• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Ақпан, 2022

Бектастың Бірәлісі

555 рет
көрсетілді

Кеңес заманында мыңғыртып мал айдаған байларды кісі  ақысын жеген қайырымсыз, сараң, алдындағы төрт түліктен басқаны білмеген қарау адам ретінде көрсетіп, жас ұрпақтың санасына солай сіңіруге тырысты.  Шын мәнінде, сондай бірен-саран болғанымен, негізінен елдің бірлігі мен берекесін сақтап,  аузы дуалы, ақыл-парасаты мол, атымтай жомарт, қайырымды қазақтың байлары көп болған.  Жеті атасынан қыдыр қонып, бақ-дәулет дарыған,  жұртқа жақсылығы мен қайырымы көп тиген сондай текті тұлғаның бірі −  Бектастың Бірәлісі.

 

Ұлытаудан бастау алатын Ұлы Жыланшық өзенінің бойында өмір сүрген Бірәлі бай Ұзын Қып­шақтың Алтыс атасына жататын Тоқпан руынан тарайды. Белгілі торғайлық өлкетанушы, шебер Шөптібай Байділдин Жы­ланшық бойына алдымен Бір­әлінің атасы Нұрым, кейін әкесі Бектас қоныстанған дейді. Қазақы шежіремен таратқанда, Нұрым­нан Бектас, Бектастан Бірәлі мен Сейіт­керей есімді екі бала туады. «Он үште – отау иесі» демекші, Бірәлі алғашқы мүшеліне толғанда әкесі  билігін беріп, үмітін артады. Бектас бай тоқсанға таяп, дүние салғанда Бірәлі − 19 жаста, інісі Сейіткерей 14 жаста болыпты.

Шөптібай ағамыздың айтуынша, Бектас бай қайтыс болған­да, оның артында Шөже, Бибі жә­не Балсары деген үш әйелі қа­лады. Әкесінен 3 000 жылқы, 700 түйе, 2 000 қой қалып, осы мол байлыққа ие Бірәлі бай жас болса да қайырымды, кеңпейіл, ағайын-туыс пен көрші-қолаңға қамқорлығымен танылып, ауыл­дастарына сыйы артқан. Бес уақыт намазын қаза қылмаған дін­­­дарлығы да болған. Жылан­шық өзе­­нінің жағасынан мешіт пен ­медресе салдырып, оған татар ­молдасын алдырып, ауыл бала­ларының сауатын ашқан.

«Бектас бай өмірден өтке­сін, оның бәйбішесі Шөже әже­міз түсінде отағасын көреді. Бай керегеде тұрған барлық ноқ­та­ны сыпырып алып, үйден шы­­ғып кетеді. Шөже түсінен шо­шып оянып, жанындағы баланы оятып, Бірәліні шақыр деп, өзі қайта ұйықтап кетеді. Сөйтсе, бала да қайта ұйықтап қалған. Бектас түсіне екінші рет кіріп: «Әй, атаңа нәлет, ноқтаға ие бол­мадың, желіні әкетемін» деп айғай салғанда, Шөже шошып оянады. Бірәліні шақыртады. «Қа­рағым, әкең түсіме екі рет кірді. Алғашқысында ноқтаны әкетті, биыл құлыннан айырылдық» дейді. Түн ішінде Көшкінбайдағы Жекебайды, Бектастың құрдасы Қабанбайды шақыртады. Тоқпан әулетінің жақсылары жиналып жылқыны қалай аман алып қалу­ды қарастырады. Ақылдаса келе алыстағы жылқыны елге алдырып, әр үйге шамаларына қарай бағуға бөліп берген. Сол қыста жаңбыр жауып биелер түгелдей іш тастаған. Малын бөліп баққандарға әр 10 бастың екеуін тегін берді деп айтып отыратын әкем. Осылай малын аман алып қалған».

