• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Ақпан, 2022

Атырау-Доссор автожолы 2025 жылдан бастап салынады

483 рет
көрсетілді

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде еліміздің батыс өңіріндегі автожолдарды салуға қатысты өткізілген қоғамдық талқылау барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сағындық Лұқпановтың сұрағына жауап берген министр Қайырбек Өскенбаев Қарабатанға дейінгі учаскені қамтитын ұзындығы 86 шақырымдық Атырау-Доссор жолына түсетін жүктеме расында тым көп екенін, тиісінше кеңейтуді талап ететініне тоқталды.  

«Бұл жол учаскесі 2009 жылы III техникалық санат өлшемдеріне сай қайта салынды. Ол кезде Атырау мен бүкіл өңір үшін жолдың маңыздылығы ескерілмеген. Учаскедегі қозғалыс қарқыны ұлғайғанын ескере отырып және «Қуатты өңірлер: ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес 2023 жылы І техникалық санатқа ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу көзделген. 2025 жылдан бастап қайта құруды бастауды тапсырдым», деді министр.

Сондай-ақ ол аталған учаскені іске асыру ҚР Үкіметі бекіткен Атырау облысын дамытудың кешенді жоспарында қамтылғанын атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР ИИДМ ел үшін маңызды мәселелерді ашық қоғамдық талқылауды бастады. Бүгін министрлік еліміздің батыс өңіріндегі автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау тақырыбы бойынша алғаш рет кездесу өткізді. Іс-шараға министр Қайырбек Өскенбаев, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеттерінің, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басшылары, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, журналистер, блогерлер және қоғам қайраткерлері қатысты. Сондай-ақ өңір тұрғындары Zoom платформасы бойынша талқылауға қосылды.