Өз елімізде өндірілген өнімдер өзге елдердің тауарларымен иық тірестіре сатылып, саудасы жүріп тұрса дейтін игі мақсат бірден орындалмаса да, біртіндеп жүзеге асатыны анық. Қазірдің өзінде қазақтың макароны мен қамыры, кәмпиттері Ресей мен Қытай сөрелерінен табылуда.
Сол сияқты алдағы күндері Қазақстанда өндірілетін велосипедтер Швейцарияның нарығында сатылымға түсетін болады. Бұл туралы осы келісімге ұйытқы болған «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі қуана мәлімдеп отыр. Отандық «NOMAD» бренді бар алматылық «MERIDA-KZ» компаниясы қос дөңгелекті көліктердің сынамалық партиясын Санлежье қаласына аттандырды. Нәтижесінде «KAZNEX INVEST» қолдауымен аталмыш кәсіпорын «VELO-PASSION SARL» мамандандырылған велодүкені арқылы «NOMAD» велосипедтерін сатуды Швейцария аумағында ілгерілету және дамыту туралы келісімге қол жеткізді.
Еуропалық тарап өнімнің алдын-ала техникалық тексерістердің нәтижелері бойынша «NOMAD» велосипедтері артықшылығы мен құрастыру сапасы тұрғысынан еуропалық нарықтың талаптарына сәйкес екендігін растады.
«Неге Швейцария? Бұл елдің халқы 7,7 миллион адамды құрайды, сонымен қатар, велосипедпен жүрушілер саны 4 миллионға жетеді! Бұл – велосипедтер елі, бұл – саламатты өмір салты. 1998 жылы Швейцарияда ұлттық велосипедтік бағыттар желісі түріндегі «Veloland Schweiz» жобасы басталған. Кейбір қалаларда қос дөңгелекті көлікті кепілзат беріп, тегін жалдауға болатын бағдарлама жұмыс істейді. Сондықтан біз үшін, өндіруші ретінде, Швейцарияның нарығына шығу өнімнің сапа деңгейін көрсету үшін және сатылымның жаңа деңгейіне шығу үшін өте жақсы мүмкіндік болып табылады», – дейді «MERIDA-KZ» директоры Марат Ақынғазиев.
Велосипедтерді шығаратын Орталық Азия елдерінің ішіндегі жалғыз қазақстандық өндіруші үшін бұл – экспортқа шығудың алғашқы қадамдары болып табылады. «KAZNEX INVEST» қолдауымен таяу шетелдер, Ресейдің, Тәжікстанның және Ауғанстанның нарықтарын игеру алдағы жоспарда тұр.
«MERIDA-KZ» компаниясы велосипедтер өндірісін 2007 жылы бастаған. Қос дөңгелекті көліктердің балаларға арналған, қалалық модельдерінен бастап МТВ-профи және ВМХ деңгейіне дейінгі 28-ден астам модельдерін шығарады. Ал «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі ҚР ИЖТМ шешімімен 2010 жылғы 10 сәуірде «KAZNEX» экспортты дамыту және ілгерілету корпорациясы негізінде құрылған. Өз қызметін 2010-2014 жылдарға арналған ҚР ҮИИДБ жүзеге асыру аясында атқарады. Бұл шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету жүйесінің ұлттық операторы, сондай-ақ шетелдік инвесторларды тарту және олармен жұмыс бойынша мамандандырылған мемлекеттік компания болып табылады. «KAZNEX INVEST»республикалық бюджеттен қаржыландырылады және өз қызметтерін ақысыз негізде көрсетеді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.