Бейжіңдегі Қысқы Олимпия ойындарының бәсекелері бел ортасына жетті. Әзірше әлемнің 23 елінің спортшылары өз елдеріне медаль сыйлап үлгерді. Өкінішке қарай, бұл тізімде қазақстандық олимпиадашылар жоқ. Сәрсенбі және бейсенбі күндергі жарыс жолына жерлестерімізден Шыңғыс Ракпаров (шаңғы қоссайысы), Ольга Тихонова, Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша (шорт-трек), Валерия Тюленева, Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга, Надежда Степашкина (шаңғы жарысы) және Даниил Васильев, Сергей Ткаченколар (шаңғымен тұғырдан секіру) шықты.
Бұл күндері ең үздік нәтижеге шорт-трекшілеріміз қол жеткізді. Анығын айтқанда, Орал қаласының тумасы Әділ Ғалиахметов 1 500 метрге жарысуда әлемнің ең мықты деген 8 спортшысының қатарынан көрініп, Олимпия ойындарының финалында бақ сынады. Бұл – Әділ Ғалиахметов үшін үлкен жетістік. Себебі ол ересектер арасындағы Олимпиадаға тұңғыш рет қатысып, бірінші мүмкіндігінде-ақ финалға жолдама алды.
23 жастағы отандасымыз «ә» дегеннен ширек финал бәсекесін сәтті бастады. Жартылай финалда қандасымыз біраз уақыт көш басында келе жатты. Мәреге жақындаған тұста оны қарсыластары басып озып, кейін Әділ қайтадан шабуылға шыққан болатын. Осы тұста қытайлық Жэнь Цзэ Вэй алға озбақ болған қазақстандық спортшыға қарсы ойын ережесін бұзып, жарыс жолағынан шығарып жіберді. Төрешілер ереже бұзылған сәтті ұзақ уақыт талқылап, нәтижесінде қытайлық спортшыға пенальти беріп, жарыстан шеттетті. Ал Әділ А финалына тікелей жолдама алды.
Отандасымыз Олимпиаданың алтыны үшін өткен жарыста әлемнің мықтыларымен бір қатарда өнер көрсетіп, сегізінші орынға табан тіреді. Бұл қашықтықта алтынды 2016 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің төрт дүркін чемпионы оңтүстіккореялық Хван Дэ Хон, күмісті төрт құрлық чемпионатының бес дүркін күміс жүлдегері канадалық Стивен Дюбуа, қоланы Қазақстан құрамасымен бірге жаттығатын ресейлік Семен Елистратов иеленді. Елистратов 2014 жылы Сочиде командалық жарыста алтын алса, төрт жыл бұрынғы Пхенчхан Олимпиадасында 1 500 метрде қола медальды олжалаған еді.
Өкінішке қарай, 1 500 метрде бақ сынаған тағы бір жерлесіміз Денис Никиша ширек финалда құлап, өзімен бірге канадалық спортшыны да жарыс жолынан шығарып жіберді. Сөйтіп ол жартылай финалдан тыс қалды. Сонымен қатар әйелдер арасында 1000 метрге жүгіруде іріктеу жарыстарына қатысқан Ольга Тихонова да қарсыласына соқтығысып құлап қалды. Сөйтіп, төрешілер Тихонованы да жарыстан шеттетті. Енді ол 16 ақпан күні 1 500 метрге жүгіруден сынға түседі.
