• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Бокс 07 Ақпан, 2022

Қос белдік те өзімізде

282 рет
көрсетілді

Орта салмақтағы қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (16-0, 8 КО) пен 2019 жылғы әуесқой бокстан әлем чемпионы, бүгінде кәсіпқой бокс шаршы алаңында өнер көрсетіп жүрген жартылай ауыр салмақтағы Бекзат Нұрдәулетов (4-0, 1 КО) кезекті жекпе-жектерін өткізіп, әлемдік деңгейдегі ең ірі екі ұйымның белдіктерін жеңіп алды.

Жергілікті Adal Promotions компа­ниясының ұйымдастыруымен өткен Ақтаудағы дүбірлі додада жоғарыда атап өткен боксшылардан бөлек, бірқатар жерлесіміз өздерінің рейтингтік кездесулерін өткізді. Бокс кешінің шы­мылдығын қазақстандық боксшылар Жолдас Жеңісов (2-0, 1 КО) пен Айдос Тастаев (1-2, 1 КО) ашты. 4 раундтың қорытындысы бойынша Ж.Жеңісов ұпай санымен жеңіске жетті. Екінші жекпе-жекте шаршы алаңға көтерілген қазақстандық Мұрат Қыдырәлі (0-1) өзбекстандық дебютант Богдан Өте­ген­овтен ұпай саны бойынша жеңіліп қалды. Төрт раундқа жоспарланған айқаста төрешілер жеңісті бірауыздан Өтегеновке берді. Үшінші кездесуде екі қазақстандық боксшы Илья Медяник (2-0-1, 0 КО) пен Арман Нұрасылов (2-0, 1 КО) шаршы алаңда қолғап түйістірді. Екінші орта салмақтағы кездесуде төре­шілер тең есеп тіркеді – 58-56, 56-58, 57-57.

Сонымен қатар жуырда ғана елорда төрінде Тәуелсіздік күніне орай ұйым­дастырылған бокс кешінде өнер көрсетіп, жеңіске жеткен орта салмақ­тағы Сапарбай Айдаров (7-0, 2 КО) бұл жолы да өз жанкүйерлерін қуантты. Алты раундқа жоспарланған бәсекеде ол ресейлік Давид Николаевтан (9-9-1, 5 КО) төрешілердің шешімімен басым түсті.

Ал араға бірнеше жыл салып ринг­те бой көрсеткен қазақстандық Бекман Сойлыбаев (14-1, 4 КО) та көрер­мендерді жарқын жеңісімен қуантты. Мексикалық Элиот Чавеспен (10-4-1, 6 КО) кездескен ол сегізінші раундта қарсыласын нокаутқа түсіріп, бокс кеші­не жиналғандарға тамаша көңіл күй сыйлады. Бұл – осы кештегі жалғыз нокаутпен аяқталған кездесу болды.

Рейтингтік кездесулер өз мәресіне жеткен соң, кезек негізгі жекпе-жектерге келді. Әуесқойлар арасындағы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов кәсіпқой рингтегі төртінші кездесуін 23 жастағы Нидерланд өкілі Чико Куасимен өткізді. Қарсыласы бүгінге дейін шаршы алаңда алты жекпе-жек өткізіп, соның бесеуінде жеңіске жеткен. Бір кездесуі тең есеппен аяқталған тәжірибелі боксшы еді. 10 раундтық форматта WBO Youth белдігі сарапқа салынған тартысты айқаста Б.Нұрдәулетов техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, карьерасындағы алғашқы белдігіне қол жеткізді.

Ал осы кештің басты жекпе-жегінде жерлесіміз Мейірім Нұрсұлтанов (16-0, 8 КО) пен ресейлік Андрей Сироткинмен (19-1-1, 7 КО) орта салмақта бос тұрған WBO International белдігі үшін жұды­рықтасты. 36 жастағы ресейлік Андрей Сироткин бұған дейін 21 мәрте шаршы алаңға көтеріліп, 19 рет жеңіске жеткен. Жеті бәсекеде айқын басымдық танытты. Бір рет ұтылып, тағы бір кездесуде тең есеп тіркелді. Осыдан төрт жыл бұрын ол әлемнің экс-чемпионы Рикардо Майорганы ұтқан болатын. 10 раундқа жос­парланған кездесу айқастың бел ортасында мерзімінен бұрын мәресіне жетті. Отандасымыздың бесінші раунд­тағы ауыр соққыларынан кейін Сироткин жекпе-жекті жалғастырудан бас тартып, жеңілгенін мойындады. Осылайша, Мейірім Нұрсұлтанов WBO International белдігінің иегері атанды.

Бұл отандасымыздың кәсіпқой бокстағы 16-шы жеңісі. 2016 жылдан бері кәсіпқой рингте жұдырықтасып келе жатқан Мейірім осы уақыт аралығында 15 мәрте шаршы алаңға көтеріліп, бар­лығында жеңіске жетті. Сегіз бәсекені мерзімінен бұрын аяқтаған еді.