Әзербайжан астанасы – Бакуде батуттағы гимнастикадан кезекті Әлем кубогы кезеңі аяқталды. Дүниежүзінің үздік спортшылары қатысқан додада жерлестеріміз де жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Батуттағы гимнастика жарысының биылғы маусымдағы алғашқы жарысы Бакудегі Әлем кубогы кезеңімен басталды. Жылдың алғашқы додасында бақ сынаған отандасымыз Данил Мұсабаев қола жүлдеге қол жеткізді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, былтырғы Италияда өткен Әлем кубогы кезеңінде күміс жүлде алған ол финалда 58,890 ұпай еншілеп, үздік үштікті қорытындылады. Бас жүлдені Токио Олимпиадасының жеңімпазы, екі дүркін әлем чемпионы Иван Литвинович (Беларусь) иеленсе, күміс жүлдені Литвиновичтің отандасы Андрей Буйлов жеңіп алды.
Айта кетерлігі, синхронды секіру бойынша Роман Барков пен Игорь Грачев финалда бесінші орынға табан тіреді.