Әр адам өзінің шығармашылық әлеуетін әр қилы көрсетіп жатады. Біреу тым ерте танылып, қошеметке шынашақтай кезінен бөленсе, енді бір қаламгер өзінің «жұлдызды сәтін» тым ұзақ күтетіні бар. Бірақ кейде тез танылу да адамға опа әпермейді ме деп ойлап қалатынымыз бар. Қанша дегенмен миллион адамның жаны – миллион түрлі құбылыс. Оны толық оқу да, тану да мүмкін емес. Содан да болар кейде айрықша талант иелері өз отына өзі жанып кетіп жататынын жиі кездестіреміз. Неге олай болды, себебі неде? Осы сұрақтар маза бермейді. Өзекті өртейтін өкініш те сол дер едік.
«Жизнь моя – черновик»
Талантты төбеге көтеретін де, төменге түсіретін де – ортасы, қоғамы. Әрине, тағдыр, жазмыш дейміз, басқа дейміз. Алайда кейде айналамызда «вампирлер» қаптап жүретіндей көрінеді. Әйтеуір адам жанын тұңғиыққа тартып, түрлі ойларды өрбіте береміз. Ондайда алдына жан салмайтын шешенбіз. Алайда бойындағы шығармашылық әлеуетін толық ашып көрсетпеген күйі қаншама талант өз-өзіне қол жұмсады. Оны ойлаған, оған бас ауыртқан адам болды ма екен? Кім білсін... Болса да аса көп емес шығар.
Көз алдыңа елестетудің өзі қиын. Өз отына өзі жанып кеткендердің ішкі әлемінде қандай арпалыс болғанын тап басып айта да алмайсың. Бір қарағанда ол тіпті мүмкін емес те шығар деп пайымдаймыз. Кейде қоғам, бәлкім жекелеген әлдекімдер шығармашылық адамының психологиясымен ойнайтын секілді көрінеді. Ойнағанда да терең ойға батпай, оның көңілін таптай ойнайтындай көрінетіні бар десек, қателесе қоймаспыз. Ең қауіптісі де осы сыңайлы.
Кейде ойлайсың... Нағыз ақын қай кезде де бала ғой деп... Бірақ әдеби орта бала күнінен биіктерге ұмтылған, жүрегіне жүк артқан таланттардың мақтауын келтіргенімен қорғай алмайтын сияқты. Қолдауды қатырғанымен, қорғауға келгенде қауқарсыз боп қалатыны несі екен? Тым ерте танылған талантты тым ерте мақтау, мадақтау да орынсыз ба деген ойға шомасың. Олай ойламасқа амалың да болмайды.
Он жасқа жетпей жатып-ақ, «ғарыш тарту еткен талант» атанған, «құбылыс» ретінде бағаланған Ника Турбинаның тағдыры тауқыметпен егіз-ау. Ол бар болғаны тоғыз жасында «Жизнь моя – черновик» депті. Бұндай жаста балалар ойынның қызығынан шыға алмайды емес пе? Бірақ біз әңгіме етіп отырған Никаңыз ойын емес, ой қуған болып шығады. Әйтпесе тоғыз жастағы жүректен осындай тереңнен тамыр тартқан жолдар қайдан шыға қойсын?! Бір қарағанда тіпті мүмкін емес қой! Талантымен тамсандырған Ника Турбинаны Евгений Евтушенконың өзі қиюын келістіре мақтады. Табанын жерге тигізбей, көкке көтеріп те тастады. Мақтауын келтіргенде Марсқа барып тоқтайтындай көрінді. Өзімен бірге мұхит асырып, ана-аау алыстағы Американы көрсетті. Ника Женя көкесінің қасына еріп, Италияда қолын сермеп, жалын атқан өлеңін оқып тұрды. Өзінің де денесінде от тұтанғаны сөзсіз ғой. Никаның өзі былай депті. «Мен өлеңді жазбаймын. Тәңір ұдайы құлағыма сыбырлайды»... Бұл да бір тылсым шығар... Кім біледі? Әйтпесе әріпті енді танитын шағында әдебиеттің әйдік өкілі секілді ой айту кем дегенде құлаққа қона бермейді ғой. Әлде расында да ерекше, бала күннен қалыптасуы да айрықша ма екен?
