Семей полигонынан зардап шеккендерді сауықтыру мәселесіне қол созған елдер жөнінде әңгіме қозғала қалса, алдыңғы қатарда аталатыны – Жапония. Олай болатын жөні де бар. Бір ғана жапондық «ЖАЙКА» (JICA) агенттігі 2000-2005 жылдар аралығында 11 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған. «ЖАЙКА» – Жапония үкіметінің өзге мемлекеттерге грант ретінде көмектесуге бағытталған агенттігі. Осыншама қаражатты (бір бұл ғана емес, әрине) сыртқа қайтарымсыз жұмсау жапондық менталитеттің ерекшелігі болар. Қалай десек те, дер кезінде жасалған бұл жоба радиациялық зардаптардың алдын алу, дер кезінде ем қабылдау секілді аса маңызды шаралардың жүйелі жүзеге асуына шапағатын тигізді.
Осы бағытта атқарылған шаруалардың басы-қасында жүрген «ЖАЙКА» бағдарламасын жергілікті жерде үйлестіру мәселесімен тікелей шұғылданған білікті маман, денсаулық сақтау саласын дамытуда өзіндік қолтаңбасы бар дәрігер Руслан ЕҢСЕБАЕВ болатын.
– Бұл жобаның Семейге келуін айтпас бұрын, қысқаша шегініс жасай кетейін. 1991 жылы Кеңестер Одағы ыдыраған кезде, біздің мемлекетке сол Одақтан қалған ауыртпалықтармен бетпе-бет қалуға тура келді. «Мызғымас Одақ мұраларының» бірі Семей ядролық сынақ полигоны еді. Осы полигонды, әлемдік маңызы барына қарамастан, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев табандылықпен жапқаны белгілі. Мемлекет басшысы жеріміздегі сынақ алаңдарын тоқтатумен қатар, БҰҰ мінберінен «Ядролық қарусыз әлем» жөніндегі бастамасын әуел бастан батыл айтты. БҰҰ Бас Ассамблеясының 57- сессиясындағы Қазақстан басшысының адамзатқа ортақ үні, бейбітшіл ұстанымы жаһанның түкпір-түкпірінде талқыланып жатты. Осы халықаралық басқосуда БҰҰ тарапынан Семей полигонының зардаптары да айтылып, донор мемлекеттердің тізімі де аталған болатын. Ықшамдап айтқанда, міне, осы кезде әлем назары Қазақстанға барынша бұрыла бастады. Соның ішінде Семейге де. Бүгінгі тақырыпқа жақындатып айтар болсақ, Семей өңірінің радиациялық мәселелеріне бірінші болып бет бұрған жапондар болды. Жапон мемлекетінің қайтарымсыз көмегін жүзеге асырған «ЖАЙКА» агенттігі.
«ЖАЙКА» – Жапония үкіметі тарапынан құрылған агенттік. Олардың жұмысы сырт мемлекеттерге радиациялық және экологиялық мәселелер бойынша көмек қолын созуға арналған. Бұл бағытта ірі көлемде қаржы салынатындықтан, жоба жұмыстары өздерінде бірнеше мемлекеттік сараптамалардан өтеді. «ЖАЙКА» жобасын бірден-бір қадағалаушы орын ЮНИКО халықаралық кеңестік-сараптамалық мекемесі.
– Руслан Зейноллаұлы, осы жерде «ЖАЙКА» бағдарламасын жергілікті жерде жүзеге асыруға тікелей атсалысуға, яғни модераторы болуыңызға қандай себептер негіз болғандығын айналып кете алмаспыз.
