• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Ғылым 09 Ақпан, 2022

Жас зерттеушілер биоотын шығарды

961 рет
көрсетілді

Қазір өсімдік майына қуырылған тағамдар тез өтеді. Жылдам дайындалатын тамақтарға кезек көп. Сұраныс толастамай тұрғанда тапсырыс та молынан орындалады. Ал сондай орындардан күніне қанша литр сұйық май қалады. Оны қайта-қайта пайдалану денсаулыққа зиян. Сондықтан бірнеше рет пайдаланылған сұйық майды қоқысқа жібереді. Осындай қалдықтан жас зерттеушілер биоотын жасап шығарды.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің (ҚазҰПУ) студенттері Назерке Халел мен Муниса Сай­диғаниева өсімдік майынан био­отын дайындады. Олардың жобасы халықаралық конференцияда жүлделі орын алды. Жоба жетекшісі – ҚазҰПУ докторанты Гүлсара Ақанова. Ол экологиялық таза биоотын өндірудің бірегей технологиясын әзірлеумен бірнеше жыл бойы айналысып келеді және осы жобасына өзінің шәкірттерін де тартқан.

«Қазір көптеген ел биоотынға кө­шіп жатыр. Шетелде биоотынды негізінен қант қамысы, жүгері сияқты әртүрлі өсімдіктен өндіреді. Біз биоотын алу бойынша өзіміздің төл технологиямызды ойлап таптық әрі соның негізінде өнім алдық. Жылдам тамақтану орындарында өсімдік майы көп мөлшерде пайдаланылады және тамақ пісіргеннен кейін жарамсыз болып қалады. Біз оны қайта өңдеуді ұсынамыз. Бұл үшін өсімдік майын ұсақ қоспалардан тазартамыз, содан кейін сілтілі катализатор мен этил спиртін қосамыз. Осылайша, биоотын аламыз», дейді докторант Г.Ақанова.

Жас ғалымдардың жобасы бірқатар экологиялық және экономикалық мә­селенің түйінін тарқатады. Биоотын экологиялық таза және тиімді, сонымен қатар арзан, қауіпсіз. Осыған қоса биоотын тасымалдауға да ыңғайлы.

Пайдаланылған өсімдік майынан биоотын алу технологиясы жас ғалымдар мен студенттердің «Фараби әлемі» халықаралық конференциясында үздіктердің бірі деп танылды. Әзірге бұл – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті студенттерінің алғашқы ғылыми жетістігі. Алдағы уақытта жас зерттеушілер жұмысын жетілдіріп, стартап жобалардың байқауларына қатысуды жоспарлап отыр.