Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Нидерланд Королі Виллем-Александрмен кездесті. Бұл туралы Ақорда. kz хабарлады.
Кездесуде Қазақстан мен Нидерланд арасындағы екіжақты ынтымақтастықты, соның ішінде мәдени-гуманитарлық өзара ықпалдастық аясын кеңейту перспективалары талқыланды.
Нидерланд Королі Қазақстанның және Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқанына тоқталды.
Жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер екі ел арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі дамуына септігін тигізетіні атап өтілді.
Президент Нидерланд Корольдігінің Премьер-Министрі Марк Рюттемен де кездесті.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымдағы мәселелері қозғалды. Бұған қоса, халықаралық күн тәртібінің негізгі жайттары, соның ішінде Украинадағы жағдай қаралды.Тараптар басты назарды ядролық қарусыздану және ядролық қауіпсіздік мәселелеріне, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық және энергетикалық ынтымақтастық аясын кеңейту бағыттарына аударды.Сондай-ақ, тараптар ертең Гаага қаласында өтеді деп жоспарланған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит бағдарламасын талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан үшін Нидерланд Еуропалық Одақтағы негізгі және перспективалық серіктесінің бірі екеніне тоқталып өтті. Оның айшықты айғағы – екі елдің түрлі салалардағы белсенді сауда-инвестициялық ынтымақтастығы. Нидерланд еліміздің экономикасына салынған инвестиция көлемі жөнінен бірінші және сауда серіктестеріміз арасында жетекші орын алады, Қазақстанда Голланд капиталы салынған 800-ге жуық компания өз қызметін жүзеге асыруда.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мен инновациялық саладағы екіжақты өзара ықпалдастықтың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ Голланд компанияларын Астанадағы ЭКСПО-2017 дүниежүзілік көрмесінің жұмысына белсене қатысуға шақырды.Сонымен қатар, тараптар су ресурстарын тиімді басқару және экология, екі елдің транзит-көлік әлеуеті мен логистикалық инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Нидерланд Корольдігі Сыртқы істер министрлігі арасындағы саяси консультациялар бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға, Қазақстан – Нидерланд Іскерлік кеңесін құру туралы келісімге қол қойылды.
Дереккөз: Ақорда. kz.
Фото: Ortcom.kz.