Аустралия ашық чемпионатының қорытындысы бойынша Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) және кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы (ATP) жаңартылған рейтингін жариялады.
«Үлкен дулыға» санатындағы жылдың ең алғашқы жарысынан кейін қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингтегі орындары аса қатты өзгере қойған жоқ. Тек Australian Open турнирінің жұптық бәсекесінде финалда өнер көрсеткен отандасымыз Анна Данилина рейтингте 28 саты жоғарылап, 25-орынға көтерілді. Жекелей сында Елена Рыбакина 12-ші, Юлия Путинцева 42-орындарын сақтап қалса, Зарина Диас 118-сатыға сырғыды. Әйелдер арасындағы турнир жеңімпазы аустралиялық Эшли Барти мен 1/8 финалда сүрінген Беларусь өкілі Арина Соболенко бірінші және екінші орындарын сақтап қалса, ширек финалға жеткен чехиялық спортшы Барбора Крейчикова үшінші орынға көтерілді.
Ерлер арасындағы рейтингте Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик екі саты жоғарылап, 35-орынға тұрақтады. Ал Михаил Кукушкин 16 орынға көтеріліп, 166-орынға жайғасты. Дмитрий Попко 180-орнында қалса, Тимофей Скатов 236-сатыға жайғасты. Ерлер бәсекесіндегі рейтингтің алғашқы үштігі өзгеріссіз қалды. Сербиялық саңлақ Новак Джокович көптен бері алғашқы орынды ешкімге бермей келеді. Australian Open додасының финалисі ресейлік Даниил Медведев – екінші, германиялық Александр Зверев үшінші орында тұр.