Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы тек қоғам келбетін ғана өзгертіп қойған жоқ, сонымен қатар адам жанына да иір де қиыр, шұбалаң да бұралаң соқпақты жолдар салып кеткенін жасыра алмас едік. Оған және жарқын мысалды алыстан ат арытып іздеп керек емес. Тәуелсіздіктің тура отыз жылында ат жалын тартып мінген жас буын бар, ескі мен жаңаның тізгінін тең ұстаған топ болса болмаса, бәрі де сонау елең-алаң шақты есіней отырып есіне әлбетте бір алады. Себебі қоғамдық формациялардағы өзгерістер экономикалық әл-ауқаттан бөлек, рухани құндылықтарға да өз әсерін тигізбей қоймады.
Алып империя, қаһарынан бодан түгілі, босаудағы жұрттың өзі қаймығатын қатты қамыт, тар тұсау Кеңес өкіметі келмеске кеткен жыл, он бес одақтас елдің санасындағы қанды қабырға құлағанын қазақ ауылдары бірден білген жоқ.
Адам деген қызық қой, жалпы. Сол Кеңес өкіметінің құлауын біздің үлкендер сұмдық трагедия санады. Тіпті тоталитарлық жүйеге әбден көндіккен, бар өмірін коммунизмнің бұлдыр елесімен байланыстырған ол буынды бір жағынан түсінуге де болады. Идеяға сену, илану, ертеңге үміт көзімен қарау әр санаға тән. Енді ойлаңыз, сіздің сол асқақ армандарыңыз, болашаққа бағытталған бүкіл мұраттарыңыз, жарқын болып келе жатқан жаңа өмір белестеріңіз бір-ақ сәтте опырылып құлап түседі. Әрине, қазір айту оңай. Ал сол уақыт биігінен қараған адамға бұл үлкен дағдарыс еді.
Айталық, жазушы қаламы бұл өзгерістерді қалай қабылдады? Ақын жаны алдағы азаттық таңын қалай қарсы алды? Бәрі өз кезеңімен, уақыт ырғағымен баяу қозғала береді дегенімізбен, өмір өз мүмкіндіктерін, өз үстемдіктерін жасамай қоймайды.
Әлбетте, социалистік жүйенің тек атын естіген буын үшін бұл айтып отырғанымыз түкке тұрғысыз әңгіме болуы да ғажап емес. Алайда осы уақыт тартуын Мұқаш қаламы, иә жазушы Мирас Мұқаш мәтіндері басқаша қабылдады. Дұрысы ауыр қабылдады. Жо-жоқ, сіз ойлағандай емес, жазушы Мирас өз кейіпкерлерінің келеңсіз тағдырлары арқылы Кеңес өкіметін көксеген жоқ. Ол тіпті Кеңес өкіметі туралы жазған да жоқ. Әңгіме аты айтып тұрғандай «Меруерт», жас, балғын балалық шақтағы бір аяулы сәттер, соңы өзекті өртер өкінішпен жалғасқан талайсыз тағдырлар жолы туралы баян. Кеңес өкіметі деп кері бұрылып отырған қайта өзіміз.
* * *
Меруерт Кеңес өкіметі құлардан бір жыл бұрын ұшты-күйлі жоғалып кетті. Меруертке бала жүрегімен ынтық жас кейіпкердің әжесі мынаны айтып отырды: «Әке-шешесінің Меруертті іздемеген жері қалмаған. Ұрлаған адам жас қызды көптен бақылап, қызығып жүрген секілді. Әлдекімдердің болжауынша, оны асырап алу мақсатында әкеткен. Ғұмыр бойы бір перзентке ғана зар өте дәулетті неме баланы алып, шетел асып кетуі де ғажап емес деп сәуегейлік жасайды әлдекімдер. Бейшара қайтсін, өзі аса жаман да адам емес сияқты дегендер де табылды».
Алайда бас кейіпкер – кішкене ұл жүрегі бұл сұмдықты өте ауыр қабылдайды. Тіпті «Меруерт жоғалғаннан бастап-ақ біздің ата-мекеннен де береке қашқан. Бағалы кен өндіретін шахта-фабрика жабылған соң тұрғындар көршілес қалаларға жаппай көше бастады. Сөйтіп айналасы төрт-бес жылдың ішінде атағы дүрілдеген үлкен кеніштің оннан тоғызы жермен-жексен болды. Қазір әлгі екі араға кезек жүгіріп, біз ойнап жүретін үйлердің іргетасы да жоқ. Елге үш-төрт жыл аралатып оралған сайын алдымен баяғыда Меруерт екеуміз гүл теретін қырға шығамын. Сенсеңіз, сол алқапта гүл де өспейді бүгінде. Жел азынап, құлазиды да жатады», деп зарығады. Кішкене бала жүрегі қан қасап, алып империя – Кеңес өкіметінің құлағанында шаруасы қанша, заманда дүрілдеп тұрған Ақшатаудың алып ғимараттарының қаңырап бос қалғанында жұмысы қанша? Жас жүрек үшін бұл тоқыраудың бәрі Меруерттің жоғалуымен байланысты көрінеді де тұрады.