Финалдық бәсекеден кейін Әділ Ғалиахметов БАҚ өкілдеріне арнап сұхбат берді. Ол өзінің тұңғыш Олимпиадасында финалға шыққанын үлкен жетістікке балап, алдағы ірі жарыстарда шеберлігін шыңдай түсетінін айтты. «Осы Олимпиадаға қатысып, финалға шыққаным үшін ерекше қуаныштымын. Себебі бұл – менің алғашқы Олимпиадам. Сондықтан кіл мықтылармен бірге жүлдеге таласу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Финалдың соңына қарай күшім жетпей қалды. Мойындау керек. Енді келесі Олимпиадаға дейін тәжірибемді арттырып, талай әлемдік сындарға қатысып, жүлде алуға тырысамын. Бұл нәтижені өзім сеніммен алға басқан қадамым деп есептеймін. Бір қызығы, биылғы маусымда екі рет финалға шықтым. Екеуінде де Бейжің айдынында өнер көрсеттім. Әлем кубогында күміс алып едім, бұл жолы жүлде бұйырмады. Десе де, маған үлкен сенім сыйлаған жарыс болды. Финалдағы қарсыластарымның барлығын бала күнімнен білемін. Олардың жарысқан сәтін теледидардан көріп өскенмін. Осы орайда, бізді үнемі алға жетелейтін бапкеріміз Мәдіғали Қарсыбековке, дәрігер, массажшы, психологтерге рахмет», деді ол.
Әділ 2017 жылдан бері Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп келеді. Сол уақыттан бері ол әлем чемпионаттары мен Әлем кубогы кезеңдерінде ел намысын қорғап, 2021 жылдың қазанында Бейжіңдегі Әлем кубогы кезеңінде 1 500 метрде күміс медаль алған. 2021 жылы Нидерландтағы әлем чемпионатында 1 500 метрлік жарыста 9-орынға табан тіреген. Сондай-ақ Бейжің Олимпиадасында аралас командалық эстафетада 5-орын иеленген-ді.
Шорт-тректен Қазақстан командасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков 1 500 метрде финалда өнер көрсеткен шәкіртіне жоғары баға берді. «Әділ өзінің тұңғыш Олимпиадасында финалға шығып, үздік сегіздікке еніп отыр. Бұл – төртжылдық додасына алғаш қатысқан спортшы үшін үлкен жетістік. Әділ биылғы маусымда нәтижесін жақсарта түсті. Әлем кубогы кезеңінде күміс медаль алды. Міне, енді Олимпиаданың финалында үздіктермен иық тірестіріп, жүлдеге таласа алатынын көрсетті. Одан бөлек, аралас эстафетада бақ сынады. Алда 500 метрлік жарыс бар. Сол сында Әділ Ғалиахметов, Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша ел намысын қорғайды», деді бас бапкер.
Шаңғы қоссайысында Қазақстан құрамасынан жалғыз өзі қатысып жатқан Шыңғыс Ракпаров көш соңында қалып қойды. Алдымен спортшылар шаңғымен тұғырдан секіруден сынға түсті. Бұл сында жерлесіміз 79,5 метрге секіріп, қорытынды есепте 69,9 ұпай иеленді. Ал шаңғымен жарысуда ол жарыс жолына 38-ші болып шығып, мәре сызығын 41-ші болып кесті. Бұл сында алтын медальды германиялық Винченц Гайгер жеңіп алды. Екінші орынға норвегиялық Йорген Граабак, үшінші сатыға аустриялық Лукас Грайдерер жайғасты.
Әйелдер арасындағы шаңғышылардың скиатлон жарысында норвегиялық Тереза Йохауг жасындай жарқылдады. Ол қатарынан екінші жарыста Олимпиада чемпионы атанып отыр. Күміс жүлдені мойнына ілген финляндиялық Кертту Нисканен осымен үшінші Олимпиадасында екінші орынға табан тіреді. Нисканен Сочидегі додада командалық және эстафетада күміс алған еді. Қола жүлде Керттудің отандасы, бұған дейінгі Олимпия ойындарының күміс және қола жүлдегері Криста Пярмякоскиге бұйырды.
Қазақстандық шаңғышы қыздар бұл жолы да үздік 50 спортшының қатарына ене алмай, жанкүйерлерді жерге қаратты. Атап айтқанда, Ангелина Шурыга мәреге – 52-ші, Ксения Шалыгина – 53-ші, Надежда Степашкина – 57-ші және Валерия Тюленева 59-шы болып жетті.