Халықтың қадір-қасиетін, дәстүрі мен тәжірибесін, пәлсафалық, әлеуметтік көзқарасын, қаһармандық рухын, ата кәсібін, тілін, діни, даналық қағидаттарын, тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, өнерін, мінезін жете түсінбейінше, көреген, бекзат, намысты көшбасшы атану қиын.
Шынайы көшбасшы халықтың керегін тауып береді, көсемдікпен өнімді іске бағыттайды. «Елді сөкпей, кенді төкпей», тұп-тура ситуацияның өзімен шұғылданады. Қаңқу сөзге берілмей, береке-бірлікті бекемдеуге қажыр-қайрат жұмсайды. АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джефферсон «Тәуелсіздік Декларациясында»: «Адамдардың барлығы тең жаратылған», «абыройымызды ардақтап, таза сақтауға серт береміз» деп жазса, бірінші инауграция кезіндегі сөзінде (1801 жыл, 4 наурыз): «Жүрегімізбен, ақылымызбен бірігейік!», «Әлеуметтік қатынастарды қалпына келтірейік», «Еңбек адамының еңбекпен тапқан бір үзім нанын қолынан тартып алмайтын дана да байсалды басқару туралы пайымдау керектің керегі» дейді. Мұнда мемлекеттің ұстанымы ақыл, жүрек, теңдік, еңбек, абырой, тазалық, даналық екені нақты көрсетілген.
Алматы трагедиясы біздің қоғамның, халқымыздың мүсәпір халін әлемге әшкереледі, «жасауылың тырнадан болса, күнің қиқумен өтер» дегенді дәлелдеді, түпсіз өтіріктердің дендегенін, «жағымпаздықтың нағыз эпидемияға айналғанын» (Теодор Рузвельт) көрсетті.
Халықтың қанын сүлікше сорған «аюдай ақырған шенеуніктер» (Жүсіпбек Аймауытұлы) тәуелсіздікті «жүгенсіздік» деп ұқты. Халықтың обал-сауабына қарамады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аузынан айдың-күннің аманында Қазақстанда 1 млн кедейдің бары айтылды.
Ендігі мақсат – Жаңа Қазақстанды құру, билік пен халық бірігіп, мемлекетшілдік тұрғысынан тонның ішкі бауындай жақындасып, мүдделестік таныта жақсылыққа ұмтылуы керек.
АҚШ-тың 26-шы президенті Теодор Рузвельттің көрсетуінше, ел басшысының ең басты міндеті – ұлты үшін көркем мінез-құлықтың иесі болу, адамдарды батыл да айқын істерімен, турашыл тұлғалық қасиеттерімен, барша өзіндік өзгеше мінез-құлқымен, тағылым-өнегесімен жігерлендіру. Сондай-ақ ой-толғамдарын әрекетке көшіру, жөн сілтеу, жетекшілік ету, ақиқатқа жүгіну, қаны сорғалаған шындықтың көзіне тура қарап, харекет жасау, негізгі мақсаттан тайқымау, адалдық таныту, стратегиялық, концептуалды ойлауға машықтану, қазымыр болудан бас тартып, адамдарға қызмет жасау. Конституцияның ел мүддесіне орайлас болуы, жеке тұлға мен қоғамның, ұлттың құқығын толық жарастыру, келістіріп ымыраластыру да аса маңызды. Егер де үркердей топ есепсіз байлық пен билікке ие болса, халық қоғам болудан ажырап-адасып, менмен байлардың құлына айналады. Лидер осындай әлеуметтік топтардың тепе-теңдігін сақтауға жұмыс істеуі керек. Бұл орайда жеке адамдардың бастамашылдығын, шығармашылық еңбегін қолдау дұрыс.
Т.Рузвельттің мемлекет басқару өнеріндегі айрықша бір лидерлік харекетін айтар болсақ, 1902 жылдың 2 қазанында шахтерлердің жаппай ереуіліне орай Ақүйде өткен мәжілісте ереуілшілерді тілдемей, қоғам тілегін ескеріп, адамдарды кінәламайық деп, ситуацияны жеңілдетуді ғана айтты. Содан соң толқу сап тыйылды. Иә, Т.Рузвельттің сөзі әрекеттің, парасаттың тілі еді. Ел басқару, көш бастау, тұлға атанудың шарттары осылай болса керек-ті.
Абай «Көптің қамы», «Көп азығы» дейтін ұлы ұғым-түсініктердің сырын, көптің таза тілегі не екенін былайша ұғындырады:
«Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған
Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін!
Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп, көк итті күнде жемек.
Ғадәлет пен мархамат – көп азығы
Қайда көрсең, болып бақ соған көмек.»
«Көп азығы» – әділет, рақым, мейірім. Әу бастан халықтың мүддесін «Тәңірі ойлаған», сондықтан оған жәрдемдес, жақсылық жаса. Себебі халықтың даналық тәжірибесі – мұхит. Демек ел басқару өнерінде мемлекетке, халыққа, болашаққа ұлағатты басты тұлға ұлттың моральдық, этикалық, әлеуметтік-саяси құндылықтарын болмысына сіңіріп, қайраткерлік, санаткерлік, тұлғалық асыл қасиеттерін елінің, жерінің өркендеуіне жұмсауға тиіс.