«Балаларды құтқару» ұйымының соңғы жарияланған есебіне сәйкес Сомалиде кейінгі онжылдықта қатты құрғақшылық дағдарысы өтіп жатыр. Соның салдарынан миллиондаған адам аш, халықтың көбі тамақ пен су іздеп үйлерінен кетуге мәжбүр.
Сомалидегі 18 аймақтың 15-інде 12 000-нан астам адам қатысқан сұхбат жүргізілген. Халықаралық қайырымдылық ұйымы жүргізген сауалнама нәтижесі көптеген отбасы ешқашан тойып тамақ ішпейтінін, тіпті үнемі аш жүретінін көрсетті.
Жеке шаруашылықтардың үштен бірінен астамында кемінде бір адам 24 сағат бойы тамақсыз қалады. 10 адамның алтауына жуығы малдың қырылуына байланысты табыс көзін жоғалтқанын хабарлады. Сонымен бірге 2021 жылғы қарашада жүргізілген есепке сәйкес екі айға созылған былтырғы құрғақшылықта 700 000-ға жуық түйе, ешкі, қой және ірі қара өлген.
«Балаларды құтқару» ұйымының Сомалидегі өңірлік директоры Мохамуд Мохамед «аштыққа негізгі себеп – климаттың өзгеруі» дейді.
«Сомалиде құрғақшылық қашан да болды, ал сомали халқы әрқашан онымен күресу жолдарын білетін. Бұған дейін олар шамалары жеткенше күресіп, мал жұтқа ұшырап, шығындарын есептеп, содан кейін қайта қалпына келетін. Бірақ қазір жағдай басқаша. Бұл адам өлімі циклін өзгертіп, Сомали балаларын болашағынан айырады», дейді сарапшылар.
Сомали климаттың өзгеруі бойынша әлемдегі ең осал елдердің қатарына кіреді. Соңғы онжылдықта мемлекет 2011, 2016 және 2021 жылдары үш үлкен құрғақшылық дағдарысын бастан өткерді.
2011 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Сомалиде жұт басталғанын жариялады, онда 3,7 миллион адам азық-түлік қауіпсіздігінің дағдарыстық деңгейіне тап болды. Биыл олардың саны 4,6 миллион болады деп болжануда.
БҰҰ-ның дағдарысқа қарсы тұру үшін 1,5 миллиард АҚШ долларына жуық көмек беру туралы үндеуінің донорлар тек 2,3 пайызын жинап берді. Халықаралық ұйым мәселені шешіп, халықты құтқару үшін тез арада іске көшу керек дейді.