Биылғы «Балалар жылында» балаларға жан-жақты жағдай жасау – басты назарда. Бұл ретте балаларды оңалту іс-шараларын одан сайын күшейте түсуге ерекше мән беріледі.
Осы жылды «Балалар жылы» деп белгілеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан үш жыл бұрынғы Жолдауында қамкөңіл балаларға айрықша көңіл бөлу қажет екенін алға тартып, оңалту орталықтарының санын арттыруды тапсырған еді. «Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан аса бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 млрд теңге бөлуді тапсырамын», делінген Президент Жолдауында.
Кейінгі жылдары Қазақстанда медициналық оңалту, соның ішінде балаларды оңалту белсенді түрде дамып келеді. Бүгінде елімізде 36 оңалту орталығы жұмыс істейді. Бұл қатарда «Балбұлақ» республикалық балаларды оңалту орталығы бар. Аталған орталық 1995 жылы жүйке жүйесі зақымданған, психоневрологиялық аурулары бар, негізінен БЦП диагнозы қойылған балалар үшін ашылды. Еліміздің барлық өңірінен балалар қабылдайтын орталық 75 төсектік орынға арналған.
«Балбұлақ» оңалту орталығында балаларға диагностика, зерттеу және емдеудің заманауи әдістерін қолдана отырып, мамандандырылған кешенді емдеу-сауықтыру, медициналық-диагностикалық, психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік-бейімдеу көмегі көрсетіледі. Жыл сайын орталықта психоневрологиялық аурулары бар 900-ге жуық бала емделеді. Оның 60%-дан астамы – БЦП диагнозы бар балалар.
Жыл сайын елімізде стационар жағдайында медициналық оңалту алған балалардың саны артып келеді. Мәселен, 2019 жылы 15 063 бала медициналық оңалту алса, 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде бұл көрсеткіш екі есеге артып, оңалтудан өткен балалардың саны 31 671-ді құрады. Бұл оң өзгеріс биыл одан сайын жақсара түседі деген үміт басым.
Сонымен қатар былтырдан бастап алғаш рет амбулаториялық оңалту енгізілді. 28 мыңнан аса бала емханалар деңгейінде 1,3 млрд теңге сомасына оңалту қызметтерін алды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізумен медициналық оңалтуды қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 10 есеге ұлғайды (2019 жылы – 6,7 млрд теңге). 2021 жылы оңалтуға бөлінген қаржы көлемі 61,9 млрд теңгені құрады. Оның ішінде балалар үшін қаржыландыру сомасы 27%-ға артып, 11,4 млрд теңгені құрады.
Балаларды медициналық оңалту қызметтерімен қамтуды ұлғайту және олардың қолжетімділігін арттыру жөніндегі жұмыс жалғаса береді.