• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Наурыз, 2014

Ұлытаудай ұлы іске Қаратаудай қорған болған қазақ перзенті

446 рет
көрсетілді

БЕЙБІТШІЛ БОЛМЫСЫМЫЗДЫҢ БЕЛГІСІ

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың туған елі ғана емес, сонымен бірге, әлем халқының бейбіт өмірі жолында атқарған перзенттік парызы туралы көп айтуға болады. Мұны әлемнің әйгілі саясаткерлері де мойындап отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Bike for Peace» ұйымының жетекшісі, норвегиялық тарихшы Торе Наерланд «Қазақстанның ядролық қаруға қарсы атқарған қыруар және жансебіл жұмысы туралы барша әлемдік қоғамдастық білуі тиіс» деп атап өткені мәлім. Толығырақ тоқталсақ, Торе Наерланд мырза Қазақстандағы ядролық қарусыздану тарихы жайында айта келіп, «Қазақстанның ядролық қарусыздану тарихы және осы елдің жаппай қырып-жоятын қару-жарақты таратпау үдерісіне үлес қосуы 1991 жылдан бастау алады. Ол кезде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көрегендік танытып, қуаты жағынан әлемде екінші орында тұрған Семей полигонын жабу туралы шешім қабылдады. Қазақстан аумағында 1400 ядролық оқтұмсық орналасты. Осындай ядролық арсенал Ұлыбритания, Франция мен Қытайды екі орап алатын. 1994 жылы Н.Назарбаев ядролық қарудан бас тарту жөніндегі тарихи шешімін шығарғаннан кейін, Украина мен Беларусь та осы ізгі жолды таңдады. Осыдан кейін Қазақстан барлық ядролық қарудан және оған қажетті инфрақұрылымнан құтылып, оқтұмсықтар шахталарын толығымен жойды. Бұдан басқа, Қазақстан байытылған уранды қауіпсіз қалыпқа түсіру бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асырды. 2009 жылы Қазақстан әлемдегі алғашқы ядролық қарудан азат аймақ құру ісіне белсене қатысты. 2010 жылы тамыздың 10-ы күні Қазақстан Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтті. Бұл күн Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында қабылданған болатын», деген-тін. Халқымызда «қолда барда алтын­ның қадірі жоқ» немесе «ағайын бар болсаң, көре алмайды, жоқ болсаң, бере алмайды» деген сөз бар. Сондықтан, барымызды бағалап, нарымызды саралап отырған сонау кәрі құрлықтағы еуропалық «Bіke for Peace» ұйымына және оның жетекшісі, норвегиялық тарихшы Торе Наерланд мырзаның Қазақстан мемлекетіне, оның басшысына һәм халқына қарата айтқан бір ауыз жылы сөзіне тек қана алғыс айтқан ләзім. Ұйым жетекшісі жазған хатта айтылғандай, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­зар­баевтың ядролық қаруға қарсы күресте негізгі қозғаушы күштің бірі болып табылатындығы жалған емес. Мұны тек «көрмес – түйені де көрмес» немесе таскерең сая­сатшылар ғана мойындамас. Осыдан үш жыл бұрын 29 тамызда Қазақстан жұртшылығы ядролық полигонның күлі көкке ұшқанына 20 жыл толғанын атап өтті. Оның да себебі бар. Өйткені, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстан басшысының ұсынысы бойынша Семей полигоны жабылған 29 тамызды бүкіл әлем бойынша Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялаған болатын. Тамыз айына келсек, ол да адамзат баласы үшін тағдырлы-талайлы ай. Мысалы, 1945 жылы 6 тамызда Америка Құрама Штаттары Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына атом бомбаларын тастағаны мәлім. Сон­дықтан, әлем халықтары назарын ядролық және жаппай қырып-жою қаруларын таратпау мәсе­лесіне аударуға арналған іс-қи­мыл күнін Қазақстан халқының қару­сызданудағы көшбасшылық рөлін жалпақ жаһанға лайықты түрде паш ету деп те түсінуіміз қажет. Кеңес Одағының маршалдары мен генералдары Семей даласында 42 жыл бойы ядролық сынақ жүргізді. Оның зардабы адам төзгісіз болғаны айтпаса да түсінікті. Белсіздік пен бедеуліктен жас шаңырақтар шайқалып, бірінен кейін бірі ортасына түсіп, күйреп жатса, ал кемтар жандар қайғысын тілмен айтып жеткізу мүлде