• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 13 Ақпан, 2022

Еуропада дәрі-дәрмекке мұқтаждар азаймай тұр

387 рет
көрсетілді

Еуропа медицинасы қашан да инновациялық жаңалықтарымен көптің назарында. Аймақта обыр сияқты қатерлі ауруларға да дауа болатын дәрі-дәрмектер жасалады. Олардың қатары жиі толығып та тұрады. Алайда Еуропада дәрі-дәрмекке зәру адам көп. 

Сарапшылар Еуропаның дәрі-дәрмек нарығында мәселе жетіп артылатынын айтады. Мысалы, обырға қарсы жаңа дәрі тіркелгені туралы жиі хабарланғаны­мен, Еуропадағы обыр ауруымен ауыратын науқастардың барлығының бірдей жаңа дәріге қолы жетпейтін көрінеді. Мұндай дәріні алу лотерея ұтып алумен тең деседі. Олай деуімізге ұлттық және аймақтық денсаулық сақтау жүйесі, дәрінің баға­сы мен шығыны туралы келісімдер бюрократиясы, аймақтардың емдеудің жаңа тәсілдеріне ілесе алмауы сынды мәселелер себеп. Осы кедергілер көп жағдайда адам өмірін сақтауға мүмкіндік беретін дәрі-дәрмекке қол жеткізуді қиындатады. Бұл көбіне орта деңгейдегі мемлекеттерге ортақ проблема.

Мәселен, Германия мен Даниядағы науқастар 2019 жылы ұсынылған обырды емдеудің жаңа 29 тәсілінің тек 22-сіне қол жеткізе алды. Ол да 2020 жылы мүмкін болды. Ал Словакияда олар­дың тек біреуі ғана науқастарға ұсыныл­ды. Польша, Румыния мен Латвиядағы науқастар бір де бірін ала алмады. Дәрі-дәрмек кейбір елдерге бірнеше жылдан кейін ғана жеткізіледі. Еуропада 10 жыл бұрын тіркелген муковисцидозға дауа болатын Kalydeco дәрісі бүгінде Еуропа одағындағы 27 елдің тек 17-сінде ғана бар. Ал бұл дәрінің тиімді екенін бірқатар зерттеу дәлелдеді.

Негізінен Еуропа одағы жағдайды түзеуге ниетті дейді бірқатар басы­лым. Осылайша, 2019 жылы желтоқсан­да Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйеннің Денсаулық сақ­тау бойынша комиссар Стелла Кириакидеске жазған хатын көрсетеді. Онда президент «Еуропалықтардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмек мәселесін қарастырғаны­ңыз­ды қалаймын» деп жазған. Бұл Еуропа одағы үшін қиындау мәселе. Өйткені денсаулық сақтау ұлттық деңгейде басқарылады.

2020 жылы комиссия мәселені шешу­дің тың жолын ұсынды. Осылайша, дәрі-дәрмек жеткізу мен өндірудегі олқылықтардан бастап, оның бағасына дейін реттеуді көздеді. Бұл, шыны керек, Еуропаның дәрі-дәрмек мәселесіне алғаш рет назар аударуы. Еуропалықтар болса үмітпен қарап, жағдайдың түзеле­тініне сенеді.

Еуропадағы EURORDIS сирек кез­десетін дертке шалдыққандар қауым­дастығының өкілі Симона Боселли «Жаңа заң шын мәнінде пайдалы болып, науқастардың сенімі ақталады деген ойдамын» дейді.

Алайда Еуропа одағының дәрі-дәрмек заңнамасына аймақта препараттарды қолжетімді ету бойынша өзгеріс ен­гізу фармацевтика өндірісіне әсер етпей қоймайтын көрінеді. Сондықтан Еуропа фармацевтика өндірісі федера­ция­сының атқарушы директоры Натали Молл заңнамаға өзгеріс енгізу арқылы мәсе­лені толық шешуге болады дегенге үлкен үміт артпау керегін айтады. «Бұл іске аспауы да мүмкін. Оның дәл қазір бізге көрінбейтін тұстары болуы мүм­кін. Өйткені фармацевтикалық компа­ниялардың жаңа препараттар жасауына, жаңа диагностика тәсілдеріне тосқауыл болуы мүмкін» дейді федерация өкілі.

