• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Футбол 08 Ақпан, 2022

Португалия – чемпион!

251 рет
көрсетілді

Нидерландтың Амстердам және Гро­нинген қалаларында өткен фут­залдан Еуропа чемпионаты өз мәресіне жетті. 19 қаңтар мен 6 ақпан аралығында ұйымдас­ты­рылған биылғы доп додасының бас жүлдесін былтырғы әлем чемпио­ны Португалия мен Ресей құрамалары сарапқа салды. Ал жартылай финалда жарыс жолынан шығып қалған Испания мен Украина футзалшылары үшінші орынға талас жүргізді.

Жартылай финал

Турнирдің бірінші жартылай финалында Ресей мен Украина құрамалары кездесті. Аса тартысты өткен бәсекеде солтүстіктегі көршілеріміз 3:2 есебімен жеңіске жетіп, финалға бірінші болып жолдама алды. Матчтың алғашқы бөлігінде ресейліктер 2:1 есебімен алға шықты. Екінші таймда Артем Ниязов Ресейдің үшінші голын соққанымен, арада 4 минут өткенде Да­ниил Абакшин есепті 3:2-ге дейін қысқартты. Ойын­ның соңғы минутында төре­ші Ресей құрамасының қақ­пасына пенальти белгілеп, украи­налықтарға есепті те­ңес­­тіруге зор мүмкіндік пай­да болған еді. Алайда Петр Шо­турма айып добын сәт­сіз орындап, командасын жеңі­ліс­тен құтқарып қала алмады.

Екінші жартылай финал­да Пиреней түбегінің екі өкілі – Испания мен Пор­ту­­га­­лия футзалшылары шебер­­лік байқасты. Бұл матч Пор­­тугалияның тамаша кам­­­бэгімен аяқталды. Кезде­судің бірінші 20 минутын­да испаниялықтар 2:0 есебімен алға шықса да, екінші таймда Португалия құрамасы Испа­ния қақпасына жауап­сыз үш гол салып, қарсы­лас­та­рынан жеңісті жұлып алды. Қо­рытынды есеп – 3:2. Оқыр­мандардың есінде болса, Испания мен Португалия былтырғы әлем чемпиона­тының ширек финалында да бір-бірімен кездесіп, ол матч­та да португалиялықтардың мерейі үстем болған еді.

Үшінші орын

Еуропа чемпионатының қола жүлдесі үшін өткен матч­та Испания мен Украина кез­десті. Матч алдында футзал мамандары Испанияны фа­ворит санаған. Алайда Ук­раина футзалшылары қара­жаяу емес екендіктерін көр­сетіп, алғашқы таймда жеті дүркін Еуропа чемпиондарына лайықты қарсылық көр­сетті. Кездесудің 11-минутында испаниялықтар есеп ашса, 17-минутта украи­налықтар таразы басын теңес­тіріп кетті. Арада бір минут өткенде Испания қайтадан есепте басымдыққа ие болды. Таблодағы 2:1 есебі екінші таймның бел ортасына дейін сақталып тұрғанымен, 31 және 32 минуттарда Пиреней түбегінің өкілдері Украина қақ­пасына жауапсыз екі гол соғып, Кәрі құрлық бірін­шілігінің қола жүлдесін жеңіп алды. Қорытынды есеп – 4:1.

Бұл – Испанияның Еуропа чемпионаты тарихындағы үшінші қола жүлдесі. Олар бұған дейін 2003 және 2014 жылдары үшінші орынға табан тіреген. Ал 1998 және 2018 жылдары екі рет финалда сү­рінген. Ал Украина футзалшылары өз тарихында екі рет (2001 және 2003 жылдары) финалға шығып, 2005 жылы төртінші орын алған. Міне, биыл олар екінші рет үздік төрттіктің қатарынан көрінді.

Финал

2022 жылғы Құрлық дода­сының финалында Ресей құра­масымен шеберлік байқасқан Португалия футзалшылары төрт жыл бұрынғы атақтарын сақтап, екі дүркін Еуропа чемпионы атанды. Бір қызығы, португалиялықтар финалда да қарсыластарынан 0:2 есебімен жеңіліп жатып, камбэк жасады. Кездесудің бірін­ші кезеңінде ресейлік Антон Соколов (9-минут) пен Андрей Афанасьев (12-минут) мергендігімен көзге түссе, 18-минутта Томаш Паку есеп айырмасын қысқартты. Екін­ші кезеңде Португалия сапынан Андре Коэлью 26 және 31-минуттарда дубльдің авторы атанса, Пани Варела 39-минутта ойынның нүкте­сін қойды. Осылайша, Пор­ту­галия құрамасы камбэк жасап, Ре­сейден 4:2 есебімен басым түсті.

Португалия құрамасы 1996 жылы тұсауы кесілген Еуропа чемпионатының финалында осымен үшінші рет бақ сынады. 2010 жылғы жарыстың финалында Испаниядан жеңілсе, 2018 жылы Словенияда өткен чемпионатта дәл осы Испа­нияға есе қайтарып, тұңғыш рет Еуропа чемпионы атанған болатын. Ресей құрамасы болса, алтыншы мәрте финал­да жеңілді. Олар тек 1999 жы­лы ғана Қарт құрлық бірін­ші­лігінде топ жарған еді. Соны­мен қатар ресейліктер үш мәрте қола жүлдені жеңіп алған.

Үшінші Еуропа чемпионатына қатысқан Қазақстан құрамасы ширек финалда жарыс жолынан шығып қалса да, жерлестеріміз жекелей нәтижеде үздік шықты. Мәселен, Біржан Оразов биыл­ғы чемпионаттың үздік сұр­мергені атанса, Дуглас нәти­желі пас беруде бірінші болды. Оразов биылғы біріншілікте небәрі 4 матч өткізсе де, 7 гол соғып, әріптестеріне 2 мәр­те нәтижелі пас берді. Топ­тық кезеңде Словения қақ­пасына 1 гол, Финляндияға 2 гол, Италияға 2 гол және 1\4 кезеңде Украина құрамасына 2 гол салды. Ал екі пастың біреуін топтық кезеңде Фин­ляндиямен болған ойында Арнольд Кнаубқа, екіншісін Украинамен болған ойында Дугласқа шығарды. Ал Дуглас 4 ойында 5 голдың соғылуына жағдай жасады.

Мергендер тізімінде ре­сейлік Антошкин, Чишкала, Соколов сынды футзалшылар 5 голдан салып, екінші орынға жайғасты. Оразов Еуроға алғаш рет қатысқан 2018 жылы топтық кезеңде Польша қақпасына соғылған бір голмен шектелген еді. 2016 жыл Сербияда өткен Еу­рода қазақстандық Серік Жаман­құлов, Рикардинью (Пор­тугалия) және Алекс, Марио Ривильос, Мигулин (бәрі де – Испания) сынды ойын­шылармен бірдей 6 гол салып, бірінші орында болды. Ал 2018 жылы Словенияда болған біріншілікте Рикар­динью үздік атанған еді. Ол 5 ойында 7 гол салған болатын.