«Қасіретті қаңтар» оқиғасы талай кемшіліктің бетін ашып, мемлекет бағдарын жаңа арнаға бұрған бетбұрыс жасауға түрткі болды. Қоғам көңіліне үміт ұялап отыр. Болған жайдан сабақ алып, болашаққа байыпты қадам жасау үшін Президент алға ұстаған «Жаңа Қазақстан» идеясының мәні зор. Осы тұста қаңтар трагедиясының ақ-қарасын анықтап, әр іске әділ баға беру тұтас қоғамды елеңдетіп отырған мәселе. Осыған қатысты белгілі саясаттанушы Дос Көшімге бірер сұрақ қойған едік.
– Қаңтар оқиғасынан бері айға жуық уақыт өтті. Қоғам үнін аңдасақ, әлі де жауаптан гөрі сауал басым. Осыған қатысты сіздің пікіріңіз қандай?
– Әрине, тергеу-тексеру жұмыстарының ұзақ мерзімге созылуы қалыпты құбылыс. Алайда осы уақыттың ішінде оқиғаның алғашқы қорытындысы шығуға тиіс еді. Қоғам осыны күтіп отыр. Әзірге тек қана болжамдар, хабарландырулар мен ақпараттар легі басым. Нақты қандай жағдайлар болды, кім қалай жұмыс істеді, қандай кемшіліктерге жол берілді, осының бәрі жеке-жеке жіктелуі тиіс. Нақты пайым айтылмағаннан кейін түрлі пікірлер, қаңқу сөздер мен болжамдар белең алады. Мәселен өркениетті елдерде елді елең еткізер оқиғалар орын алғанда, қандай да бір қоғамдық мәселелер туындағанда, олардың заңы бойынша екі сағаттан кейін мәлімдеме жасалады. Күштік, құқықтық құрылымдардың басшылары әр күн сайын белгілі мерзімде брифингтер өткізіп, тілшілер сауалына жауап береді. Мұның маңызы зор. Бізде Президент жиі мәлімдеме жасап тұрды. Ал салаға тікелей қатысты ведомство басшылары 3-4 күн өткеннен кейін ғана төбе көрсете бастады. Мемлекет басшысының жағдайға қатысты шұғыл шешімдерін қолдадық. Бұл тұста алдымызда екі жол ғана тұрды. Не Президентті қолдау, не бүлікшілердің сөзін сөйлеу. Бейбіт шеруден бастау алған бейберекетсіздік тәуелсіздікке, мемлекет тағдырына қауіп төндірді. Алдымызда жағдайды тұрақтандырудан басқа жол жоқ еді.
– Бейбіт шерудің де өзіндік нормалары этикасы болуы керек емес пе?
– Тоқсаныншы жылдан бері талай бейбіт шерулердің басы-қасында болдық. Бірақ дәл мынадай жағдай орын алған емес. Халықты шеруге шақырғанда сол халықты ұстап тұра алатындай күшің болуы керек. Мұндай мүмкіндігің болмаса оның салдары қиын болатынын да ой елегінен өткізген абзал. «Шерудің соңы неге ұласып кетеді?» деген сауал үнемі ойда тұруы қажет. Шеруді алғаш ұйымдастырып, Жаңаөзенді қолдаймыз деген азаматтар мен топтар өздері соны ұстай білуі керек еді. Себебі көпшілік жиналған жерде міндетті түрде арандатушылар болады, сол секілді эмоциясы басым адамдар кездеседі. Тоқсаныншы жылдардың өзінде мұндай жағдайларға куә болдық. Ол тұста шеруге шыққанда еркіндіктің есігі ашылып, бәріміз сөйлеуге, азаматтық үнімізді білдіруге белсенділік танытатынбыз. Сол уақыттарда әр шеруді жүйелі түрде жоспарлап, тәртіп мәселесін жіті қадағалайтынбыз. Ал ондай жағдайға қауқарың болмаса онымен айналыспаған дұрыс. Соңғы жылдары Арменияда осындай бейбіт шерулер болды. Ештеңе бүлініп қираған жоқ. Шерушілер жинал деген уақытта алаңнан табылып, талаптарын қойған соң мәдениетті түрде тарқап отырды. Өзің айтып өткендей, шеруде, жиында өзіңді ұстай білу үлкен мәдениет. Бұл мәдениетті меңгеру үшін оған мүмкіндік ашу керек. Демократиялық мемлекет құрамыз дегеннен кейін бұл мәселеден айналып өте алмаймыз. Себебі бұл – уақыттың, өмірдің талабы. Осындай жағдаймен бетпе-бет келгенде абдырамас үшін тың бетбұрыстарға, нақты қадамдарға барғанымыз абзал. Бейбіт жиындар туралы қабылданған заңды әлі де кемеліне жеткізген жөн. Уақытында қоғам белсенділері тарапынан бұған қатысты түрлі сыни пікірлер айтылғанымен, реакция болған жоқ. Өз кезегінде бұл да күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі.
