Қазақстандық Astana Qazaqstan Team велокомандасының өкілі Алексей Луценко Испания тас жолында өткен бір күндік «Классика Хаэн» веложарысының жеңімпазы атанды.
Испанияның ЮНЕСКО қамқорлығындағы ең көне екі қаласы – Баэса мен Убеда аралығын жалғаған 188 шақырым қашықтықта Қазақстан чемпионы Алексей Луценко алдына жан салмады. Lotto Soudal командасының бельгиялық өкілі Тим Велленс мәре сызығын екінші болып қиып өтсе, тағы бір бельгиялық велошабандоз Лоик Влиген (Intermarché – WantyGobert Matériaux) үшінші сатыға табан тіреді.
Бір күндік жарыста Луценконың жеңіске жетуіне Astana Qazaqstan Team велокомандасының өкілдері – Нұрберген Нұрлықасым, Дмитрий Груздев, Юрий Натаров, Евгений Федоров (бәрі де – Қазақстан), Мигель Анхель Лопес (Колумбия) және Давиде Мартинелли (Италия) көмектесті.
Айта кетейік, А.Луценко осы нәтижесінің арқасында жаңарған Astana Qazaqstan Team велокомандасының халықаралық жарыстардағы алғашқы жеңісін тіркеді.