Осы әңгімеден еске түседі, біз де ол кезде баламыз, ағамыз совхоз директоры болып дүрілдеп тұрған кезде бір оқиға орын алды. Директор ағамыздың шопыры аңшы жігіт, бір күні бастығының босағасына таудай арланды әкеп тастай салды. Арлан болғанда да Арқаның нағыз көкжал бөрісі. Сойып, терісін ағамыздың төріне ілгенде, құйрығы жерге салбырап жатты...
Алайда сол жылы күзде ағамыздың үйіне дос-сыйлас қонағы келіп, әлгі арланға құда түссін... Қайдан білеміз, қадалған жерден қан алып сұрады ма, жоқ әлде ағамыздың қолы ашық мырзалығы ма, арлан келесі күні сол қонақтың көлігінде кетіп бара жатты. Ырымшыл халықпыз ғой, арлан терісі жай кетпей ағамыздың ырыс-құтын да қозғап кетті. Өкімет құлап, шаруашылық шатқаяқтады.
Біз баламыз, ол кезде саясатта шаруамыз қанша, совхоздың тарап, ортақ мүліктің талан-таражға түскенін, ағамыздың ауқаты азайғанын сол арланның кетуінен көрдік. Ағамызға айта алмаймыз, арланды бермеуі керек еді деп күңкілдесеміз. Бала болсақ та... Ақшатаудың айран-асыр болуын да Мұқаш кейіпкері сүйкімді Меруерттің жоғалуына жориды.
Бұл әңгіме қаламгер шығармашылығының ішіндегі оқырман жүрегінде жатталып қалған жастық жырындай аяулы туынды дер едік. Әңгіме жарық көрген жылдары барлығымыз сүйсіне оқып, жапа-тармағай талқылап кеткен болатынбыз. Бізді ынтықтырған не көңіл екенін де сезетін сияқтымыз. Біз де бір-бір Меруертімізді жоғалтқанымызды білеміз. Сонау алыс қиырларда, шалғай мекендерде, көңіл түкпірінің төрінде қалған алғаусыз балалық бал шақты сағынамыз, соны таппаймыз. Меруертпен бірге жоғалған жап-жас махаббатты іздейміз. Ғашық жүректі жоғалтқанымызды ойлап өткенге үңілеміз. Меруерттің ешқашан қайтып келмейтінін түсінген сайын жаныңа жайғасқан мұңды жолықтырасың. Меруерт – естелік елесіндей қызыл гүлдерге толы биік қыраттан қол бұлғайтындай. Енді қайтып келмес уақыт көлігіне соңғы рет мініп бара жатқан бала ғашық көзіндегі Меруерт моншақтар өзекке төгіледі. Меруерт – аңсар жыры сияқты бүкіл адамзаттың қолы жетпес, аяғы бармас мекенге аттанған жылы Кеңес өкіметі құлаған шығар, мәселе онда емес. Біз барлығымыз бір-бір Меруерттерге қарыздармыз. Бізді есейткен, бізді өмірге ынтық еткен, бізді үлкен сапарларға шығарған Меруерт-үміттер.
* * *
Ғаламторды аралап отырып мына бір мәліметтерге ұшырасқанымыз. «Баия» меруерті әлемдегі ең ірі тас екен. Бұл қымбат тас әлемдегі ең үлкен меруерт болып саналады. Салмағы шамамен 381 келі болатын асыл тас Бразилияның Баия штатында табылыпты. Алайда қымбат жақұт 2008 жылдың қыркүйек айында Калифорния штатының Саут-эль-Монте қаласында ұрланғаны жайлы хабар тарайды. Сол уақытта тастың құны 400 миллион долларға бағаланғанымен, оның шын құнын әлі күнге дейін беймәлім дейді. Тіпті бір уақыттарда аталған меруертті аукционда 75 миллион долларға дейін саудаланғаны жазылыпты.
Мәселе бағада ма деп ойлайсың. Кейде заттың құнына қарап өмірді өлшеуге бола ма деп те кіжінесің. Оған сенен біреу бірдеме сұрап ақылдаса ма?
Мына ақпаратты оқып тағы ойға шомдық. Кішкентай сұлу ханшайымның аты да Меруерт екен-ау... Меруерт деген өзі жоғалу үшін, ұрлану үшін жаратылған жақұт емес пе? Меруерт үшін жер бетінен небір халықтар жойылып жатқанын кәрі уақыт жазып келеді.
Мирас Мұқаштың «Меруертін» оқыған кез келген оқырман өз Меруертін іздей бастайды. Ішін мұздай суық өкініш тіліп өткендей күйге кіреді.
«Ата-баба қонысына бармағаныммен, жұмыс барысымен жан-жаққа жиі шығамын. Қай қалаға, қай аймаққа барсам да, көп ішінен көзімнен бұл-бұл ұшқан бір бейнені іздеймін де жүремін. Жымиғанда бетінде сәл ғана шұңқыр пайда бола қалатын нәркес көзді қыздарды кезіктірсем, Меруерт емес пе екен деп елеңдеймін..
Шіркін, Меруерт! Қайда жүр екенсің сен?! Жанымның бір бөлшегі… Жүрегімнің жақұты...» дейді автор.
Ол тағы да үлкен сапарға жиналды. Тағы да таныс һәм бейтаныс жанарға үңілді. Сұлу жымиған миықтан тағы да бала Меруертке ынтызар балғын махаббаттың отын сезді.
Алыстаған. Жоғалған.
Меруерт пе екен?...