Бейжіңде өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарында топқа түскен шорт-трек шеберлері ішінен Абзал Әжғалиев финалға жолдама алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
500 метр қашықтықта жарыс жолына Абзал Әжғалиевпен бірге Денис Никиша шыққан болатын. Бірінші болып топқа түскен Денис Никиша жартылай финалды төртінші орынмен аяқтап, В тобындағы финалға өтті. Тиісінше ол жүлдеге таласа алмайды. Екінші болып жарыс жолына шыққан Абзал Әжғалиев екінші нәтиже көрсетіп, ақтық сынға жолдама иеленді. Енді Абзал Әжғалиев Олимпиада ойындарының жүлдегері атануға күш салатын болады.