Ел арасында Бірәлі бай жыл­қы­сының киесі бар деп айтады. Әкесі Бектастың тұсында жыл­қысы екі рет жұтқа ұшырап, қырылып қалса да, қайтадан көбе­йіп отырған. Бір жылы қатты бо­ран болып, Бірәлі байдың жыл­қышылары жыл­қыдан айырылып, құрық ұстап қалады. Біраз жылқы жолда өліп, тек Құла айғырдың үйірі ғана табылмайды. Жаз ортасы ауа сол Құла айғыр 60-70 бие­ні құлындатып, мекеніне келіп, жыл­қысы қайта көбейген.

Бірәлі бай заманында сол өңір­­де туған Амангелді Иманов, Әбдіғапар Жанбосынұлы, Кейкі Көкембайұлы, Әліби Жангел­дин секілді жақсылармен және Дулығалыдағы Құлмұхаммед ишандар әулетімен араласып, ел өмірінде болған оқиғалардың бел ортасында жүрген. Оның дала алпауыты Шашанбайдың Рахметімен бірде қату, бірде тату сыйластығы да жұрт арасын­да аңызға айналған. Торғай бо­йын­дағы Таңат, Сейдахмет, Есенжол, Мәтібай, Ақмолда се­кілді айту­лы ақындармен жақын сыйласып, оларға қолынан келгенше қам­қорлық көрсеткен. 1916 жыл­ғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтері­лісті қолдап, оларды ат-кө­лік­пен қамтып, қаржылай қол­даған.

«Бірәлі бай дархандығы­мен аты шықса, інісі Сейіткерей сауат­ты, ол да бай болды. Шашам­бай­дың Рахметімен болыстыққа таласып, болыстықты жеңіп ал­ған. Осы Шашамбайдың Рахметі Бектас өлгеннен кейін тоқалы Балса­ры­ны баласы Сейіткерей­мен зор­лық­пен әкетіп, әйел үстіне алған. Рахмет көп жылдар Бірәліге би­лік бермейді. Се­йіткерей Рахмет­тің үйінде ерік­сіз бала болып жү­­­ріп, арада ондаған жыл өткен­де Рах­меттің Әмбар атты қызын алып қаш­қан. Осылай жесір дауы ше­ші­леді. Сейіткерей болыс бола жү­ріп, мал-мүлкі тәркілеуге ілігіп, өзі түр­меге қамалады. Ол түрмеде Рах­меттің баласы Әбдікәріммен кез­деседі. Әбдікәрім орысша оқы­­ған са­уаты бар азамат. Екеуі бұ­­рын­ғы араздықты қойып, тату­ла­сады», – дейді Шөптібай Байділдин.

Бүгінге дейін Жыланшық бо­­­­йындағы атақоныста Бектас бай мен оның бәйбішесі Шөже әже­­міздің қызыл кірпіштен өріп салған күмбезді кесенелері жақ­сы сақталған. Ел арасында айты­лып жүрген бір әңгімеде Шө­женің кесенесін Сыр бойынан кел­ген бір шебер салыпты. Кесене жұ­мысы біткенде Бірәлі бай әлгі шеберден: «Осы кесене неше жыл тұрады?» деп сұрайды, сонда ол: «Байеке, сізге сол кезде айта алмадым. Ауылыңыздың жігіт­тері сұлу әйеліме қырындап, алаң­дап болдым, көп болса, сексен жыл тұрар» депті. Шынында да, ке­сененің күмбезі сексен жыл өтке­сін құлапты.

Ертеде қазақ даласында үш жүзге сауын айтқан Сағынайдың асы секілді дүйім ел жиналған ­ас әр өңірде өткен. Соның бірі, ­шамамен алғанда 1897 жылы қазіргі Қостанай облысы, Аман­гелді ауданы Үрпек ауылдық ок­ру­гінен елу шақырым «Әзір­бай» деген жерде төрт дуан елдің игі жақсыларын жинап, жүзден аса үй тігіп, Бірәлі бай әкесі Бектасқа ас берген. Жан-жақтан жұрт жиыл­ған асты Қараторғай болысын отыз жыл басқарған Түркебай­дың Бай­мұраты мен Сары Қошқар батырдың баласы Аяпберген би басқарған. Осы астағы ат бәйгесі­не төрт жүз ат шауып, бәйгеден озып келген жүйрікке жүз жылқы тіккен.