Фон дер Ляйеннің бұл тапсырмасынан саяси астар іздегендер де аз болмады. Комиссия президенті өзіне ұпай жинауға тырысты деп топшылағандар да табылды. Алайда одақтағы экономика мен инновацияны қолдап, азаматтарға препараттарды жеткізудегі тосқауылдарды жою, денсаулық сақтау жүйесі жаңа дәрі-дәрмекке қол жеткізіп, оны өндіре алатын жағдай жасау оңай шаруа емесін түсініп, лайық бағасын берген де дұрыс.

Жергілікті медицина науқастарға бар­лық мүмкіндік ұсынылмауына баға­ның да кедергі екенін айтады. Еуропа­да қолжетімділік шегі деген түсінік қалыптасқан. Еуропа комиссиясы дәрі-дәрмекті мақұлдап, тіркегенімен баға мә­селесі ашық қалады. Еуропа одағын­да препараттар мен емдеудің жаңа тәсілін қолжетімді бағада ұсыну мүмкіндігі шектеулі.

Фармацевтикалық стратегия аясында ең алдымен Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінде қанатқақты жоба: компаниялардан дәрі-дәрмек сатуға қатысты ақпарат алынбақ. Бұл осы саладағы ашықтықты қамтамасыз еткенімен, компанияларда әзірге бұл ақпаратқа қатысты ешқандай заңдық жауапкершілік жоқ көрінеді. Дегенмен идеяны жақтаушы­лар аталған қадам дәрі-дәрмек бағасы­ның арзандауына алып келеді деген сенімін жасырмады. Өйткені баға туралы ақ­па­раттың ашықтығы бәсекелестіктің артуына жол ашады. Ұсыныс аясында жаңа заң дәрі-дәрмек шығаруға кете­тін шығын, мемлекет тарапынан беріл­ген инвестиция, фармацевтикалық зат­тар­дың құрамы, патенттер саны мен жарам­дық мерзімі сынды ақпарат талап етуі мүмкін. Сарапшылар қосымша ақпарат сұрату жасанды дәрі-дәрмек өнді­ретін компаниялардың жолын кесу­ге жақсы мүмкіндік дейді. Алайда ком­­паниялар мұндай ақпараттың талап еті­луіне қарсы. Өйткені зерттеу мен өн­діруге кеткен шығынды есептеу қиын­ға соғады. Мәселен, коронавирусқа қар­сы BioNTech вакцинасының жасалуына бір­неше жыл кеткен. Ал лицензия алу үшін сол бірнеше жылдық зерттеудің шығы­нын көрсету қиын дейді фарма­цевтика саласының өкілдері. Оның үсті­не Одақ­қа мүше елдердің әрқайсы­ның өзін­дік баға­сы бар, сондықтан шы­ғын да әртүрлі. Ал бұл түптеп келгенде ел­де­гі эко­­номикалық талаптарға тәуелді ба­ға­лар ара­сындағы айырмашылықты жоймақ.

Еуропа одағында дәрі-дәрмек азамат­тардың барлығына бірдей қолжетімді емес. Сандарға назар салсақ, Одақ дәрі-дәрмек үшін жылына 200 млрд АҚШ долларынан астам қаражат жұмсайды екен. Оның 76 пайызы нақты фирмалардың өнімдеріне бағытталады. Шығын жыл сайын артады, ал жекелеген елдердің денсаулық сақтауға бөлінетін бюджеті кеңейіп келеді.

Қажеттілікті жоюдың тағы бір жолы – монополияны жою. Иә, Еуропадағы фармацевтика саласы да монополиядан ада емес. Өйткені компаниялар патентке қол жеткізгеннен кейін бәсекелестігі аз нарыққа шығады.

Пандемия кезінде Еуропа вакцина дайындап, фармацевтика саласының дамы­ғанын бір дәлелдегенімен, шешіл­ме­ген сұрақтар әлі де бар. Әлемдік нарық­та инновациялық жаңалықтарымен танылып жүрген Одақтың өз азаматтарын ауадай қажет дәрі-дәрмекпен толық қам­тамасыз ете алмауы үлкен сын. Де­ген­мен көтерілген мәселе мен заңдық тұр­ғы­да өзгеріс енгізу идеясы ең алдымен аймақтағы науқастардың үмітін қайта жаққаны анық.