• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Ақпан, 2022

Өтемақы төлеуде қандай мәселелер бар?

477 рет
көрсетілді

Өткен аптада Алматыда қаңтардағы оқиғалар кезінде шығынға батқан шағын және орта бизнес өкілдеріне алғашқы өтемақы төлеу басталғаны туралы хабарланған еді. Осы аралықта мегаполис әкімі де ауысты. Кеше қала әкімі Ерболат Досаев кәсіпкерлермен кездесіп, қаңтардағы оқиғалар салдарынан шығынға батқан бизнес өкілдеріне өтемақы төлеуді жеделдету мәселелерін талқылады.

Қазір өңірлік комиссия шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген шығынның сомасын анықтау жұмыстарын жал­ғас­тырып жатыр. Өткен жұ­мада алғашқы екі кәсіпкерге тәртіпсіздік кезінде келтірілген залал үшін өтемақы төленді. Кәсіпкер Александр Ткаченконың «Мобилка» сауда үйіндегі ұялы телефон сататын бутигі өзгелердікі сияқты түгі қалмай тоналып, қи­ратылған еді. Салдарынан 3,2 млн теңге шығынға ұшыраған А.Ткаченко барлық қажетті құ­жатты рәсімдегеннен кейін, оған толық көлемде қаражат аударылды. Екінші кәсіпкер Аркенжан Мирзабаев «Азия парк» және «Максима» сауда-ойын-сауық орта­лықтарында 2 бутикті жалға алып, балалар киімін сатып, табыс тауып келсе, тәртіпсіздік салдарынан оның бизнесіне 1,8 млн теңге залал келтірілді. Оған да өтемақы қаражаты аударылды.

Біз бұған дейін де Алматыда тәртіпсіздік пен тонау салдарынан 1 581 кәсіпкерлік субъектісі зардап шеккенін, шығын сомасы 45,6 млрд теңгені құрағанын хабарлаған едік. Бұған дейін де өңірлік комиссия шығынды өтеу тетіктерінде кінәрат барын анықтап, өз тарапынан нақты ұсыныстар енгізген болатын. Әкімдіктің ұсыныстары 2022 жылғы 1 ақпанда Ұлттық экономика министрлігімен жедел түрде келісіліп, үкіметтік комиссия деңгейінде мақұлданды. Енді шығынды өтеу ережесіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Негізгі оңалту шара­лары тауарлық-материалдық құндылықтарға келген мүліктік залалға қатысты. Енді 5 млн теңгеге дейінгі ең жоғары төлем сомасымен жеңілдетілген механизм бойын­ша бүлінген жылжымалы әрі жылжымайтын мүлікке, қалпына келтіруге келмейтін және жоғалған жабдықтарға да шығынды өтеу жолдары қарастырылып жатыр. Бұл өз кезегінде зардап шеккен бизнес субъектілерін кеңінен қам­туға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік бюджет қаража­тынан бөлек қорлардың жеке ақша­сынан да төлем жүргізу мә­се­лесі қарала бастады. Яғни өтем­ақы төлеу процесін жетілдіру жолын­дағы ізгі жұмыстар жалғаса береді.

Еске сала кетейік, қаланың бұ­рынғы басшысы қаңтарда зар­дап шеккен кәсіпкерлер ком­муналдық шығындарды төлеу 3 айға, ал қаладағы коммуналдық меншікті жалға алушыларды 6 айға жалға алу төлемінен босатуға шешім шығарған еді. Сонымен қатар «Алматы бизнес-2025» қалалық бағдарламасы бойынша айналымдағы қаражатын еселеп алу үшін кәсіпкерлерге кепіл ұсы­ну арқылы 10 млн теңгеге дейін жылдық 2 пайызбен 12 айға немесе «Алматы» АӨК ішінара кепілдігімен жеңілдетілген несие беріледі. «Алматы Финанс» ЖШС мен «МФО Алматы» ЖШС зардап шеккен кәсіпкерлерге негізгі қарызды өтеу мерзімін ұзартады, айыппұлдар мен өсімпұлдарды 180 күнге дейін шегереді.

Сондай-ақ Алматы қаласының әкімдігі қала тұрғындары көтер­ген мәселелер қатарындағы, Пре­зидент Қ.Тоқаевтың 2019 жыл­ғы 29 қазандағы тапсырмасына сәйкес қаладағы жер телім­дерінде құрылыс жүргізуге тыйы­м бар екенін мәлімдеді. Бірақ қол­даныстағы заңнама мен Мем­лекет басшысының тапсырмасын бұзған заңсыз әрекеттер анықталып отыр. Осыған байланысты қала әкімі Е.Досаев бар­лық мән-жай анықталғанға дейін белгілі нысандарда (19 учаске), оның ішінде Самал-3 шағын ауданы мен Достық, 125 учаскелері орналасқан аумақта жүріп жатқан жұмыстарды тоқтату туралы шешім қабылдады. Қала билігі БАҚ өкілдеріне жоғарыдағы тізім бойынша қазіргі уақытта мән-жайды анықтау жұмыстары жүріп жатқанын және алдағы күндері мәселеге толығырақ түсініктеме берілетінін хабарлады.

 

АЛМАТЫ