«Жизнь моя – черновик,
На котором все буквы – созвездия...
Сочтены наперёд все ненастные дни.
Жизнь моя – черновик.
Все удачи мои, невезения
Остаются на нём
Как надорванный выстрелом крик».
Осылай жырлаған кішкентай жүрек иесінің алғашқы жинағы «Черновик» деген атпен жарық көргенін білеміз. Тағы да сол Евгений Евтушенко қамқорлығын аямай, алғы сөзін өзі жазып беріп, Турбинаны жарылқаған. Оның өлеңдері сол кезде-ақ бірнеше тілге тәржімаланғанын қайда қоясыз? Мұнан асқан қандай бақ керек бала жасындағы ақынға? Бұдан соң оны әдебиетке қатысы барлардың барлығы «данышпан» деп атады. Басқа да түрлі теңеулерін аямады. «Гений!» деп атай салған жоқ, онысын әр жерде қайталап айтудан танбайтындарын да байқатты. Кішкентай ақын туралы кино дейсіз бе? Ол да түсіріліп қойған. Осылайша, тоғызында танылған таланттың тағдыры үлкен аңызға айнала берді. Бұл енді фантастика емес, кәдімгі ақиқат. Бала күніндегі мұндай қолдау-қолпаштау, қошемет дегеніңіз адамның басын айналдыратыны рас қой. Осы бір ойда жоқта келген даңқ белгілі бір деңгейде Турбинаны да аспандағы бұлттардың арасына әкетіп, жерге түсірмей қойған шығар деген ой сананы торлай түседі. Әсілінде, баладан артық ешкім де қуанбайды ғой. Ол енді бір дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома десек те болар.
Он екісінде – «Алтын арыстан» иесі
Шынында да бала ақын үшін тым ерте атақ-даңққа бөлену деген сирек кездесетін құбылыс екені даусыз. Ол он екі жасында «Алтын арыстан» сыйлығының иегері атанды. Ғажап па, ғажап! «Венециядағы фестивальде табысталатын аты дардай марапат әйгілі Анна Ахматовадан кейін Ника Турбинаға бұйырды» деген сөздің өзі не тұрады? Аннаның уысына алпысында түскен сыйлық Никаға төрт мүшел ерте келгені шынында да таңғаларлық жағдай еді. Ол мұндай табысқа қол жеткізгенде көпшілік қол соқты. Осылайша, Ника Турбина титтей кезінде-ақ зау биікті бағындырды. Адамдар отызында да, елуінде де аламын деп армандамайтын сыйлықты алды ғой: Тәңірдің тағдырына жазған тамаша тартуы да сол шығар, ә? Тез танылған Турбинаның жүрегі қуаныштан атқақтағаны айдан анық. Атауы алтын болған соң ол сол сыйлықты шынымен алтын деп ойлаған болуы керек. Жалма-жан тексермек болып тас-талқанын шығарады. Бұзылған сыйлықтың алтыннан жасалмағанын көріп, алданғанын біліп, абдырап қалды, кәдімгідей тағдырдан баз кешкені тағы рас. Ақын аһ ұрды. Жүрегіне жүк артып, қайғырды деуге де болатындай. Жанарынан ыстық тамшылар ыршып жатты. «Бәрі де өтірік, бәрі де жалған!» деді ол іштей күйініп. Осыдан барып, бала көңіліне дақ түсті деп қалай айтпайсыз... Сенімінің быт-шыты шыққанын қарасаңызшы.
Кенет, ол ес білгелі есіміне қанық болған Евгений Евтушенко да мүлде хабарсыз кетті. Бұл да кішкентай қыздың санасына айтарлықтай салмақ салғаны даусыз еді. Жанарын мұң торлап, жабықты, қайғырды, қамықты. Қабағын кірбің шалды. Кішкентай жүрек бұлқынды, жұлқынды. Жүйкесі де әбден сыр берген болуы керек. Ол бала жүрегімен барлық жақсылық атаулыға шынында да сеніп еді ғой. Басқаны былай қойыңызшы, Ника Евгений Евтушенко көкесін сарыла, сағына күтті. Әйтеуір бір келетініне, төбе көрсететініне сөзсіз иланды. Жанары жәутеңдеп жолға қарай берді. Бірақ бәрі ол ойлағандай болмай шықты. Ника қатты сенген Евгений Евтушенко жоқ. Алтын деп берген сыйлық қирап ол жатыр... Оның кәдімгі гипс екенін көзімен көрді.