Өлкетанушы Ш.Байділдин Бірәлі байдың ұрпақтары туралы төмендегіше әйгімелейді. «Бірәлі байдың кіндігінен он­нан аса бала өрбіді. Осы бала­ла­ры­ның ішінде үлкені Сұлтан­ды, ортаншы ұлы Мейірманды кө­­зім көріп, әңгімелерін тыңда­дым, Әкем Мейірман әкесінен аумайды, тура сойып қаптап қой­ған­дай деп отыратын. Осы кісі мені әскерде жүргенде 1967 жылы Қа­рағандыдан іздеп келді. 1975 жы­лы атамекені Жыланшыққа келіп, айлап жатты. Сонда мен оны атақонысы «Бірәлі» түбегіне апардым. Бірәлі бай көзі тірісінде осы жерде Сұлтанға 12, Мейірманға 8 бөл­­мелі қызыл үй салдырған. Қа­рия құлаған үйдің орнын, бөл­ме­лер­ді көріп: «Мынау көкқас­қа атым тұратын бөлме, анау әжем ­жататын бөлме, мынау біздің отау үй еді» деп сақалын жуып жылап еді. Баба қорымындағы атасы Бектастың, әжесі Шөженің, туысқаны Әйгі­сінің Ахметінің ке­се­нелерін аралап көрді».

Бірәлі байдың үлкен баласы Сұлтан Орынбордағы гимназияда оқып, орысша жетік сөйлеген, көзі ашық азамат болып, Амангелді батырдың сенімді серігі атанған. Осы баласының ықпалымен Бірәлі қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеу бастағанда, өз қолымен жиған-тергенін Кеңес өкіметіне өткізіп берген. Алайда «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтін аласапыран басталғанда, қолында ешқандай дәулеті жоқ Бірәлі бай да 8-9 жастағы қыз баласын жетектеп, атақонысынан Оң­түс­тікке жан сауғалап, бет алады. Ұзақ жол жүріп, арып-ашып Түр­кістанға жетіп, соның базарында қайыр сұрап тұрған жерінен баяғыда жолаушылап Торғайға барғанда аты өліп жолда жаяу қал­­ғанда, жылқысынан ат беріп, қайыры тиген бір адам танып қа­лып, оны қызымен бірге үйіне әкеліп, ауқаттандырып, он күн бойы асты-үстіне түсіп, күтеді. Бірәлі бай уақытымен ас ішіп, әл­деніп, өз-өзіне келгесін бір күні қызын сол үйге қалдырып, өзі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуге шық­қанда, жолда кенеттен ауырып, дүниеден озады. Сонда оны таныған жүргіншілер манағы адам­­ға хабар беріп, ол сүйегін үйі­не алып келіп, атамыздың киімін шешкенде, белінде алты метр ақ жібек ақыреті жүр екен дейді. Қаншама қиындық пен азап көріп жүрсе де ақыретін ойлаған текті тұлғаның тазалығына қайран қа­ласыз. Заманында жақсылар мен жай­саңдардың қатарында есімі аталып, Мәтібай ақын «Жаяу­ға ат, ашыққанға азық бол­ған» деп жырға қосқан Бірәлі бай­дың ұрпақтары да аштық пен тәр­кілеудің кесірінен жан-жаққа тарыдай шашылды.

Біздің елдің көнекөз қария­лары кезінде атағы дүркіреген Қостанай жылқы зауы­тының асыл тұқымды тұлпарларын Бірәлі байдың жылқысынан тара­ған деп айтады. Әуелде оларды «Бектас тұқымы» деп атапты.

Шынында, қазір Бірәлі бай жылқысының тұқымы қалды ма екен?!