Бейжіңдегі Олимпия ойындарында бақ сынап жатқан Ресей құрамасының спортшылары тағы да допинг дауына ілінді. Дүйсенбідегі жарыс күнінде мәнерлеп сырғанаудан командалық сайыста топ жарған ресейлік спортшылар алтын медальдарынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы әйгілі британиялық Inside the Games басылымы мәлімдеді.
7 ақпанда мәресіне жеткен мәнерлеп сырғанаудан командалық жарыста Ресей құрамасының спортшылары 74 ұпай жинап, өте үлкен басымдықпен жеңіске жетіп еді. Екінші орынды 65 ұпаймен АҚШ олимпиадашылары иеленсе, Жапония құрамасы 63 ұпаймен қола жүлдені қанағат тұтты. Ресей құрамасы сапынан Камила Валиева (суретте), Марк Кондратюк, Анастасия Мишина, Александр Галлямов, Виктория Синицина және Никита Кацалапов Олимпиада чемпионы атанды.
Дәл сол күні жарыс жеңімпаздары марапатталып, оларға тиесілі медальдар тапсырылуы керек еді. Алайда Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) марапаттау рәсіміне екі сағат қалғанда медаль тапсыру сейсенбіге, ал сәл кейінірек белгісіз уақытқа қалдырылғанын мәлімдеді.
Ал кеше Inside the Games басылымы мәнерлеп сырғанаудан командалық марапаттау рәсімі Ресей құрамасының спортшыларының бірінің допинг тесті оң нәтиже көрсетуіне байланысты кейінге қалдырылғанын жазды. ХОК-тың коммуникациялар жөніндегі директоры Марк Адамстың мәліметінше, марапаттау рәсімі Олимпиаданың соңына дейін өткізілуі мүмкін. Бірақ ол жерде ресейлік спортшылардың болу-болмауы белгісіз екені айтылуда. Қазіргі таңда ХОК және Халықаралық шаңғышылар одағы (ISU) арасында заңгерлік консультациялар жүріп жатыр.
Сондай-ақ кеше Батыс басылымдары командалық жарыста өнер көрсеткен ресейлік спортшылар Камила Валиева, Марк Кондратюк, Анастасия Мишина және Александр Галлямов сәрсенбі күнгі жаттығу жиындарына қатыспағанын жазды. Бірақ мұның допинг дауына байланысты екеніне әзірше ешкімде нақты дәлел жоқ.
Ресейлік басылымдардың мәліметінше, Ресейдің мәнерлеп сырғанау федерациясы допинг дауына байланысты ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартқан. Ал Ресей құрамасының дәрігері Александр Озеров бұл мәліметті жоққа шығарды. Егер ресейлік мәнерлеп сырғанаушылардың бірінен тыйым салынған зат табылса және ол расталса, онда Ресей құрамасы Олимпиада алтынынан айырылады.
10 ақпанда БАҚ беттерінде Камила Валиеваның тыйым салынған препарат қолданды деген күдікке ілінгені хабарланды. 15 жастағы Қазан қаласының тумасы 2020 жылдан бастап ересектер арасындағы жарыстарда өнер көрсете бастады. Сол жылы ол Ресей біріншіліктерінде үздіктер қатарынан көрініп, 2021 жылы халықаралық жарыстарда да бой көрсетті. Былтыр Rostelecom Cup 2021 жарысының екі бағдарламасында 272,71 ұпай жинап, әлем рекордын орнатты. Ал жуырда ғана Таллинде мәресіне жеткен Еуропа чемпионатында топ жарып, қысқа бағдарламада да 90,45 ұпаймен жаһан рекордын жаңартқан еді.
Айта кетейік, кейінгі жылдардағы допинг ережесін жиі бұзуына байланысты Ресейдің Олимпиада комитеті (РОК) Халықаралық Олимпиада комитеті тарапынан жазаланып, халықаралық ірі жарыстарда, атап айтқанда, Токио-2020 және Бейжің-2022 Олимпия ойындарында мемлекеттің аты, туы және әнұранымен өнер көрсетуге тыйым салған еді. Ресми жарыстарда ресейліктерге Ресейдің Олимпиада комитеті және оның туы астында ғана жарыстарға қатысуға рұқсат берген. Ал спортшылардың құрметіне елдің әнұраны емес, Чайковскийдің музыкасы қойылады.