• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Бокс 16 Ақпан, 2022

Болгарияда жұдырықтасады

313 рет
көрсетілді

Ертең Болгарияның бас шаһары – Софияда бокстан дәстүрлі Strandja-2022 халықаралық турнирінің жалауы желбірейді. Биыл 73-ші мәр­те ұйымдастырылып жатқан байрақты бәсекеде дүние жүзінің 40-қа жу­ық мемлекетінің былғары қолғап шеберлері өнер көрсетеді деп кү­тілуде. Олардың арасында қазақстандық гүрзі жұдырық иелері де бар.

1950 жылы тұсауы кесілген бұл дода әуесқой бокстан Еуропадағы ең көне халықаралық жарыстың бірі саналады. Сол жылы ұйымдастырылған алғашқы турнирде барлық салмақта жергілікті спортшылар жеңімпаз атанып, Христо Попов бәсекенің ең үздік боксшысы деп танылды. Уақыт ұзаған сайын Странджа мемориалының географиясы кеңейіп, турнирге алыс-жақын шетелдің бокс­шылары да қатыса бастады. Ал Сары құрлықтың ең үздік құрамалары саналатын Қазақстан, Өзбекстан, Үндістан, Таиланд, Моңғолия, Қытай, Оңтүстік Корея, Иран, Қырғыз Республикасы секілді елдердің боксшылары бұл додаға сәл кейінірек қосылды.

Халықаралық турнирдің қанаты кеңге жайылып, мәртебесінің артуына бұрынғы және қазіргі бокс жұл­дыздары зор үлес қосты. Атап айт­қанда, Болгариядағы бәсекеге әр жылдары Хельсинки Олимпиадасының қола жүлдегері Анатолий Булаков, Мәскеу Олимпиадасының чемпиондары кубалық Армандо Мартинес пен болгариялық Петар Лесов, Атланта Олимпиадасының жүлдегері Тончо Тончев, кәсіпқой бокс­тың аса ауыр салмағындағы әлемнің экс-чемпионы болгариялық Кубрат Пулев, Афина Олим­пиадасының күміс жүл­дегері британиялық Амир Хан, Оли­м­­­пиада және әлем чемпиондары ре­сей­лік Александр Поветкин мен ита­лиялық Роберто Каммарелле, Олим­пиада жеңімпазы, кәсіпқой бокс­тан әлемнің абсолютті чемпионы украи­налық Александр Усик, үш дүркін Олимпиада, бес дүркін әлем чемпионы кубалық Феликс Савон және тағы басқа боксшылар осы турнирде өнер көрсетіп, жүлдеге таласқан болатын.

Ал жарыстың ең көп жеңімпазы кімдер деген сұраққа келсек, қазіргі таңда небәрі төрт боксшы ғана халық­аралық жарыста екі реттен көп бас жүлдені жеңіп алған. Оның үшеуі болгариялық боксшылар болса, біреуі үндістандық спортшы. Мәселен, Цачо Андрейковский (1974, 1976, 1978, 1979) мен Даниил Петров (1994, 1997, 1998, 1999) бәсекенің төрт дүркін жеңімпазы саналады. Тағы бір жергілікті боксшы Серафим Тодоров (1989, 1993, 1996) үш рет тұғырдың ең биік сатысынан көрінген. Ал үндістандық Амит Пангал бұл турнирде 2018 және 2019 жылдары қатарынан екі рет өз салмағында үздік шыққан.

Болгария бокс федерациясы таратқан ақпарат бойынша, биылғы турнирдің уақыты бір аптадан 10 күнге дейін ұзар­тылып, жекпе-жектер Софиядағы «Миллениум Гранд» қонақүйінде өтеді. Сондай-ақ Халықаралық бокс федерациясы (IBA) жарыс жеңімпаздарын ынталандыру үшін ірі көлемде қаржылай сыйақы тағайындап отыр.

Азия бокс федерациясының мәлі­метінше, Болгариядағы бәсекеде Сары құр­лықтың кейінгі онжылдықтағы ең мықты бокс­шылары қатысады деп күтілуде. Әлем­дік бокс державаларының бірі саналатын Қазақстан құрамасы сапынан аталған жарыста 26 боксшы (ерлер және әйелдер) шар­шы алаңда өнер көрсетеді. Олардың қата­рында былтырғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан мен жас­тар арасындағы әлем және Азия чемпион­дары да бар.

Ал Өзбекстан құрамасы Бол­гарияға 26 боксшы апармақ. Ала тақиялы ағайындар бұл турнирде тә­жірибелі боксшылары мен жас та­лант­тарына үміт артады. Атап айт­қанда, алдағы жарыста был­тырғы әлем чемпионатының жүлдегер­лері Аб­­думалик Халаков пен қандасы­мыз Мадияр Сайдрахимов, Рио Олим­пиадасының жеңімпазы Хасанбой Дусматов және Азия чемпионы Саид­жамшид Жафаров бақ сынайды.

Былтырғы Strandja-2021 турнирінде жерлестеріміз аса сәтті өнер көрсетті деп айта алмаймыз. Өйткені Токио Олимпиадасына байланысты бірінші нөмірлі боксшылар бұл турнирге қа­тысқан жоқ. Бапкерлер құрамы Болга­рияға негізінен жас боксшыларды алып барды. Олар: Олжас Байниязов, Бейбарыс Жексен, Саматәлі Төлтаев, Қуан Қуатов, Нұрқанат Райыс, Бауыр­жан Байғоншеков, Сағындық Тоғамбай, Айболды Дәуренұлы және Әділ Басы­ғараев. Турнир қорытындысы бойынша 9 боксшымыздың тек екеуі ғана жүлдеге ілікті. 75 килода жұдырықтасқан Нұр­қанат Райыс пен жастар арасындағы Азия чемпионы Бейбарыс Жексен (57 кг) қола медаль иеленді.