Ол өз әкесінің кім екенін білгісі келсе де білмеді. «Әкең Вознесенский» деген сөздерге шынында да сенді ме екен? Әй, періште жүрек илана қоймады-ау деп топшылаймыз біз. Өйткені оның түйсігі терең еді ғой. Қысқасы, кішкентай Ника шешесі тұрмысқа шыққанда да қатты күйзелісті басынан өткерді. Шешесінің бар назары сіңлісіне ауғанын көрген ол жабырқады, жаны мұңға оранды. Бала болып қатты еркелегісі келді. Айналасы өзіне назар аударғанын шын көңілімен қалағаны да рас. Қанша дегенмен бала ғой. Көңілін кірбің шалғаны анық еді-ау. Осылайша, ерте танылған ақын өмірге өзінше өкпелей бастады. «Менмін ғой» деген эгоизм жанына тыныштық бермеді. Жұбатар да, жанын жылытар да ешкім жоқ. Ондай мейірімді адамның қасынан табылатынына да аса сене қоймайтын секілді. Әйтеуір, уақыт өткен сайын еңсесі көтерілер емес. Жалғыздық деген жанын жегідей жей түсті.
«Жеңімпаздар жеңілмейді...»
Он алтысында жүйке жүйесі сыр берген талант алысқа сапар шекті. Шекара асып, Швейцарияға кете барды. Тағдыр дейміз бе, әлде басқаша атаймыз ба? Кім қалай қабылдаса да өз еркі. Иә, ол өзінен 60 жас үлкен профессордың емдейтініне бек сенді. Бұл уақытта оның бойынан сенімнің оты сөне қоймаған болатын. Сол сенім ұшқыны дертіне дауа тапқан жағдайда оған тұрмысқа шығуға әзір екендігін еш қысылмастан жайып салуға дейін жеткізді. Ол үшін ең бастысы құлан таза айығудан басқа арман да, мақсат та болған жоқ. Содан да шығар, уәдесінде тұрып, толған айдай толыса бастаған шағында қауқары қайтқан профессордың құшағына құлады. Жас иісті бауырына басқан қарияңыз өзін тым бақытты сезінгені айдан анық. Тағы да сол тағдыр ғой дей саламыз енді. Арада аз ғана уақыт өткенде әлгі профессормен ажырасып, еліне, өзінің Ресейіне оралды. Осылайша, кіп-кішкентай қыздың өмірін қара түнек баса берді, баса берді. Жүрегіне жүк артқан Никаның миында не болып жатқаны өзіне ғана мәлім болған. Әйтеуір, тағдырдан баз кешкені түсінікті ғой.
Айдын көлде жалғыз қалған шағала да шыр айнала ұшып-ұшып, қанаты талған соң шаршайды емес пе? Қалай болғанда да Ника адам. Оның да ойы, пікірі бар еді. Айналасынан өзін түсінетін жан баласын тапқысы келген. Әңгімелесуге бейім болатын. Алайда өзін тыңдайтын, сырын бөлісетін жан таппаған ақын не істесін? Ол ақын қыз баласы болса ше? Әлбетте, жалғанның жазғанымен күресетін иммунитеті қалыптаспаған сәттен айналасынан салқындықты сезінген ол адаса бастады. Толқыны жағаға соққан теңіздей теңселді.