– Мен ол кезде Семей қалалық денсаулық сақтау басқармасының (1999-2003 ж.ж.) бастығы болатынмын. Жапониядан алғашқы делегация 1999 жылы тамызда табан тіреді. Бұл топта Жапонияның сыртқы істер, денсаулық сақтау министрліктерінің, Нагасаки, Хиросима қалаларының өкілдері мен ғалымдары бар 20 адам келді. Мақсаттары – полигонға қатысты мәселелермен жете танысу. Бастапқы делегацияның мәліметтері бойынша Жапония үкіметі біздің өңірге көмектесу жөніндегі тоқтамға келсе керек. «ЖАЙКА» жобасын Семей жерінде іске қосу бағытында 1999 жылдың қарашасынан 2000 жылдың маусымына дейінгі 6 ай ішінде Жапониядан 17 рет делегация келді. Кейбірі айлап жатып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Одан кейінгі 2000-2003 жылдар аралығында жылына 5-6 делегация келіп тұрды.
Мұны айтып отырған себебім, жобаның нақты әрі нәтижелі болуына екінші тараптың қаншалықты алаңдаулы болғандығын жеткізгім келіп отыр. Маған солардың бәрін қарсы алып, әрбір келісімнің басы-қасында болып, шешім қабылдауға тура келді. Жобаның одан кейінгі кезеңдерінде де жапондықтармен бірлесе жұмыс істеп, біраз игілікті шараларды жүзеге асырдық. Ескерте кетер жағдай, аталған бағдарлама аясында атқарылған жұмыстардың барлығы тең дәрежеде келіссөз жүргізу, мәселе өзектілігіне нақтылы көз жеткізу секілді қажеттіліктерге басымдық беру арқылы мүмкін болды. Олардың ұғымында «ағайыншылық» деген түсінікке мүлде орын жоқ. Біз де сол кездегі әлеуметтік жағдайымыз әлжуаз бола тұра, «алақан жаю» пиғылына мысқалдай жол бермедік. Жобаға енген шаралар түгелдей донорлық ережелер аясында қолға алынды.
– Бағдарламаның нақты бағыттарын таратып айтсаңыз.
– «ЖАЙКА» жобасының бағдарламасы бойынша қолға алынған бағыттар негізінен қаладағы ауруханаларды озық үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықтау, жергілікті дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін халықаралық курстарға жіберу болды. Нәтижесінде, Семейде орналасқан 4 аурухананы халықаралық стандарттарға сай медициналық аппараттармен жабдықтадық. 1 компьютерлік томография, 3 рентген аппараты, 3 УЗИ, 3 эндоскопиялық, 3 жансыздандыру (наркоз), басқа да зертханалық, сәулемен емдеу жабдықтары әкелінді. Бұл жабықтар облыстық аурухана, Орталық қалалық аурухана (ЦГБ), Диагностикалық және Онкологиялық диспансерлерге бөлінді. Жоба аясындағы екіжақты келісім кезеңдерінде Семей медицина академиясының сол кездегі ректоры Төлеген Райсов пен осы мекемелердің бас дәрігерлері Мұхтар Төлеутаев, Қайноллан Мусин, Виктор Чювилев, Марат Сандыбаевтың зор белсенділік әрі біліктілік танытқанын айтпай кетуге болмайды.
Жаңағы аталған медициналық жабдықтардың бағасына келер болсақ, жиыны – 6,5 млн. доллар. Сонымен бірге, 3 жыл ішінде 50-дей дәрігеріміз жапондықтар есебінен Токио, Нагасаки, Хиросима қалаларындағы халықаралық оқу-зерттеу орталықтарынан тәлім алып, тәжірибелерін тереңдетіп қайтты. Соның бәрін есепке алғанда, жапондықтар семейліктер үшін 11 млн. АҚШ долларының инвестициясын салды. Аталған қаржы жоғарыда айтылған ЮНИКО мекемесінің қатаң сараптамасынан соң барып бөлінеді. Бұл экономикамыз енді қалыптасып келе жатқан еліміздің өңірі үшін нағыз уақытында жасалған жәрдем болғанын айта кеткен орынды.
