• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Ғылым 08 Ақпан, 2022

Үздік ғалымдар марапатталды

457 рет
көрсетілді

Елімізде алғаш рет ғылым саласының сақалары сараланды. Былтырдан бастап қолға алынған республикалық «Үздік ғылыми қызметкер-2021» байқауы енді жыл сайын зерттеушілерді ынталандыру, олардың еңбегін бағалау мақсатында өткізілмек. Аталған ғылым бәйгесінің жақында шыққан қорытындысы бо­йынша 50 ғалым 6 млн теңге көлемінде сыйақы алды.

«Үздік ғылыми қызмет­кер-2021» байқауында еліміздің 6 ғы­лыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орындарының 50 ға­лымы жеңімпаз атанды. Үз­дік­тер қаржылай сыйақыға қоса кеудеге төсбелгілер тағы­нып, сертификаттарды иеленді. Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында сөз алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағам­бетов: «Биылдан бастап отандық ғылым саласы дамуының жаңа кезеңі басталды. 3 мыңға жуық ғалым жобасына грант ұтқан-ұтпағанына қарамастан тұрақ­ты түрде жалақы алады. Тұ­рақ­ты қаржыландыру зерт­теу­лерді кедер­гісіз жүргізуге мүм­кіндік бе­реді. Сондай-ақ грант­тық және мақсатты қаржы­ландыру меха­низмін өзгерттік. Соңғы жыл­дары ғылым саласын қаржы­­лан­дыру екі есе өсті. Прези­дент­тің тапсырмасы аясында осы жа­ңашылдықтарды бекіткен заң қабылданды. Біз үшін барлық процедураның ашықтығын қам­та­масыз ету маңызды», деді.

Министр өз сөзінде ғылыми қауымдастыққа ғылымның да­муына қосқан үлесі үшін ал­ғыс білдірді және Мемлекет бас­шысының қолдауымен ғы­лым саласында заңнамалар жетіл­діріліп, қаржыландыру екі есе өскенін айтты.

«Жас ғалымдарға жан-жақ­ты қолдау көрсетіліп, ұлт­тық ғылыми-зерттеу институт­тары­ның материалды-техникалық базасы жаңартылып келеді. Сондай-ақ ғалымдар жетекші ғылыми орталықтарда тәжірибеден өтуге жіберіледі, ғылым саласындағы бюрократияны тоқтату бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», деді А.Аймағамбетов.

Министрліктің мәлімдеуінше, байқауға тапсырылған өтінімдер арнайы құрылған ақпараттық платформада қабылданған. Құ­жат­тарды тексеру комиссия­сы­ның құрамына сарапшы­лар, ғалымдар, Ғылым академия­сы­ның өкілдері, Жас ғалымдар ке­ңесі және Жас ғалымдар альян­сының, сондай-ақ ғылыми ұйым­дардың мүшелері енді.