Шайтан су, анаша оның ендігі көңіл жұбатарлық серігіне айналып кетті. Ішімдікті ішсе, бойы жеңілдейтіндей сезінді. Олай еместігін жайқалып өсіп келе жатқан жас қайың сол кезде сезбеген де еді. Әйтеуір өзінше бір сергелдеңнен шығар жолды іздегендей болады. Ойын жеңілдеткісі, бойын түзегісі келген болар. Оны енді тап басып айту әсте мүмкін емес. Ақынның жазған жырлары көрінген жерде қалып жатты. Ел түгілі ендігі тіршілік өзіне де қызық еместей көріне берді. Институтты тастап кете барған. Оқу ордасына да, қоғамға да оралғысы келмеді. Өзін ел ішінде жүріп, жалғыз қалғандай күй кешті. Оған ешкім керек емес. Ұстазы А.Галич оның өлеңдерін әр жерден тауып алып, жинап жүретін. Бірақ бір кездері «Никалап» төбесіне көтерген адамдардан ешкімнің қалмағаны оны әбден шаршатты, жүрегін жаралады. Ешкімге сенбейді.
«Не побеждайте победителей,
Судьба им выпала на круги.
И выстрела на старте сила
Вас отдаляет друг от друга...
А побеждённым – камнем в спину,
Терновником тропа устелена...
Непобедимы победители!
Но это – до поры, до времени...»
Осы бір өлең жолдарында Ника Турбинаның бүкіл жанайқайы жатқан секілді. Расында да жеңімпаздар жеңілмейді. Бірақ ол да уақытша құбылыс екені және рас қой. Оны да ешкім жоққа шығара алмақ емес. Ол да талайлар тек армандап кеткен жеңіске 12 жасында қол жеткізді. Бірақ сол жеңіс оның өмірін 180 градус жақсы жаққа өзгерте алмады деп кесіп айта аламыз. Бұл жалғанда мәңгілік түк жоқ деген қарапайым ұғымды ақын өлең тілінде осылай суреттейді, сипаттайды. Асырып не айтасың? Ол үшін жалғыздықтан асқан қасірет жоқ...
Тылсымға толы тағдыр
Енді сол бір шекара асқан, мұхиттың арғы беті мен кәрі құрлықтың қақ ортасында тұрып, қолын сермеп өлең оқыған шақтары келмеске кетті. Бәрі де көрген түске айналып шыға келген. Өткен шақтың оралмайтынын түйсігімен әбден түсінді. Оның есімі елдің, оқырмандарының санасынан да өше бастады. Бұрын болған Ника ақын енді жоқ. Бар болса да, ешкімді қызықтырмайды.
«В осенний сад, где листопад...
Ты будешь рад, мой друг.
Придут забывшие тебя -
Былое вспомнить вдруг -
Что годы быстро так летят,
И дням числа уж нет,
Что можно было разыскать
Затерянный твой след...
И песню старую споют,
Но только боль в словах...
Как хочется придти туда,
Где столько лет назад
Веселье било через край...
Но гол осенний сад.»
Ақиқатында, ол өзінің жан әлеміндегі тыныштықты бұзған құбылыстың бәрін осы бір күз туралы өлеңіне сыйдырып тұр ма деп қаласың. Өйткені бұл кезде ақын жаны жалғыздықты қатты сезінген еді. Жанының құлаған жапырақтарын қара жер ғана құшағына қыса бастағандай. Көп ұзамай өзі де сол қара жердің қойнында мәңгі ұйқыға кетерін сезген-ау. Тағдырды пейзаж тілінде сөйлете білу деген де осы болар, бәлкім.
Қоғамды қойшы, мың түрлі мінез, таным, болмыс бар. Этика сақтауға тиісті мамандар қайда қалды? Оларға да ақынның құны көк тиын еді. Иә, дәл солай. Басқаны қойшы, журналистер оны арнайы хабарға түсірмес бұрын удай мас қылып, сұхбат алуды «өнерге» айналдырды. Осылайша, сенсация іздеп шарқ ұрады. Тіршілігін тілшілігімен байланыстырып жүрген маман иелері үшін таланттың талқандалған тағдырының түк те құны қалмады. Қысқасы, БАҚ Турбинаны басқа қырынан көрсетіп (тіпті образын кей жағдайда қолдан жасап), жерден жеті қоян тапқандай жаһанға жар салды. Никаның жаңа кейпін жариялап, тағдыры күл талқан болған талантты жерге тықты. Сол істеріне өздері масаттанды. Абырой жинап алған адамдарша бөріктерін аспанға атып қуанды. Қандай аянышты десеңізші. Жо-жоқ, бұл жерде ақынның тағдырынан бұрын ақымақтығы аспанға жеткен журналистерді аяйсың бірінші кезекте. Олардың бойында торғайдың миындай ми болса, қоғамда Никаның тағдырынан бөлек те өзекті мәселе аз емес еді. Осыдан-ақ надандық қай кезде де болғанын аңғару аса бір қиындық тудырмайтындай ма, қалай өзі? Өзіңнің атыңды шығару үшін өзгенің атын күстәналаудан артық қасірет бар ма еді? Оған ол кезде ешкім бас ауыртпады.
