Обыр белгісі анықталған науқастардың күрт көбеюі әлем дәрігерлерін алаңдатып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша бүгінде ғаламшарда қатерлік ісік ауруына шалдыққан 20 млн-нан астам науқас бар. Ал осы дерттің алғашқы белгісі жыл сайын 300 мың адамның бойынан анықталады.
Елімізде де жыл сайын 36 мың адамның қатерлі ісік ауруына шалдығатыны туралы дерек бар. Яғни қысқа мерзімде осынша науқас онкологтердің есебіне тіркеуге тұруға мәжбүр болады. Ал арнайы диспансерлік есепте тұратын жандардың саны – 190 мыңға жуық. Өкінішке қарай, жыл сайын 14 мың адам осы дерттен қайтыс болады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша ел ішінде онкологиялық сырқаттың сүт безі обыры, өкпе обыры, асқазан обыры, жатыр мойны обыры және колоректальды қатерлі ісік сияқты түрлері көбейген. Медицинада әлдеқашан «әлеуметтік маңызды ауру» атауына ие болған қатерлі ісікті анықтау мен емдеуге мемлекет те ерекше көңіл бөлуде. Мысалы, елімізде жатыр мойны обырын, сүт безі обырын және колоректалды обырды ерте анықтауға арналған ұлттық скринингтік бағдарлама жұмыс істейді. Ал онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. Алайда қатерлі ісікке шалдыққандардың дертінен толыққанды айығып кетуі мен өмір сүру ұзақтығына қатысты сұраққа дамыған медицинаның өзі нақты жауап бере алмай келеді.
Өкінішке қарай, Алматы облысында да обырға шалдыққандардың қатары азаймай отыр. Өткен жылы өңірде 16 мыңға жуық адамнан қатерлі ісік белгілері табылған. Аймақ онкологтері бұл дәйектердің арғы жылмен салыстырғанда 23 пайызға өскенін айтады. Алаңдатарлығы, қауіпті дерт жастар мен әйелдер арасында жайылып келеді. Мысалы, тексеруден өткен балалы әйелдердің 12 пайызында сүт безі рагының белгісі болса, осынша шамадағы жастардың 8,6 пайзында асқазан обыры, ал тағы бір бөлігінде өкпенің қатерлі ісігі жиі кездескен.
– Өкінішке қарай, обырмен күресте қайғылы оқиға жиілеп тұр. 2021 жылы аймақта 1 206 науқас қайтыс болды. Оның ішінде 643 ер-азамат және 563 әйелдің өмірін сақтау мүмкін болмады. Бұдан медицина қол қусырып отыр деген қорытынды жасалмауы керек, әрине. Дертті ерте анықтау мен ем-дом шарасын дер кезінде бастаудың нәтижесі бар. Облыс онкологтерінің ерекше еңбегінің арқасында былтыр өлім-жітім көрсеткіші бұрнағы кезеңге қарағанда 6,5 пайызға азайды, – дейді Талдықорған қаласындағы көпсалалы клиника директорының орынбасары Гүлайым Оразбекова.
Дәрігерлер дертті дер кезінде анықтау үшін скринингтен жиі өтіп, жыл сайын кемі бір рет тексерілудің қажет екенін айтады. Ел бойынша обырға қарсы тексеруден өту тегін жүргізіледі және оған барлық емханада мүмкіндік бар. Мұндай жағдайда қатерлі ісік ауруымен күресу ісі толық жеңіспен аяқталмаса да, үміт сәулесін жағады.
– Қатерлі ісікпен күресу барысында медицина үшін науқастың бастапқы кезеңде келгені өте маңызды. Науқас әрі қарай ем алса, қажетті шараны үзбесе, құлан таза айығып кетуіне кепілдік бар. Ал адам бойында ауру белгілерінің бар-жоғын тек медициналық тексеру кезінде ғана анықтай аламыз. Бұл үшін тұрғындардың өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, мүмкіндігінше жиі тексеруден өткені дұрыс. Бұл жердегі жеңіс тек медицинаның қолында емес, науқастардың өмір сүруге құштарлығы мен аурудың алдын алуға деген жауапкершлігіне де байланысты, – дейді Алматыдағы аймақтық онкология диспансерінің директоры Саяхат Олжаев.
Алматы облысы