• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 04 Ақпан, 2022

Ақ Олимпиаданың алауы жағылады

341 рет
көрсетілді

Бейжің Олимпиадасының жарыстары екі күн бұрын бас­талып кетсе де, төрт жылдық доданың ресми ашылу салтанаты мен жарыстың алауы санаулы сағаттардан кейін тұтанады. Олимпиада дейтін абыройлы жарыста өнер көрсету құрметіне ие болған әлемнің ең үздік деген спортшылары 20 ақпанға дейін ақ қар, көк мұз үстіндегі жарыс көрігін қыздырады. Ал саңлақтар сынға түсетін сайыстар Қытайдың Бейжің, Янцин және Чжанцзякоу қалаларында өтеді.

Екі Олимпиаданы өткізген тұңғыш қала болады

XXIV Қысқы Олимпия ойындарының өткізілу тарихына көз жүгіртсек, бірқатар қызықты дерекке тап боламыз. Мәселен, бұл Олимпиада биыл Бейжіңде емес, Қазақстанның көрікті қаласының бірі – Алматыда ұйымдастырылуы мүм­кін еді. Өйткені 2013 жылдың тамыз айы­ның ортасында Алматы Олимпиаданы өткізуге бірін­ші болып ресми өтінім берді. Алайда шешуші дауыс беру сәтінде Бейжің Алма­тыны бар болғаны 4 дауыс (44:40) артық­шылығымен жеңіп, соңғы сәтте Қысқы Олим­пиаданы өткізу құқығын жеңіп алды. Ал ең қызығы, Қытай астанасы әлем­де Қысқы және Жазғы Олимпия ойын­дарын қабыл­даған ең алғашқы қала ретін­де тарихқа енді. Осыдан 14 жыл бұ­рын Бейжің Жаз­ғы Олимпия ойындарын өткізу құрметіне де ие болғаны белгілі.

Биылғы Олимпиада бәсекелері жаңа­дан бой көтерген спорт ғимараттарынан бөлек, 2008 жылғы Жазғы ойындарды қабылдаған спорттық нысандарда да өткізіледі. Мәселен, Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаты «Құс ұясы» ретінде танылған Бейжіңнің ұлттық стадионында өтеді. 2008 жылғы Жазғы ойындардың салтанатты іс-шаралары да дәл осы кешенде өткені мәлім.

Суретші Линь Цуньчжэнь жасаған 2022 жылғы Олимпиаданың эмблемасы Қытайдың дәстүрлі және заманауи мәдениетінің элементтерін біріктіріп, Қытайдың қысқы спорт түрлеріне деген сүйіспеншілігін көрсеткен.

Логотип қытайлық «қыс» иероглифіне негізделген. Эмблеманың жоғары бөлігі конькимен жүгірушінің бейнесіне, төменгі бөлігінде шаңғышының силуэтіне ұқсайды. Ұшатын таспаның мотиві Қытайдың тау жоталарын, спорттық нысандарды, шаңғы тебуді және мұз айдындарын білдіреді. Эмблемада Олим­пия ойындары Қытайдың жаңа жылымен сәйкес келетіні де көрсетілген.

Көк түс арманды, болашақты, сондай-ақ мұз бен қардың тазалығын білдіреді. Қызыл және сары Қытай туының түстері екенін анық аңғарамыз. Олар ұмтылысты, жастықты және өмірлік энергияны мең­зейді.

«Ортақ болашақ үшін бірге»

Қысқы Олимпиада және Паралим­пиаданың ресми ұраны – Together for a Shared Future («Ортақ болашақ үшін бірге»). Жарысты ұйымдастырушылар Бей­жің-2022 додасы миллиондаған қы­тай­дың қысқы спорт түрлеріне деген қы­зығушылығын арттыратынынан үмітті. 

Ұран жаһандық проблемаларды же­ңуде бүкіл адамзат үшін ортақ болашағы бар ойындар мен қоғамдастықтың күшін бейнелейді. Бұл сөздер бүкіл әлемде жар­қын болашақ үшін, әсіресе коронави­рус пандемиясынан туындаған қиындық­тарды ескере отырып, бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін көрсетеді.