Ол өмірінің соңғы жылдарында жұрттан оқшауланғанды мақұл көрді. Адам баласының өмірі жиырма жетісінде енді басталып жатпаушы ма еді? Ол сол жиырма жеті жасында мәңгілік мекенімен табысты. Деректерді ақтара қойсаңыз, терезеден құлап, мерт болғаны жайлы мәліметтерге кезіге бересіз. Ақын өлімін зерделегендер оны «өзіне қол жұмсаған» деп жылы жауып қойғанды дұрыс деп білді. Бала күнінен танымал болған таланттың өз-өзіне қол жұмсағанына ұстазы А.Галич сенбейтінін ашық айтқан болатын. Шынында да оның өліміне қатысты түрлі әңгімелер сан қилы сценарий бойынша өрбігенімен, ақынның нақты өз өзіне қол жұмсағанына сенбейтіндердің қарасы жеткілікті болды. Тіпті оның терезеден құлар шақта «Құтқарыңдаршы, мен қазір құлаймын» деген даусын естіген көршілері де бар екен. Соған қарағанда Турбинаның өзін өзі өлтіруі мүмкін емес сияқты көрінеді. Қалай болған күнде де ақын адамның ондай қадамға баруы екіталай ғой. Ол да бір өзімен кеткен құпия ғой ендігі... Ал ол құпияның жақын арада ашылуы қиын секілді.
«Благослови меня, строка,
Благослови мечом и раной.
Я упаду,
Но тут же
Встану.
Благослови меня,
Строка»
деп жырлаған Ника Турбинаның тағдыры кімді де болса ойландыратыны анық. Сүйегіне сөз, жүрегіне жыр қонған талант осылайша, алаулаған отыздың ауылын көре алмаған күйі жалғаннан шын дүниеге сапар шекті. Ол өлген кезде жоқтағандар аз болмаған деседі. Жыны қағылған бақсыдай болып ескі таныстары да өкінген көрінеді. Өлген соң іздеді не, іздемеді не? Бәрібір ғой.
Ол жоғарыда айтқанымыздай Евтушенконы шынында да қатты сағынды. Женя ағайы сол күйі көрінбеді. Содан да үміті үзілген шығар. Бір күні өлең жазды.
«Вы – поводырь, а я – слепой старик.
Вы – проводник. Я еду без билета!
Иной вопрос остался без ответа,
И втоптан в землю прах друзей моих.
Вы – глас людской.
Я – позабытый стих».
«Мен – ұмытылған жырмын», дейді ақын. Никаның осы бір шумағында өкпе де, наз да, сағыныш та жатыр емес пе? Жауапсыз қалған сұрақ – оның тағдыры.
Иә, Турбина шынында да он екісінде «от кешкен» ақын. Бәлкім, талайлардың қолы жетпейтін атақ оған мұнша тым ерте келмегенде оның өмірі ұзақтау болар ма еді, психологиясы уланбас па еді, ішкілікке салынбас па еді, жүрегіне жүк артпас па еді... Енді міне, ол туралы жазбаларды оқырмандары «еді, еді» деп өткен шақта жазуға мәжбүр болып отыр...
Никаның тылсымға толы тағдырына зер сала отырып, қамығасың. Иә, «талантты өлтіру ойынының» құрбаны болғандар қаншама?! Кішкентай қызды ерте баста атақты еткен соң оны ұмытпау керек еді. Амал нешік. Жарық жұлдыздар ерте сөнеді...