• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 09 Ақпан, 2022

Біржан салдың суреті қалай салынды?

2470 рет
көрсетілді

Дәстүрлі қазақ ән өнерінің майталманы, дүлдүл өнерпаз Біржан сал Қожағұлұлының артында суреті сақталмаған. Бірақ Біржан атамыздың көпке мәлім мына бір бейнесін салған қазақ бейнелеу өнерінің ірі қайраткері Әбілхан Қастеев екен. Ол бұл жұмысты 1966 жылы толық тиянақ­таған көрінеді.

Әнші бейнесінің өмірге келуіне атсалысқан адам сал­дың жамағайын туысы Қарта Қаңтарбайұлы деген адам екен. Бұған дәлел жазушы Сә­бит Мұқановтың ұлттық мұ­рағат қо­ры­на өткізген дүниелерінің ішінде Қар­та Қаңтарбайұлының жазушыға жазған хаты сақталыпты. Сонда бы­лай делінген: «...мен Бір­жанның суретін сал­дыруды ойланып, сурет салатын өнерпаздарға ақылдасып, ертеден таныс адам, суретші Қастеев Әбіл­хан жолдасқа тапсырып едім. Әбілхан жолдас еңбек етіп, уәдесін орын­дап, салдың суретін салып берді».

Осы орайда, Бір­жан сал­дың суре­ті қа­лай салын­ды, нені бас­шы­­лыққа алды дегенге тоқталсақ, тағы да Қ.Қаң­­­тар­байұлының де­ре­­гіне жүгі­не­міз. Бұл адам өзінің естелігінде Біржан салдың екі ұлы Теміртас пен Қалкен екеуі­мен бірге өсіп, біте қай­насқаны жайлы айтылады. Салдың үлкен ұлы Теміртас әкесі өлгенде сегіз-тоғыз жастағы бала екен. Әкесі дүниеден өт­­кен бұл шаңы­рақта  бір ат, бір бие, екі сиыр, он­шақты қой ғана қа­лыпты. Теміртас 1916 жы­­лы майданның қара жұ­мысына алынады.

Жоғарыдағы Қ.Қаң­тар­­байұлы және Алма­тыдағы Құрманғазы атын­­дағы кон­церватория доценті, өнер­танушы Ха­би­долла Тас­танов пен зерттеуші Алтын Кете­геновалардың жаз­ға­нына қарағанда, Біржан­ның үлкен ұлы Теміртас нағашы жағына тартқан, дене бітімі ірі, ұзын сида бойлы, кең маңдайлы екен. Бі­ле­тіндер оны анасы Әпіш­тен аумайды дейді. Ал сал­дың әйелі Әпіш ұзын бойлы, ашаң жүзді, кең ойлайтын, ақыл­ды адам болыпты. Бір­жан сал бір өлеңінде:

Үш кезге бойың жеткен биік аршын,

Үш жүзден таңдап

алған ғашық жарсың,

– дегеніне қарағанда, әйелі ажарлы адам бол­ғаны анық.

Ал салдың екінші ұлы Қалкен орта бойлы, жү­зі арайлы, қағы­лез жі­гіт бо­лыпты. Қ.Қаң­­­тар­байұлы жазушы С.Мұ­қа­нов­қа жазған хатында: «Қалкенді көрген жұрт «Ойпырым-ай, мына баласы салдың аузынан түсіп қалғандай екен-ау... Дене бітімі, бет ажары, қа­сы мен қабағы, ерні, мұрны, бойына дейін салдан аумайды», деп таңыр­қағанын талай естідім», дейді. Соған қарағанда, Қалкен әкесінен аумайтын болған.

Бірақ бұл адам 1930 жылдары дүниеден өт­кен. Әйелі басқа адамға тұрмысқа шы­ғып кеткен. Бұл әйелді 1962 жы­лы өнертанушы Ха­би­долла Тастанов тауып сөйлесіп, атасы Біржан сал туралы көп дүние жазып алған. Осы сапарында Хабидолла ағамыз Теміртастың суретін тауып әкелген. Бұл сурет кейін академик Ахмет Жұ­бановтың кітабына кірді.

Жоғарыда айтқаны­мыз­дай, Қ.Қаң­тарбайұлы Біржан салдың суретін салдыру үшін Қалкеннің фотосуретін іздеп, бұ­рынғы Көкшетау облысы Еңбекшілдер ауданы Степняк ауылына бар­ған. Бұл 1962 жылдың жазы. Қысқасын айтқанда, Қал­кеннің суретін көп ізде­ген. Енді үмітін үзіп, не істерін білмей қиналып тұр­ғанда сол ауылдың байырғы тұрғыны Ев­докия Евсеевна Бирюкова дейтін орыс әйелі 1924 жылы Қалкенмен бір­ге түскен екі бөлек фото­суретін әкеліп ұстатады.

Осылай фото қолына тиген Қ.Қаң­­тар­байұлы суретші Қас­теевке келе­ді. Енді суретті салушы Ә.Қастеевтің естелігіне үңілейік: «Бір­жан салдың суретін салу үшін бас­­­ты бірнеше шартқа жүгіндім. Біріншіден, салдың бет әлпе­ті баласы Қалкеннің суретінен аумауы керек. Екіншіден, жасы 35 пен 40-тың арасында болғаны жөн. Бұл уақыт – әншінің дәурені жүріп, се­леулі даланы әнімен тербеп тұрған, керемет кезі. Үшіншіден, суретте сал-серінің барлық сипаты көрініп тұруы шарт. Қолында үкілі дом­быра, сәні мен салтана­ты жарасқан ерекше киім үлгісі дегендей»... («Әбіл­хан аға» жинақ, Алматы, 1994 жыл, 70-бет).

Ал мұндағы Біржан сал­дың суре­тіне қараңыз. Ба­сында үкілі кәмшат бөрік. Қолында үкілі домбыра. Жа­сы 40-тар шамасында өнері асып-тасып сабасы­на түскен, әнінің қыры мен сыры қатар толысқан, мү­шеленген құр аттай қылпып тұр. Осы суретті салу бары­сында атақты «Біржан – Сара» айтысында Сара­ның айтатын:

Кәмшат бөрік,

күлдері белбеуі бар,

Көк торғын шапанды

адам қарсы жүрді,

– деген тіркесті суретке айна­лыр­ған. Одан кейін Бір­жан салдың өмірі мен шы­ғармашылығын зерттеген адамдар: «Біржан ән салғанда мойнына ақ тор­ғын орамал орап алатын» дегенді елден естіп, көп жазыпты. Сол себептен, суретте салдың мой­нында ақ торғын орамал салынған. Дүлдүл әнші өзі туралы:

Баласы Қожағұлдың

Біржан салмын,

Ешкімге зияным жоқ

жүрген жанмын,

Кісіге өзім деген

бас имеймін,

Өзім әнші, өзім

сал кімге зармын,

– дегеніндей, салдың Сара қызбен айтысы әм­бебап туынды ретінде қазақтың өнер тарихына шегеленді. Атақты композитор Мұқан Төлебаев өзінің «Біржан – Сара» операсында әншінің шығармаларын толық пайдаланды. Сондай-ақ 1941 жылы атақты Зи­новий Ком­панеец «Қа­зақ рапсодиясы» атты халық оркестріне әнші­нің «Жамбас сипар» әнін арқау етсе, Е.Бру­силовский өзі жазған операларына Біржан әндерін пайдаланды. Соңында танымал қылқалам шебері Әбілхан Қастеев әншінің суретін салып, оның бей­несін тірілтті.