Өткен демалыс күндері футзалдан Қазақстан чемпионатының 13-14-тур ойындары өз мәресіне жетті. Турдың тартысты бәсекесі көш басында иық тіресіп келе жатқан «Қайрат» пен «Атырау» арасында өрбіді.
12-турдан кейінгі жағдай бойынша «Атырау» турнир кестесінде 27 ұпаймен көш бастаған болса, екі ойын кем өткізген «Қайрат» 25 ұпаймен келе жатқан-ды. Екі ұжым арасындағы сенбі күнгі алғашқы ойында (13-тур) Алматының «Қайраты» қарсыластарының қақпасына жауапсыз бес гол соғып, ірі есеппен жеңіске жетті. Биылғы Еуро-2022 чемпионатының үздік сұрмергені Біржан Оразов дубльдің авторы атанса, Витао, Игита және Альберт Ақбалықов бір-бір реттен мергендік танытты.
Келесі күнгі матчта (14-тур) командалардың күштері тең болды – 2:2. Дегенмен бұл кездесу де «Қайраттың» жеңісімен аяқталуы да мүмкін еді. Алайда «Атырау» футзалшылары тез арада есепті теңестіріп үлгерді. Алматылықтар сапынан бұл ойында Витао мен Біржан Оразов көзге түссе, «Атыраудан» Део мен Жако Амандосов гол соқты.
Екі ойынның қорытындысы бойынша «Қайрат» 29 ұпаймен көш басына шықты. Ал «Атырау» 28 ұпаймен екінші орынға түсіп қалды.