Қарағанды облысы бойынша қаңтар айында антипиретикалық және вирусқа қарсы дәрі-дәрмекке деген сұраныс күрт артқан еді. Тіпті айдың екінші онкүндігінде «жаман тұмау» жұқтырған 3 мыңға жуық адам тіркелді. Мұның өзі өңірде коронавирус инфекциясының күш ала түскенін көрсеткен еді.
Дегенмен қазіргі уақытта жағдай біршама тұрақталды, індеттің беті қайтты. Медициналық препараттарға байланысты дүрлігу жоқ. Бұл турасында Қарағанды облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Ольга Смирнова сенімді түрде мәлімдеді. Маманның айтуынша, бүгінде штаттық режімде 555 жеке дәріхана, 26 қойма, 46 әлеуметтік дәріхана және 9 жылжымалы пункт жұмыс істеп тұр. Медициналық препарат жағынан да ешқандай мәселе жоқ. О.Смирнова айтқандай, облыста пандемия басталғаннан бері күн сайын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға мониторинг жүргізіліп келеді. Яғни бұл – эпидемиялық ахуал толықтай бақылауда деген сөз.
Жоғарыда айтылған сөздердің растығын Қарағандыдағы фармацевтика қоймаларының басшылары да қуаттайды. Мысалы, медициналық препараттарды көтерме баға бойынша сатумен айналысатын «МАК-ИЛ» дәріхана қоймасының директоры Иван Илюшкин қандай да бір дәрі-дәрмек жоқ болып жатса, оның орнына әлгі препараттың баламасын сатып алуға кеңес береді.
– Біз Қарағанды, оған серіктес қалалар мен Жезқазғандағы 200 дәріханаға дәрі-дәрмек жеткізу қызметімен айналысамыз. Күніне 100-120 тапсырыс түседі. Қазір жұрттың антибиотиктерге және антипиретиктерге деген қажеттілік деңгейінің төмендей түскенін көріп отырмыз. Мұны дәріханалардағы кезек саны бойынша анықтауға болады. Қазір кезек дегеніңіз жоқ. Егер «Терафлю» таппасаңыздар, «Тайлолфен хот» сатып алыңыздар немесе парацетамол мен аскорбин қышқылын алыңыз – бәрінің де әсері бірдей болады, – дейді ол.
«Медсервис Плюс» ҚБК филиалының басшысы Ерік Смайылбеков те вирусқа қарсы дәрі-дәрмекті сатудың шырқау шыңы қаңтар айының 20-25-і күндері аралығында болғанын, ал қазір жағдайдың тынышталғанын айтады.
Қазіргі таңда жауапты мамандар облыстағы барлық емхана коронавирус инфекциясына қарсы дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз етілгеніне кепілдік беріп отыр. Бұдан бөлек сол медициналық мекемелерге диспансерлік топтағы науқастарды қамтамасыз ету үшін үш ай бұрын қажетті дәрі-дәрмек беріледі екен. Егер дәрілердің уақтылы берілмеуі туралы мәселе туындаса, тұрғындар науқастарды қолдау қызметіне немесе денсаулық сақтау басқармасының call-орталығына, сондай-ақ МФБД-ның сенім телефонына хабарласа алады.
Тағы бір айта кететін жайт, таяуда Қарағандылық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілер мен өткізушілер жасөспірімдер, жастар және жүкті әйелдер арасында вакциналауды жарнамалау бойынша акция жариялады. Бұл шараға Қарағанды фармацевтикалық кешені, «Фармация-2010», «Медсервис», «Стофарм», «МАК-ИЛ» бастамашы болды. Олар сөзден іске көшіп, өз өнімдерін егілгендерге тарату үшін вакциналау пункттеріне тегін бере бастады.
Бұл игі идеяны облыстың басқа да фармацевтикалық ұйымдарының қолдағанын айтқан ләзім. Мысалы, қалалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы базасындағы вакциналау пунктіне қарағандылық «ГросФарм» дезинфекциялық құралдарының өндірушісі тері антисептиктерін, ал «Инкар» фармацевтикалық компаниясының бөлімшесі медициналық маскаларды, антисептиктер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізді.
Сонымен қатар вакцина салдырғандарды қолдау және көтермелеу мақсатында «МАК-ИЛ» дәріхана қоймасы су құюға арналған ыдыстар дайындап қойса, «Медсервис Плюс» компаниясы дәрумендер, гематоген, лолипоптар және бетперделерді екпе алатын бекеттерге таратуды бастап кетті.
Жалпы, Қарағанды облысында вакциналау және ревакциналау жұмыстары кең ауқымда жүргізіліп жатыр.
Қарағанды облысы