҚАКСР халкомдарын сайлау мәселесі болды. 21 адамнан тұратын Қазатком Төралқасы және 5 адам оған кандидат болып сайланды. Сонымен қатар 16 адамнан тұратын Қазхалкомкеңес құрамы, КСРО ОАК Ұлттар кеңесі мүшелігіне 5 кандидат пен 3 мүшелік кандидаттығына кандидат сайланды.
Н.Нұрмақов пен губатком, ократком төрағалары осы съезге жиналған кезде съездің алғашқы күндері немесе 2 сәуірге дейін осы фотоға түскен болса керек. Себебі, 2 сәуір күні өткен БКП(б) Қазөлкекомы бюросы мен 6-шы Бүкілқазақ Кеңестері съезі комфракциясының бірлескен мәжілісінде 4 сәуір күні болатын ауыс-түйістер түгел шешілген болатын.
Фотодағы тұлғалар кімдер еді? Енді соларға жеке-жеке тоқтала кетсек.
Сәдуақасов Жанайдар Сәдуақасұлы – 1926 жылдың 1 желтоқсанынан Сырдария губаткомының төрағасы еді. Съезден кейін де осы қызметінде қалды.
Көшкінов Ыдырыс – 1926 ж. 28 қарашасынан Ақтөбе губаткомының төрағасы (Ақтөбе қ.). Съезден кейін де осы қызметінде қалды.
Нығмет Нұрмақов – 1924 ж. 11 қарашасынан бастап ҚАКСР ХКК төрағасы. 6-сайланған Қазаткомның 1-сессиясында тағы да ҚАКСР ХКК төрағасы және ҚазОАК Президиумының мүшесі болып сайланды. 1929 жылдың 15 сәуіріне дейін Қазхалкомкеңес төрағасы болды.
Әлібеков Әлиасқар Меңдиярұлы – 1926 жылдың 27 қыркүйегінен Жетісу губаткомының төрағасы. Съезден кейін де осы қызметінде қалды.
Тоқтабаев Ғабдол-Кәрім Дощанұлы (Досжанұлы) – 1927 жылдың 4 сәуіріне дейін Семей губаткомының төрағасы. 1927 жылы 2 наурызда өткен Қазөлкекомның бюросында Ғ.Тоқтабаевты Қазөлкеком қарауына шақыру және оның орнына Мұхтар Саматовты ұсыну туралы шешім қабылданды. Шешім бойынша 2 сәуірде М.Саматов Семей губаткомының төрағасы қызметіне мақұлданып, Ғ.Тоқтабаев 4 сәуірде ҚАКСР Ағарту халкомы және ҚазОАК Төралқасының мүшесі болып сайланды.
Атаниязов Мырзағұл Атаниязұлы – 1927 жылдың 2 наурызынан Ақмола губаткомының төрағасы. Съезден кейін де осы қызметінде қалды.
Асылбеков Абдолла Әбдірахманұлы (Мүсәпірұлы) – 1926 жылдың 1 желтоқсанынан Қостанай округтік аткомының төрағасы (қызметіне 1927 жылдың 1 қаңтарынан бастап кірісті – С.Ш.). Съезден кейін осы қызметті 1927 жылдың 8 қазанына дейін атқарды.
Қошмамбетов Кәрімбай (Қарынбай) Қошмамбетұлы – 1926 жылдың 30 наурызынан (5 ақпанда ұсынылды) Орал губаткомының төрағасы. Съезден кейін де осы қызметінде қалды.
Фотодағы тақия киген кісіні алғашында Қарақалпақ облаткомының төрағасы Қасым Әуезов болар деп ойлаған едік. Бірақ ол кісі болмай шықты. Сонымен қатар Адай уревкомының төрағасы Қилыбаев Байбозға да мүлдем ұқсамайды. Бұл кісінің кім екенін анықтауды алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық.
Сәбит ШІЛДЕБАЙ,
Орталық мемлекеттік
архивінің директоры,
тарих ғылымдарының кандидаты