Жоба-бағдарлама 2005 жылы өз мәресіне жетті. Бағдарлама аяқталғанмен, оның өңірімізге тигізген шапағаты жалғаса береді деп есептеймін. Сол жылдарда неше мыңдаған тұрғын дер кезінде диагностикалық қызмет түрлерін тұтынып үлгерді. Қаншама адамның бойындағы ісікті алдын ала немесе ерте кезден анықтауға мүмкіндік туды. Жергілікті ауруханалардың дәрігерлері үздік қондырғылардың қыр-сырын ерте игеріп, сол үрдісті одан ары жалғастырып келеді. Күні бүгінге дейін Семейдің Диагностикалық орталығының қызметі Қазақстан бойынша алда келеді.
– Руслан Зейноллаұлы, кезінде шетелдік инвесторлардың көмегіне арқа сүйеген қала тұрғындары қазір отандық, оның ішінде жергілікті инвесторлардың ықпалын анық сезінуде. Былтырғы жылы Семейде халықаралық тәжірибеге лайықталған бірнеше емхана жаңадан бой көтерді. Соның бірі – өзіңіз басқарып отырған №3 консультативтік-диагностикалық емхана. Бұл дегеніміз, қазақ азаматтарының да қолынан іс келетіндігін, ешкімнен кем еместігін іс жүзінде дәлелдеп тұрғандай ғой.
– Пікіріңіз орынды. Шетелдік инвестицияның орнын біртіндеп ұлттық инвестиция алмастыра бастауы өздігінен бола қалған шаруа емес. Қазақстандықтар мақтан тұтарлық қандай да бір жетістіктер болса, ол – ең алдымен, мемлекетіміздің жүргізіп отырған, саясатының жемісі. Тәуелсіздік алған кезден бастап шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына, іскерлік қабілеттің қанат жаюына кең жол ашылған. Құқықтық мәселелер қарастырылған. Кәсіпкерліктің еркін өрістеуін қолдап отырған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» жөнінде де бағыттар ұсынды. Осы бастама аясында мен 2009 жылы осы клиниканың жобасын қолға алдым. Бизнесті қолдауға бағытталған бағдарламалардың жергілікті жерде жүзеге асуы көбінесе атқарушы биліктің ықпалына байланысты. Бұл тұрғыда мен облыс басшылығына ризашылығымды айтуға тиіспін. Клиниканың құрылысымен арнайы танысып қайтқан ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев осы ғимаратқа қажетті бүкіл инфрақұрылым жүйесін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жасатып берді. Бұл жұмыстар Семей қаласы әкімдігінің үнемі назарында болды.
Бүгінгі таңда емханамыз тәулігіне 250 адамға дәрігерлік қызметтің 22 түрі бойынша жұмыс жүргізу мүмкіндігіне ие. Медициналық қондырғылардың барлығы заманауи талаптың озық үлгілерімен жабдықталған. Біздің мекемеге қаланың радиациялық аймақ деп танылған өңірлерінің тұрғындары көбірек келеді.
– Сізді әр жылдардағы еңбегіңізге қарай «Құрмет» орденінің және «Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері ретінде білеміз. Жоғарыда аталған «ЖАЙКА» жобасымен жұмыс істеген жылдардан да естелік белгі қалған болар?
– Мен ЖАЙКА жоба-бағдарламасын Семей өңірінде жүзеге асырушы-модератор болғанымды әр уақытта қанағатты көңілмен еске аламын. Ең бастысы, халықаралық жобаны жүргізу кезінде, кейін де ол жұмысқа қатысты бірде-бір түсінбеушілік болған жоқ. ЮНИКО халықаралық кеңестік-сараптамалық мекемесі барлық шараны оң бағалады. Бір ерекшелігі, олар атқарылған іске бағаны араға уақыт салып барып беретінге ұқсайды. 2009 жылы маған Нагасаки қаласына шақырту келді. Сол сапарда мен Нагасаки университеті басшылығы бекіткен «ЖАЙКА жобасын Қазақстанда жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін» деген дипломмен марапатталдым.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қайрат ЗЕКЕНҰЛЫ,
журналист.
СЕМЕЙ.