– Әскери, құқықтық құрылымдардың, ҰҚК жұмысын күшейтіп һәм қайта жандандыру керек деп жатырмыз. Тәртіпті күшейту қоғам тыныштығына кепіл бола ала ма?
– Бұл – алдымызға қойған көп бағыттың бірі ғана. Дегенмен біз осыны дұрыс түсінбейтін сияқтымыз. Өркениетті елдерде полиция жиынға шыққан адамдарды қорғайды. Біздің полиция керісінше жиынға шыққан адамдардан басқаларды қорғаймыз дейді. Өкінішке қарай, біздің органдар шеруге шыққан адамдарды жау есебінде көреді. Бұл кеңестік кезден қалып қойған психология. Одан арылмай алға баса алмасымыз анық. Бұл тұрғыдағы сауатымызды һәм көзқарасымызды дұрыс жолға қоймасақ полиция мен халық бір-біріне өшіге береді. Кеңестің кезінен санамызға сең болып қатқан көзқарастарды өзгертпей, осындай нәзік мәселелерді сауатты деңгейге көтермей қоғам тыныштығына кепіл болу қиын. Құқықтық құрылымдарды қарумен қамту, санын көбейту, оқытудан бұрын мамандардың ішкі психологиясын өзгерту керек. Өкінішке қарай, бізде осы менталитет өзгермей тұр. Және бұл мәселенің екі тарапқа да қатысы бар.
– Тергеуге қатысты сын пікірлер жиі айтылып жатыр. Айталық, ондаған полицейдің үстінен азаптау фактісі бойынша іс қозғалды. Президенттің өзі тергеуде азаматтардың мәселесі әділ таразылансын деп мәлімдеме жасаған еді.
– Мұның да бір ұшы жаңа ғана айтып өткен ескі менталитет мәселесіне келіп тіреледі. Мейлі ол кім болсын, адам құқықтары тең. Осыны әлі түсіне қойған жоқпыз. Құқық қылмыскерге де, бейбіт адамға да бірдей берілген. Бұл тұста құқық қорғау органдарының жаманатты болып отырған бір себебі осыны тереңнен пайымдай алмаудан деп есептеймін. Кінәлі болса да ол адамға шұғыл медициналық көмек керек пе, жасалуы тиіс. Бізде керісінше аурухана төсегінен жұлып алып, тепкілеп тергеуге алып кетіп жатыр. Неге өйттіңдер десең, «өй, бұл қылмыскер ғой» деген уәж айтады. Осы жерден тағы да психологиялық ақау байқалады. Бұл ең алдымен азаматтардың құқын шектеу әрі кәсіби сауатсыздық. Әлбетте әркім жасаған қылмысының дәрежесіне сай заң алдында жауап беруі қажет. Дегенмен бұл басқа әңгіме. Адам тағдыры сынға түскен жерде көңіл күйдің жетегіне еріп кетуге болмайды. Өркениетті қоғамда осы мәселелер ең бірінші орында тұрады. Бұл жерде заңға да, арға да сүйену керек. Тергеудегілердің бәрі де адам әрі олардың құқықтары да бірдей деген мәселе мойындалуы шарт. Әсілінде, бұл бәрі білетін қарапайым дүние секілді көрінгенімен, тағы да сол кәсіби таным мәселесінің кемшіндігімен бетпе-бет келіп отырмыз.
– Осы оқиғадан қандай сабақ алуымыз керек?
– Меніңше бұдан алатын сабағымыз жалғыз. Алдымызда екі мәселе тұрғанын білуіміз керек. Не әрі қарай да осылай кете береміз, халықтың ыза-кегі туындаған сәтте теріс пиғылды топтардың, радикалдардың соны пайдаланып кетуінен қашып құтыла алмай тағы айқай-ұйқайға қаламыз. Ақырында оның бәрін күш жұмсап тоқтатамыз немесе Президент айтқан Жаңа Қазақстанды құру идеясына топтасамыз. Саясаткер ретінде айтар болсам, Жаңа Қазақстанның жарқын жетістікке жетуі үшін жаңа, білімді, адал кадрларға иек артқанымыз абзал. Жаңа Қазақстанды, ескі кадрлармен құра алмаймыз. Жемқорлық, жалтақтық секілді жаман әдеттерді түп-тамырымен жоймай көшіміз түзелмейді. Бұл айтқаным барлық салаға қатысты.
Ойда жоқ ойраннан қаншама бейбіт азаматтар қаза тапты. Осының бәрі жіті зерттеліп, әр істің ақ-қарасы анықталса деген тілек тұтас қоғамның үні. Егер осылардың бәрі дұрыс тексерілсе билік үшін де, Қазақстан қоғамы үшін де бұл үлкен сабақ болады. Дегенмен мұндай қайғылы, мұншалықты трагедиялы сабақтың бізге қажеті жоқ еді.
– Әңгімеңізге рахмет.
АЛМАТЫ