• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2014

Жасөспірімдер ісіне жүрдім-бардым қарауға болмайды

290 рет
көрсетілді

Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық прокуратурасы аудандық ішкі істер бөлімі қабылдаған әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулыларының заңдылығын тексеру барысында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің талаптары бұзылғандығын  анықтады. Кодекстің 599-бабы 2-тармағында прокурор кәмелетке толмаған адам жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстiң қаралатын орны мен уақытын, сондай-ақ әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғатын құқық бұзушылық туралы хабардар ететіні айтылған. Ол болмаған кезде, мұндай iс тек iстiң қаралатын орны мен уақыты туралы прокурорға дер кезiнде хабарланғандығы туралы деректер болған және одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiш түспеген жағдайда ғана қаралуы мүмкiн. Кодекстің 649-бабында судья, орган (лауазымды адам) әкімшілік істі қарау кезінде әкімшілік құқық бұзушылық жасалғанын, осы адамның соны жасауға кінәлілігін, оның ол әкімшілік жауаптылыққа жататынын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болуын, мүліктік залал келтірілгенін анықтауға, сондай-ақ істі дұрыс шешу үшін маңызы бар басқа да мән-жайларды анықтауға міндетті екендігі келтірілген. Кодекстің 589-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуге әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адам кәмелетке толмаған болса, қорғаушының қатысуы мiндеттi делінсе, Кодекстің 586-бабы 6-тармағында он сегiз жасқа толмаған адам жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қаралған кезде оның заңды өкiлiнiң қатысуы мiндеттi екені атап көрсетілген. Кәмелетке толмаған адамның заңды өкiлi келуден жалтарған жағдайда оған iшкi iстер органының (полицияның) алып келуi қолданылуы мүмкiн екені көрсетілген. Десек те, тексеру барысында аудандық ішкі істер бөлімі лауазымды қызметкерлерінің аталған Кодекс талаптарын орындамай, әкімшілік істерді қарауда заң бұзушылықтарға жол бергені анықталды. Атап айтқанда, Жаңақорған аудандық ІІБ-нің инспекторы Б.Мырзабаев 2013 жылғы 6 тамызда жасы кәмелетке толмаған Е.Садыққа  Кодекстің 377-бабы 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. Осыған орай аудандық бөлім бастығының орынбасары Б.Әбубәкіров оған екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 3462 теңге айыппұл салған. Көп ұзамай айыппұл өндіріліп алынған. Бұл жерде ішкі істер органдарының қызметкерлері аталмыш істі қарау кезінде заң талаптарын өркескел бұзып алған. Атап айтқанда, істің жайын прокурорға хабарламаған, айыпталушыға қорғаушы мен заңды өкілдің қатысуын қамтамасыз етпеген, ақырында кәмелетке толмаған жасөспірімге негізсіз айыппұл салған. Аудандық ішкі істер бөлімі мұндай заңсыз әрекетті тағы бір кәмелетке жасы толмаған жасөспірім А.Маткуяповқа қатысты да жасаған. Бөлім бастығының орынбасары Д.Тұрабаев оны қорғаушының қатысуынсыз жауапқа тартып, Кодекстің 394-бабы 1-бөлігімен оған он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 17 310 теңге  айыппұл салған. Осы тектес өрескел заңсыздықтарға ювеналды полиция инспекторлары С.Бүргенбаева мен Ә.Нысанбаев та, учаскелік полиция инспекторы Б.Қалабаев та жол беріп қойған. Олар Кодекстің 333-бабы 1-бөлігімен жасы кәмелетке толмаған Г.Жалибек, А.Қалдарбек, А.Бектұрған, Б.Балғабай, А.Айназарға қатысты әкімшілік құжаттарын толтырған. Бұларда да жоғарыдағыдай заң бұзушылықтар орын алған. Осыған сәйкес Жаңақорған аудандық прокуратурасы жоғарыда аттары аталған жасы кәмелетке толмағандарға  қатысты әкімшілік жаза қолдану қаулыларының күшін жою жөнінде наразылық келтірілді. Олардың қарау қорытындысымен заңсыз қабылданған қаулылардың күші жойылды. Руслан Пірназар, Жаңақорған аудандық прокурорының көмекшісі.   Қызылорда облысы.