• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
22 Наурыз, 2014

Футболдан Қазақстан чемпионатының екінші туры өтті

260 рет
көрсетілді

Бүгін, 22 наурыз күні Қазақстан футбол чемпионаты премьер-лигасы екінші турының ойындары ойналды. Ол ең аз гол соғылған турлардың бірі болды. Қарсыластар 6 ойында 4 рет қана қақпадан доп алдырды. Бұл туралы ras.kz хабарлады. Турдағы алғашқы ойындар Қарағанды, Шымкент және Семей қалаларында жалау көтерді. Әлгіндегі 4 голдың 3-і осы матчтарда соғылды. Қарағандыда жергілікті «Шахтер» мен «Ақтөбе» арасындағы кездесу жеңімпазды анықтай алмады. Есесіне, осында қақпаларға 2 доп түсті. Оларды 45-минутта ақтөбелік Юрий Логвиненко, 66-минутта Тоқтар Жанқылышбай салды. Осы екі команда биыл көктемде Астанада Суперкубок үшін күш сынасып, маусымды да бастап беріп еді. Ал жеңіске 1:0 деген есепті тіркеген ақтөбеліктер жеткен болатын. Шымкентте өткен «Ордабасы» мен «Астана» арасындағы ойында меймандар 1 гол соғып, жеңіс тойын тойлады. Оны Сисеро өз есебіне жазды. Осы мезгілде Семейде «Спартак» пен Павлодардың «Ертіс» командалары беттескен матчта есеп ашылған жоқ. Бұлардан бір сағат кейін Қызылордада «Қайсар» жасағы «Тараз» жамағатымен, Атырауда қала аттас клуб Қостанайдың «Тобылымен» ұшырасты. Қарсыластар бұл екі ойында да есеп аша алмай тарқасты – 0:0. Ал сағат 18:00-де Талдықорғанда «Жетісу» мен Алматының «Қайраты» арасындағы кездесуде алаң иелері 21-минутта Сергей Шафф салған голдың арқасында жеңіске жетті. Руслан Игілік. Дереккөз: ras.kz. Фото: Sports.kz.