Қазақстанның бірінші, әлемнің 35-ракеткасы Александр Бублик Францияның Монпелье қаласында өтіп жатқан ATP 250 турнирін сәтті бастады.
Осы жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик алғашқы кездесуін әлемдік рейтингте 62-орында тұрған Нидерланд өкілі Таллон Грикспурмен өткізді. Аса тартысты өткен бәсекенің тағдыры екі сеттегі тай-брейкте шешілді. Шешуші сәтте мықтылық танытқан қазақстандық теннисші 7:6 (7:4), 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта А.Бублик 20 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдалана алды. А.Бублик екінші айналымда әлемнің 96-ракеткасы, германиялық Петер Гоевчик немесе рейтингте 113-сатыдағы франциялық Пьер-Юг Эрбердің бірімен күш сынасады.
Бір айта кетерлігі, осы турнирдің іріктеу сайыстарының финалында қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин дәл осы Эрберге есе жіберіп, негізгі додаға қосыла алмай қалған болатын.