Ұранды таңдау процесі 2020 жыл­дың мамыр-қыркүйек айларына дейін созылды. Осы уақыт ішінде Бей­жің-2022 ұйымдастыру комитеті Қытай уни­вер­ситеттерінен келіп түскен 79 ұсынысты жинап, әртүрлі саладағы сарапшылар жоғарыдағы ұранды бекітті.

Жеті жарыс пен гендерлік теңдік

Олимпиада бағдарламасына енген жаңа жарыс түрлерін айтқанда, гендерлік теңдікті де атап өту қажет. 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасының бағдарламасына жеті жаңа жарыс түрі қосылды. Атап айтар болсақ, шорт-тректен аралас эстафета, шаңғы акробати­касынан, шаңғымен тұғырдан секіру­ден және сноуборд-кросстан аралас ко­мандалық турнир, фристайлдан ерлер мен әйелдер арасындағы биг-эйр, сондай-ақ монобобтан әйелдер арасын­дағы бәсекеден жүлделер таратылады. Қосымша жарыс түрлері арқылы Қысқы ойындар тарихында алғаш рет гендерлік тепе-теңдік сақталмақшы. 2018 жылғы Ойынмен салыстырғанда, әйелдер саны 45 пайыздан асады.

Атлеттердің өміріндегі ең есте қалар­лық сәттердің бірі – марапаттау рәсімі екені белгілі. Бейжің Олимпиадасын ұйымдастырушылар бұл сәттің де керемет өтуіне бар жағдайды жасап отыр. Қаңтар айының басында марапаттау рәсімінің атрибуттары таныстырылды. Таныстырылым аясында көпшілікке гүлдер, тұғыр мен марапаттаушылардың киім­дері көрсетілді. Айта кетелік, Олим­пиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері гүлден бөлек арнайы тапсырыспен да­йындалған ойынның бойтұмарын да сыйға алады.

Қос қола алтынға айнала ма?

Бұған дейін Қазақстан қатысқан Қыс­қы Олимпия ойындарының ішіндегі ең табыстысы 1994 жылғы Олимпиада бол­ғаны даусыз. Сол жылы жерлестеріміз үш медальмен командалық есепте 12-орынға ие болған еді. Осы бір додадан кейін спортшыларымызға Қысқы Олимпиаданың алтыны арманға айналды. Шаңғышы Владимир Смирновтың 1994 жылы алған екі күмісі мен бір алтыны әзірге ең үздік көрсеткіш болып тұр. Төрт жылдан кейінгі Наганодағы (1998) додада Қазақстан 2 қола алды. Шаңғышы Владимир Смирнов пен конькиші Людмила Прокашева үздік үштіктен көр­інді. Өкінішке қарай, 2002 және 2006 жылғы Олимпиадаларда қоржынымыз бос қайтты. Ал 2010 жылы Ванкуверде биат­лоншы Елена Хрусталева жекелей жарыста күміс медаль еншіледі. Төрт жылдан кейін Сочиде (2014) Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан алғашқы қоланы сыйласа, 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасында Юлия Галышева да могулдан қола жүлдегер атанды. Осылайша, Қазақстан өз тарихында жеті Қысқы Олимпиадаға қатысып, сегіз (1 алтын, 3 күміс және 4 қола) медаль жеңіп алды. Ендігі кезекте XXIV Қысқы Олимпиадада 87 жолдамаға ие болған 34 спортшыға үміт артамыз. 1994 жылдан бері 18 жыл бойы алтын медаль жеңбеген олимпиадашыларымыз осы жолы сол олқылықтың орнын толтырса дейміз.

Кімдер жүлдеге қол жеткізуі мүмкін?

Бейжіңде өтетін Олимпия ойындарына болжам жасайтын мамандардың пікіріне сүйенсек, Қазақстан құра­ма­сының спортшылары Бейжіңде бір күміс, не бір қола медаль еншілеуі мүм­кін. АҚШ елінің сарапшы мамандары фристайл-могул спортынан отандастарымызға бір қола медаль бұйырады десе, Gracenote Nielsen Company агенттігі еліміздің атынан сынға түсетін спортшылардың бірі күміске қол жеткізеді деп болжам жасайды. Ал үздік үштікті Норвегия, Ресей, Германия құрамалары өзара бөліседі дейді мамандар.