• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2014

Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ!

670 рет
көрсетілді

Ұлыстың үлы күні – Наурыз мерекесі барша Қазақстан халқы үшін ортақ мереке. Осының айғағындай, Наурызды бүгінде елімізді мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстар кең көлемде атап өтіп жатыр. Наурыз – Бүкілхалықтық мейрам ғана емес, Отанымыздағы түрлі этностардың мәдениеті мен рухани құндылықтарын жақындастыратын бейбітшілік пен татулықтың мерекесі. Сондықтан бұл мейрамның еліміз халқы үшін орны ерекше. Төменде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпында да елеулі орын алатын Наурыз мерекесі туралы топтама ұсынылып отыр.

ОРТАҚ МЕЙРАМ

 ҰРПАҚТЫ ҰЙЫМШЫЛДЫҚҚА ҰЙЫТАДЫ Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Ұлыстың ұлы күні саналған Наурыз – түркі жұртының мерейлі мерекесі. Мұсылмандықты бекем ұстанған қазақ халқы бұл күнді ерекше дайындықпен өткізеді. Ақсақалды қариялар, ақ самайлы әже-апалар ақ дастарқан жайып, қонақ күтіп, бата береді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деген тілек-дұғалар айтылатын Наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі. Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер –  рақымдылық жолын ұстанады. Асылында, мұсылмандар үшін біреуге ренжуге де, өзгені ренжітуге де болмайды. Өйткені, Алла тағала қасиетті Құранда «Кешірім жолын ұстан» деп бұйырған. Осынау ізгілік мерекесі Наурыз да адамдарды кешірімділікке, татулыққа үндейді. Наурызды халқымыз діни деп емес, ата-бабамыздан жалғасын тауып келе жатқан ұлттық мереке, салт-дәстүріміздің жалғасы деп тойлайды. Имандылықпен ұштасқан, ұлт жадынан ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарды жандандыруға дін өкілдері де атсалысуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Халқымыздың «көрімдік, ерулік, сүйінші, сыбаға, базарлық, жылу, асар» сынды асыл мұралары қазақтың дарқан мінез, кеңпейіл, қонақжай, бауырмалдығының бұлтартпас дәлелі. Дәстүріне бекем ұрпақ рухани құндылықтарға құрметпен қарайтын болады. Міне, ұлттық мерекеміз әз Наурыз ұрпақты ұйымшылдыққа ұйытады, үлкен-кішіні сыйлай білуге тәрбиелейді. Алла тағала ырыздық-несібемізді молайтып, бірлік-берекемізді арттырғай. Наурыз мерекесі құтты болсын! Ақ мол болсын! Жаратушы Иеміз ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген, дініміз бен діліміздің жанашыры болған Елбасына, халық қамын ойлаған азаматтарға, жалпы халқымызға күш-қуат, ынтымақ нәсіп еткей! Раббымыз мемлекетіміздің тәуелсіздігін мәңгілік етіп, дініміз бен дәстүріміздің, еліміздің еңсесін биіктетсін! Иманды да ибалы ұрпақ сабақтастығы жалғасын тауып, ұлы мұраттарға ұмтылған халқы­мыз­дың тілегі қабыл, мұраты асыл болғай! Әумин! Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.   БҰЛ – ТАҢҒАЖАЙЫП КӨКТЕМ ТОЙЫ Наурыз – ежелгі дәстүр бойынша Жаңа жылдың басталуы ғана емес, бұл, сонымен бірге, таңғажайып көктем мерекесі, табиғаттың қайта түлеп, қайта жаңғыруы. Осы бір көктемнің жып-жылы шапағатымен жайнап тұрған сәтте сіздер де зор қуаныштарға бөленгейсіздер. Жаныңыз күн нұрындай жарқырап, ал көңіліңіз мейірімділік пен махаббат сезімдеріне тола берсін! Айта кетейін, тәуелсіздік жылдарында біздің тәуелсіз еліміз – Қазақстан басқа мемлекеттер ғасырлап жете алмаған жетістіктерге қол жет­кізді. Мұның бәрі, әрине, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасы. Сол саясаттың арқасында елімізде барлық ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде, әрбір ұлттың өз дәстүрлері сақталып, оның дамуына барлық жағдай жасалған. Мен киелі Маңғыстау жерінде, ақшаңқан қала Ақтауда туып, осын­да өстім. Сондықтан, өлкем­нің әрбір қиыры мен үшін ыстық. Өзім Қазақстандай беделді мемлекетте тұрып жатқанымды мақтан тұтамын. Қазақ халқына деген құр­метімді білдіру үшін қазақ тілін кішкентай кезімнен үйреніп алдым. Орыс мектепті бітіріп, оқу орнында орыс тобына түсіп, қазақ достарыммен мемлекеттік тілде сөйлесіп