• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Өнер 10 Ақпан, 2022

Тау басындағы тағдыр

1792 рет
көрсетілді

Байыппен қарасаңыз, бір-біріне арқа сүйеген таудай ұлттың сұлу сұлбасын көз алдыңызға алып келеді. Тіпті бауырына басып жатқан маржандай жанар қарықтырар қиыршықтарын, сонау шым түбіндегі жап-жасыл тіршіліктің бізге белгісіз ішкі толқынмен баяу тербетіліп тұрғанын аңдайсыз. Мұны анық та қанық көрсеткен суреткер. Бұл – мөп-мөлдір айдынға қарағанда орын алар оқиға-тын. Әйтсе де…

Кейде бейнелеу өнерін немесе бір суретші жайлы айту үшін терең ойдың қой­науына сүңгігіңіз келеді. Өйткені кешегілердің келісті кескіндемесін, кестелі ойын былай қойғанда, дара дарынын аңсаумен келеміз. Қазақ өзі теңіздің дәмін тамшысынан тұшына білетін сезімтал халық қой. Содан ба жарқ еткен дүние көрсе жақсылыққа жориды. Біз бүгін сол күйді қайта кештік. Қашан десеңіз? Қазақтың белгілі суретші қызы Айгүл Хакімжанованың шығар­машылығына үңілген сәтте.

Қылқалам шебері әрбір жұмысына идеяны ғажайып түстей ғайып болған балалық шақтың базарынан іздейді. Сол мөлдір сәттің аяулы естеліктері сана биігінде жаңғырып, кенеп бетінде шебер стилистикалық шешім табады. Жан әлемі сүйіспеншілік пен мейірімге толы шебердің көңіл айдыны лайланбай, тазалықтан нәр алатыны анық. Бұл – хас суреткер болудың алғышарты. Өнер иесі адам жанының жылуын дәл, анық беретін пастель техникасын артық көреді. Оның ерекшелігі де сонда.

Біз мысалға алған «Есік тау бөктеріндегі таң» картинасы 2013 жазылған туынды. Пейзажда суретшінің сезімі, көңіл күйі, түсінігі, табиғатқа деген эстетикалық, этностық көзқарасы аңғарылады. Адам өмірімен салыстырып қарағанда табиғат өмірі мәңгілік. Суретші аталған шығармасы арқылы табиғаттың мінез-құлқын ұлт­тың болмыс-бітімімен астас­тырып жазған. Түстер палитрасы табиғаттағы бояулар мен жарықтың құбылуын дәл көрсете алған.

Айгүл Хакімжанова өз шы­ғар­машылығында табиғатты тікелей тамашалап, түстердің өзгеше тұстарын көрсете отырып, ерекше әсерлікке, жаңашылдыққа қол жеткізді. Түспен және формамен, ке­ңістікпен және сызықпен батыл жұмыс істеді. Рухтың күшімен өріле біткен жігерлі де көркем, сиқырлы образдар тудырды. Ең ғажабы, оның картинасында ұлттық колорит басым.