• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
22 Наурыз, 2014

Осыдан отыз жыл бұрын

343 рет
көрсетілді

Күнтізбе бойынша көктем келгелі жиырма күннің жүзі болса да Арқаның арқа қаритын аязының беті қайтпай, азынаған желі өкпектете соғып тұрған еді. Кеше табан астынан тына қалыпты. Май тоңғысыз дейтін­­­дей ауа райы бір-ақ түнде орнай қойыпты. Күн жарқырап тұр. Жел жоқ. Астанадағы Наурыз тойы та­маша басталды. Жиналған жұрт­тың жүзі жадыраңқы, көңілі көтеріңкі. Сағат он екіге жа­қындағанда Елбасы келді «Қазақ елі» монументінің жанындағы алаңға. Ақтарыла, ағыла сөйледі. Күн мен түн теңескен шаққа астрономиялық дәлдікпен тұспа-тұс келетін Наурыздың атам заманнан, тіпті сонау бес мың жыл бұрыннан келе жатқанынан тартып, оның татулықтың, тағат­тылықтың, тұрақтылықтың ме­рекесі болып табылатынын, мұның өзі бүгінде жер-жаһан «Қазақстан жолы» деп атаған біздің таң­дауы­мыз екенін айтты. Ойыма осыдан отыз жыл бұрынғы оқиға оралады. Онда да көктем күні болатын. 1984 жылдың 22 наурызы еді ол. «Социалистік Қазақстан» газе­тінде бөлім меңгерушісі, редак­циялық алқа мүшесі кезім. Нау­рызды мерекелей қойма­ға­ны­мызбен, қазақы орта емеспіз бе, редакцияда бір-бірімізді құт­тықтасып, тілек айтысып жа­та­­­­­тынбыз. Дәл сол күні «Со­циа­­листік Қазақстанның» теле­тайп лентасына, ол кездегі тіл­мен айтсақ, Қазақ ССР Жо­­ғар­ғы Советі Президиумының Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақ ССР Министрлер Сове­тінің Председателі етіп тағайын­дау туралы Указы түсті. Қырық­­тың қырқасына жаңа шық­қан жігіттің республика Үкіметінің тізгінін ұстағанына таң­данушылар табылмағаны есімде. Бәрі де содан он жылдай бұрын, 1973 жылы газеттің меншікті тілшілерінің көшпелі жиналысы Теміртауда өткенін еске түсіріп, қайраған қылыштай қылпып тұрған қазақ азаматының – қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ойының нәрі­мен де, сөзінің әрімен де журна­лис­­терді тәнті еткенін, кездесу со­ңында Көкшетаудағы мен­­шік­ті тілші, арқалы ақын Еркеш Ибраһимнің көзі жасаурап: «Алда, қарағым-ай, сені дү­ниеге әкелген ата-ана­ңа рахмет. Мен білсем, түбі үл­кен адам боларсың» деге­нін ай­ты­­­сып жатты. Теміртаудағы кездесуден кейін арада он бір жыл өт­­кенде сол азамат Үкі­мет бас­­шысы қызметіне тағайын­­далды. Ол екі аралықта облыс­­­­тық пар­тия комитетінің, Қа­зақ­­стан Компартиясы Орта­лық комитетінің хатшысы мін­деттерін атқарып, әбден ысылды, болашағы үлкен қайрат­кер ре­тін­де бағаланды. Ақыры Кеңес Ода­­ғын­дағы ең жас премьер атанды. Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріндегі жаңа белестің жаңару күнімен жарасып келгенін де жақ­­­сы ырымға жорысты жұртшылық. Білігі бойынша да, білімі бойынша да металлург, бұ­ған дейін көбіне өнеркәсіп мәсе­лелерімен айналысып келген басшының экономиканың, әлеуметтік саясат­­­­тың барлық сала­ларының ұңғыл-шұңғылын егжей-тегжейлі зерттеп шы­ғуы­на мүмкіндік берген, ұйым­дастырушылық қасиеттерін барынша жарқыратып ашқан бұл қызмет, яғни Нұрсұлтан Назар­­­­баевтың 1984-1989 жылдарда республика Үкіметін бас­­қа­руы кейіннен бәріміздің бағымызға айнал­ды. Елбасымыздың Қазақ­стан­ды қиранды, құланды күйі­нен мемлекет етіп құрып шығуы, халық­ты небір тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып өтуі, алыс та, жақын да мойындайтын, құрметтейтін ел етуі алдағы күндер бар бағасын бере жататын ұлы еңбек, ерен ерлік десек, бұл істе Елбасымыздың кезінде Үкімет басқаруының мәні бөлекше болғаны анық. Президентіміз­­дің өмі­ріндегі еңселі белестердің біріне дәл бүгін дәл отыз жыл толып отырғанын жұр­тымыз біле жүр­сін деп жедеғабыл жаздық бұл жолдарды. Елі үшін түн қатып, түс қа­­­шып, аттан түспей жүрген Аза­мат­тың алдынан ақ таң ата берсін деп тілейік, ағайын. Отыз жыл бұ­рын басталған жемісті жол елі­мізді озық отыздықтан орын алуға жеткізсін! Сауытбек АБДРАХМАНОВ.