жүрдім, әртүрлі сайыстарда мем­лекеттік тілді білу бойынша қатысып, жүл­делі орындарды жеңіп алдым. Қазір менің дос­тарым­ның арасында түрлі ұлт өкілдері бар. Біз бәріміз ешқашан ұлтқа бөлінбейміз, себебі, біз бәріміз тәуелсіз Қазақстанның азаматтарымыз. Біз осы елде, осы жерде туып-өстік, демек, өз еліміздің гүлденуі үшін аянбай еңбек ететін боламыз. Келешектегі мақсат-мұратымыз, арман-ойымыз ортақ, сондықтан, Наурыз секілді ұлы мейрам да баршаға ортақ. Бұл күнді біз қуана қарсы аламыз, қазақ достарымызбен бірге атап өтеміз. Менің ойымша, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену біздің алға қойған мақсатымыздың алғашқы сатысы ғана. Біз жастармыз, алдымызда талай думанды жылдар, жарқын болашақ күтіп тұр деп сенеміз. Қазақстанды мекендеуші, бір шаңырақ астындағы барша халық жыл сайын Наурыз мейрамын амандықпен қарсы алайық. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсақ жол болсын деген тілегімді республикалық «Егемен Қазақстан» газеті арқылы отандастарыма жеткізгім келеді. Грета ХАЧАТУРЯН, «Ехпайрутюн» армян этномәдени бірлестігінің мүшесі. Маңғыстау облысы.   ТАТУЛЫҚТЫҢ ЖҰМАҚ МЕКЕНІ Күн мен түн теңеліп, жер-әлем өзгеше қалыпқа еніп, тірші­ліктің қайта түлер кезімен тұспа-тұс келетін Наурыз мерекесі бүгінде жалпыхалықтық сипат­қа ие болды. Ұлыстың ұлы кү­нін Қазақстандағы ұлт пен ұлыстың барлығы өздерінің төл мерекесіндей тойлайды. Жыл сайын қала орталығына жиналып, ұлтына, тіліне, дініне қарамай, бір үйдің баласындай, бес саусақтың саласындай тұтастықпен мерекені атап өтіп жатқан халық сөзіміздің дәлелі болса керек. Қазақ хал­қы айтатын «жуан жіңішкеріп, жіңішке үзі­лер» алдында келетін көктем мерекесіне қазақстандықтардың құрметі мен қуанышы ерекше екенін айтқым келеді. Наурыз  – береке мен бір­ліктің мерекесі. Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сараб­дал саясатының арқасын­да Қазақ­стан бірліктің, татулық­тың, толеранттылықтың жұмақ меке­ніне айналып отыр. Кең- байтақ елімізді мекендеген бар­лық ұлт өкілдерінің арасында зор түсіністік қалыптасқан. Олар Қазақстанды өзінің туған Отаны санайды. Сондықтан мем­лекетіміздің өсіп-өркен­деуіне, тұрақ­ты­лық­тың сақ­талуы­на барынша мүдделі және сол жолда аянбай еңбек етіп келеді. Біздің елде ешбір этностың құқы шектелмейді, салт-дәстүрі, тілі мен дінінің сақталып, дамуына оңтайлы жағдай жасалған. Бұл – бірліктің арқасы. Ал бірлік бар жерге берекенің келері анық. Қазақстанның әлемдік қоғамдастық алдында зор беделге ие болып, жыл өткен сайын экономикасы дамып, әлеуметтік жағдайы артып, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып жатқаны берекелі өміріміздің нақты көрсеткіші. Көреген Елбасымыз бар. Біртұтас халқымыз бар. Сондықтан Қазақстанның болашағы баянды боларына нық сенемін. Ұлттың ғана емес, ұлыстың ортақ қуаны­шына айналған Наурыз мерекесі Қазақстан халқын біріктіретін негізгі фактор деуге бола­ды. Ендеше, Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Владимир ТОЛОКОННИКОВ, «Қазақстанның орыс қауымы» біріккен қоғамының Қызылорда облыстық филиалының директоры.   ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТКІЗУДЕМІЗ Еліміздегі барша әзербай­жан ұлысының атынан қазақстан­дықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын. Босағамыздан енген Наурыз мерекесі әр отбасына береке, ошағына жылы­лық әкелсін. Биыл ұлық мерекені Достық үйінде жоғары деңгейде өткізуді жос­парлап отырмыз. Онда өңірдегі барлық ұлт пен ұлыстар би билеп, ән айтып, ақ дастарқаннан дәм татады. Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында шығыс өңірінде әзербайжан ұлысы өзге ұлт өкілдерімен бірге тату-тәтті тіршілік етуде. Мәселен, облыс­та әзербайжандардың «Азери» атты этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Біз елімізде алғаш рет құрылған Өскемен қаласындағы Достық үйінде өз ұлтымыздың дәстүрі мен ғұрыптарын өскелең ұрпақтарымызға насихаттауға мүмкіндік алып отырмыз. Этно­мәдени бірлестігімізде «Азери» ансамблі әзербайжан халқының ұлттық өнерін насихаттап, түрлі облыстық, республикалық іс-шараларға атсалысып жүр. Әзербайжан этномәдени бірлестігінің ат­қа­ру­шы директоры ретінде Қазақстан хал­қы Ассамблеясының еліміздің ішкі саяси тұрақтылығын сақтаудағы маңызын ерекше атап өткім келеді. Мемлекетімізде ешқандай ұлтаралық түсініспеушілік жоқ. Барлық мәсе­ле­лер келісіммен, достық қарым-қатынас ар­қы­лы шешіледі. Бұл ретте Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа айрықша алғыс білдіреміз. Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысын­да екі мыңға жуық әзербайжан ұлтының өкілдері тұрады. Әзербайжан этномәдени бірлестігі Мазахир Гамзаевтың жетекшілігімен қоғамның түрлі саласында еңбек етіп, тәуелсіз мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Азай ВАЛИЕВ, облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі. Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданы. ҚУАНЫШПЕН ҚАРСЫ АЛУДАН ЖАЗБАЙМЫЗ Жер шарындағы шығыс халықтарының, мұсылмандар қауымының аса қадірлі де қасиетті, дәстүрлі мерекесі адам баласының бір-біріне деген сүйіспеншілігін, адамгер­шілігін, рахымдылығын, мейір­бандылығын көрсететін, ата-баба салтын жаңғырта жалғастыратын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін барша қазақстандықтармен бірге өткіземіз. Наурыз барлық түркі халықтары сияқты, қазақтың да, түріктің де төл мейрамы. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрып салтында елеулі орын алған ұлттық дәстүрдің бір саласы. Наурыз Жаңа жыл мейрамы ретінде 1926 жылға дейін тойланып келген. Кеңес уақытында ұлттық рухтағы дүниелерге, рухани құндылықтарымызға таршылық жасап, тойлауға тыйым салған. Қайта құру дейтін кезеңде өткенімізді еске алып, ал Қазақ­стан тәуелсіздік алғаннан кейін, Құдайға шүкір, ата-баба салтын жаңартып, Наурыз мейрамын салтанатпен қарсы алып, қуанышпен өткізуден жазбай келеміз. Тәуелсіздігіміздің маңызы, міне, осында. Наурыз – табиғат мейрамы. Күн мен түннің теңелген күні, яғни жыл басымен Наурыздың 22-сінде қауышамыз. Ал ежелгі түркі тайпаларының мүшел есебі бойынша Жаңа жыл басы саналатын Наурыз айдың бірінші күні өткізілетін. Наурыз Ұлыстың ұлы күні болғандықтан, ол күні қыз-келіншек, кәрі-жас құшақтасып көрісіп, бір-біріне ақ ниетін, арман-тілегін жыр-тақпақпен айтады. «Амансың ба? Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ұлыс береке берсін, бәле-жала жерге енсін», деп тілек білдіреді. Болашаққа жорамал ретінде жеті тағамнан қасиетті Наурыз көже жасалынып, ұлттық ойындарымыз ойналады, ат жарысы өткізіліп, көкпар тартысады. Жер шарында мұсылмандар әлемінде бұл қасиетті мереке күндерінде қантөгіс, қырғи-қабақ шайқастар тоқтатылып, жауласу кейінгі кезекке қал­дырылып тұрған. Бір-біріне деген өшпенділік, араздасу мен өкініштер кешіріліп, ынтымақ пен бірлік салтанат құрған. Қай заманда болмасын Ұлыстың ұлы күнінде Жаратқанына сыйынған әрбір пенде аңсаған арманы мен көздеген мақсатына жету үшін Жаңа жыл баспалдағын нық сеніммен аттап, болашаққа үлкен үмітпен қараған. Қасиетті Жаңа жыл – Наурыз мейрамы бүкілхалықтық мейрам ғана емес, барша мұсылмандар қауымының, шығыс халық­тарының нағыз мәдениеті мен рухани құндылықтарын бір-біріне біріктіріп және де жақындастыратын, бейбітшілік пен татулықтың мерекесі. Жалпы адамзатқа ортақ күн мен түннің теңелген, табиғаттың оянған, шуақты да шырайлы көктемін ала келетін Наурыз мерекесімен барша қазақстандықтарды құттықтаймыз! Алла Тағаламыз халқымызды дүниедегі ең бақытты, өркениетті елдер қатарына қосып, ұлы мерекелерге, торқалы тойларға, қуанышты күндерге жеткізе берсін! Наурыз айы тілек тілейтін ай. Бүкіл халыққа ынтымақ, ырыс, тоқшылық, ел-жұртқа қуаныш пен бақыт әкелсін. Наурыз қайырлы, құтты болсын! Бас-бас, басайық, Аққан судай тасайық, Би билейік, басайық, Наурыз тойын жасайық! Қазақбай ҚАСИМОВ, Қазақстан түріктері этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары,  ҚХА мүшесі, философия ғылымдарының  докторы, профессор. АЛМАТЫ.