Нидерландтың Амстердам және Гронинген қалаларында өткен футзалдан Еуропа чемпионаты өз мәресіне жетті. 19 қаңтар мен 6 ақпан аралығында ұйымдастырылған биылғы доп додасының бас жүлдесін былтырғы әлем чемпионы Португалия мен Ресей құрамалары сарапқа салды. Ал жартылай финалда жарыс жолынан шығып қалған Испания мен Украина футзалшылары үшінші орынға талас жүргізді.
Жартылай финал
Турнирдің бірінші жартылай финалында Ресей мен Украина құрамалары кездесті. Аса тартысты өткен бәсекеде солтүстіктегі көршілеріміз 3:2 есебімен жеңіске жетіп, финалға бірінші болып жолдама алды. Матчтың алғашқы бөлігінде ресейліктер 2:1 есебімен алға шықты. Екінші таймда Артем Ниязов Ресейдің үшінші голын соққанымен, арада 4 минут өткенде Даниил Абакшин есепті 3:2-ге дейін қысқартты. Ойынның соңғы минутында төреші Ресей құрамасының қақпасына пенальти белгілеп, украиналықтарға есепті теңестіруге зор мүмкіндік пайда болған еді. Алайда Петр Шотурма айып добын сәтсіз орындап, командасын жеңілістен құтқарып қала алмады.
Екінші жартылай финалда Пиреней түбегінің екі өкілі – Испания мен Португалия футзалшылары шеберлік байқасты. Бұл матч Португалияның тамаша камбэгімен аяқталды. Кездесудің бірінші 20 минутында испаниялықтар 2:0 есебімен алға шықса да, екінші таймда Португалия құрамасы Испания қақпасына жауапсыз үш гол салып, қарсыластарынан жеңісті жұлып алды. Қорытынды есеп – 3:2. Оқырмандардың есінде болса, Испания мен Португалия былтырғы әлем чемпионатының ширек финалында да бір-бірімен кездесіп, ол матчта да португалиялықтардың мерейі үстем болған еді.
Үшінші орын
Еуропа чемпионатының қола жүлдесі үшін өткен матчта Испания мен Украина кездесті. Матч алдында футзал мамандары Испанияны фаворит санаған. Алайда Украина футзалшылары қаражаяу емес екендіктерін көрсетіп, алғашқы таймда жеті дүркін Еуропа чемпиондарына лайықты қарсылық көрсетті. Кездесудің 11-минутында испаниялықтар есеп ашса, 17-минутта украиналықтар таразы басын теңестіріп кетті. Арада бір минут өткенде Испания қайтадан есепте басымдыққа ие болды. Таблодағы 2:1 есебі екінші таймның бел ортасына дейін сақталып тұрғанымен, 31 және 32 минуттарда Пиреней түбегінің өкілдері Украина қақпасына жауапсыз екі гол соғып, Кәрі құрлық біріншілігінің қола жүлдесін жеңіп алды. Қорытынды есеп – 4:1.
Бұл – Испанияның Еуропа чемпионаты тарихындағы үшінші қола жүлдесі. Олар бұған дейін 2003 және 2014 жылдары үшінші орынға табан тіреген. Ал 1998 және 2018 жылдары екі рет финалда сүрінген. Ал Украина футзалшылары өз тарихында екі рет (2001 және 2003 жылдары) финалға шығып, 2005 жылы төртінші орын алған. Міне, биыл олар екінші рет үздік төрттіктің қатарынан көрінді.
Финал
2022 жылғы Құрлық додасының финалында Ресей құрамасымен шеберлік байқасқан Португалия футзалшылары төрт жыл бұрынғы атақтарын сақтап, екі дүркін Еуропа чемпионы атанды. Бір қызығы, португалиялықтар финалда да қарсыластарынан 0:2 есебімен жеңіліп жатып, камбэк жасады. Кездесудің бірінші кезеңінде ресейлік Антон Соколов (9-минут) пен Андрей Афанасьев (12-минут) мергендігімен көзге түссе, 18-минутта Томаш Паку есеп айырмасын қысқартты. Екінші кезеңде Португалия сапынан Андре Коэлью 26 және 31-минуттарда дубльдің авторы атанса, Пани Варела 39-минутта ойынның нүктесін қойды. Осылайша, Португалия құрамасы камбэк жасап, Ресейден 4:2 есебімен басым түсті.
Португалия құрамасы 1996 жылы тұсауы кесілген Еуропа чемпионатының финалында осымен үшінші рет бақ сынады. 2010 жылғы жарыстың финалында Испаниядан жеңілсе, 2018 жылы Словенияда өткен чемпионатта дәл осы Испанияға есе қайтарып, тұңғыш рет Еуропа чемпионы атанған болатын. Ресей құрамасы болса, алтыншы мәрте финалда жеңілді. Олар тек 1999 жылы ғана Қарт құрлық біріншілігінде топ жарған еді. Сонымен қатар ресейліктер үш мәрте қола жүлдені жеңіп алған.
Үшінші Еуропа чемпионатына қатысқан Қазақстан құрамасы ширек финалда жарыс жолынан шығып қалса да, жерлестеріміз жекелей нәтижеде үздік шықты. Мәселен, Біржан Оразов биылғы чемпионаттың үздік сұрмергені атанса, Дуглас нәтижелі пас беруде бірінші болды. Оразов биылғы біріншілікте небәрі 4 матч өткізсе де, 7 гол соғып, әріптестеріне 2 мәрте нәтижелі пас берді. Топтық кезеңде Словения қақпасына 1 гол, Финляндияға 2 гол, Италияға 2 гол және 1\4 кезеңде Украина құрамасына 2 гол салды. Ал екі пастың біреуін топтық кезеңде Финляндиямен болған ойында Арнольд Кнаубқа, екіншісін Украинамен болған ойында Дугласқа шығарды. Ал Дуглас 4 ойында 5 голдың соғылуына жағдай жасады.
Мергендер тізімінде ресейлік Антошкин, Чишкала, Соколов сынды футзалшылар 5 голдан салып, екінші орынға жайғасты. Оразов Еуроға алғаш рет қатысқан 2018 жылы топтық кезеңде Польша қақпасына соғылған бір голмен шектелген еді. 2016 жыл Сербияда өткен Еурода қазақстандық Серік Жаманқұлов, Рикардинью (Португалия) және Алекс, Марио Ривильос, Мигулин (бәрі де – Испания) сынды ойыншылармен бірдей 6 гол салып, бірінші орында болды. Ал 2018 жылы Словенияда болған біріншілікте Рикардинью үздік атанған еді. Ол 5 ойында 7 гол салған болатын.