• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Футбол 02 Ақпан, 2022

Шамамыз ширек финалға жетті

147 рет
көрсетілді

Футзалдан Қазақстан құрамасының Нидерландта өтіп жатқан Еуропа чемпионатындағы сапары ширек финалмен аяқталды. Жер­лестеріміз жартылай финалға жолдама беретін матчта Украи­на футзалшыларымен кездесіп, 3:5 есебімен жеңіліп қалды.

Украинаны Қазақстанның осы біріншіліктегі ең мықты қарсыласы болды деп айта алмаймыз. Әрине, құрлық чемпионатында осал команда жоқ, бірақ жерлестеріміз дәл осы украиналықтардан жеңілуге тиіс емес еді. Матч алдында бірқатар аузы дуалы футзал маманы мен букмекерлік кеңселер болжам жасап, Қазақстанның жеңісіне сенімді болған-ды.

Өйткені Кака шәкірттері топ­тық кезеңде жақсы нәтиже көрсетіп, өз тобында бірінші орынмен ширек финалға жолдама алды. Жерлестеріміз алғашқы ойында Словениямен тең ойнаса (4:4), кейінгі екі матчта азулы деген Италия (4:1) мен Финляндия (6:2) құрамаларын тізе бүктірді.

Украинаның топтық кезеңдегі жолына үңілсек, Александр Ко­сенко баптайтын құрама А то­бының бірінші турында жарыс қожайындары Нидерланд құ­рамасынан 3:2 есебімен же­ңіліп, кейінгі матчта Сербияны 6:1 нәти­жесімен қапы қалдырды. Соң­ғы турда былтырғы әлем чемпионы – Португалиядан жеңілді – 1:0. Үш ойында небәрі 3 ұпай олжалаған украиналықтар тек доп айырмасының нәтижесінде ғана келесі кезеңге өтті.

Матчқа тоқталар болсақ, бі­рін­ші таймда қарсыластарына қарағанда Қазақстан құрамасы ашық әрі жанкүйерлерге ұнай­тындай ойын көрсетті. Дегенмен бірінші таймның аяқталуына бес минут қалғанда бас төреші біздің қақпаға пенальти белгіледі. Оны Петр Шотурма мінсіз орындап, құрамасын алға шығарды. Ри­кардо Кака шәкірттері бірінші таймда-ақ есепті теңестіруге тырысып, бірнеше рет алға ұмтыл­ғанымен шабуылды нәтижелі түйіндей алмады.

Үзілістен соң Қазақстан құра­масы тәуекелге барып, қақ­­­паны жиі бос қалдырды. Осы­ның салдарынан қарсылас­тар ең алдымен 25-минутта қа­рымта шабуыл­да есепті еселесе, 30-минутта үшінші голды бос тұрған қақпаға енгізді. Ойынның аяқталуына екі минут қалғанда Дуглас пен Ора­зов есепті 3:2-ге дейін қыс­қарт­­ты. Есеп айырмашылығы қыс­қарғаннан кейін жанкүйер­лер­дің де кеудесінде үміт оты маздады. Алайда ойыншы­лар­дың асығыстығынан бос тұр­ған қақпамызға тағы екі гол енді. Қорытынды есеп – 3:5. Осылайша, Қазақстан құ­рамасы үшінші Еуросын ширек финалда аяқтауға мәжбүр болды.

Өкініштісі, кешегі матчта алдыңғы ойындарда екінші «сары қағаздарын» алған Тай­нан мен Эдсонның жоқтығы қатты білінді. Сондай-ақ шабуылшы Азат Валиуллин жарақатымен, Шыңғыс Есен­аманов бір апта карантинде болып, жаттығу жаса­ма­­ғандықтан, дұрыс ойнай алмады.