мүмкін емес еді. Сол тұста Қазақстан билі­гінің басында Нұрсұлтан Назарбаевтың орнында басқа бір «бірінші» бола қалған жағдайда, ол аза бойыңды қаза қылатын бұл қасіретке нүкте қояр ма еді, қоймас па еді, деп те қобалжи ойлайсың. Адам жасы ұлғайып, ойы кемелдене түскен сайын тарихи, саяси кітаптардың да «қызығына» беріле бастайды. Жақында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бейбітшілік кіндігі» деген кітабын қайта бір оқып шықтым. Сонда мынандай жолдар бар екен. Оқиық. «1989 жылы 30 мамыр күні Алматы-Іле аумақтық сайлау округінен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде Кеңес Одағының ең жоғарғы заң шығарушы орга­ны­ның мінберінен сөйлеуіме тура келді. Айтылатын әңгіме көп, ал регламент қатаң. Съезде төраға­лық еткен Михаил Горбачев көзіл­дірігінің шынысы жалтылдап, мұ­қият, сақтана қарайды: жария­лы­лық жақсы, бірақ шамаңды да біл дегендей. Орнымнан тұра беріп, бәрін, әсіресе, ең бастысын айтып үлгерем бе деп ойладым... Мінберден сөйлеп тұрып «1949 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, жарылыстарды әуелі жер бетінде бастаған Семей ядролық полигоны туралы айтқым келеді. Сол кезден бері төңіректегі жұрт саны төрт есе өсті. Бірақ әскерилер бізді «сынақтар адам денсаулығына, тіпті, пайдалы-мыс» деп сендіргісі келеді. Біз мұның бүгінде мемлекеттік қажеттілік екенін білеміз. Бірақ атом жарылыстарының айналадағы ортаға әсерін шындап терең талдау, бұл туралы жұртқа айтып беру керек қой. Сол жерлерде күн кеше­тіндердің өмірін жақсартуға қажет біршама шығынды айтпағанның өзінде...» деген сөздерімнен кейін-ақ халық депутаттары арасын­да, әсіресе, залдың төрттен бірін құ­райтын әскери киімді депу­тат­тардың арасында әлдебір қозғалыс басталғанын байқадым. Бірдеңе шамалы өзгергендей еді. Ненің өзгергенін баяндамадан, сөзден кейін түсіндім. Қатынас өзгерген еді. Елдің ең басты страте­гиялық объектісіне қастандық қой! Ырың-жырың басталып жүре берді. Кулуарда естімеген сөзім жоқ. «Үйдің қоқысын» шығарыппын (?), сая­си «ұпай» жинаппын, сатылып кетіппін (кімге екенін айта қой­мады), ақыр аяғында, ең ауыр айып – державамыздың қорғаныс қабілетін бүлдіріппін. Ал бұл кезде, 1989 жылдың нақ басынан бастап біздің қазақстандық халқымыз, кеңестік үйден «ядролық қоқысты» шығарып тастауды армандап, ажал полигонына қарсы көтерілген болатын. 1989 жылы 28 ақпанда Семей ядролық полигонында жер қойнауындағы сәтсіз аяқталған жарылыс салдарынан айналадағы ортаға радиоактивті газ шыққаны туралы хабар жеткен соң, Алматыдағы Жазушылар үйі жанында қарсылық митингісі өтті де, ол халықаралық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының құрылуына түрткі болды, оны әлем­ге танымал ақын әрі қоғам қай­раткері Олжас Сүлейменов басқар­ды». Нұрсұлтан Назарбаевқа Прези­дент болып сайланғаннан кейін де «халыққа аймақтық астам ядро­­лық держава керек пе, әлде бей­біт­­шілік аумағы керек пе?» деген сауалға ­жауап таңдау керек болды. Мысалы, сол тұста Қазақ­стан аумағында қандай желеумен болса да ядролық қаруды қалды­ру керектігін кейбір сая­­­саттану­шылар, сарапшылар, бір­қатар әскерилер, жекелеген қо­ғамдық қозғалыстар, соның ішінде «Азат», «Алаш» қозғалыс­тары мен бірқатар басқа да қоғамдық бірлестіктердің белсенділері төтесінен мәлімдеген. Пікірталасқа БАҚ-тар да «май» құя түсті. Сол тұста Қарулы Күштер полковнигі бір беделді газет бетінде «Тежеу қаруынсыз (бұл жағдайда ондай нәрсе ядролық қару) қалып, біз әртекті авантюристер үшін есігімізді шалқасынан ашып тастамаймыз. Біздің шекараларымыздың қауіпсіздігіне қазір кім кепілдік бере алады? Әлде шынында да, біздің қорғауға татырлық ештеңе­міз жоқ па? Ядролық қарусыз біз Кувейттен күштіміз бе?..» деген сарында намысты қамшылайтын ауыр сөздер де айтты. Бірақ дана халық дегеніне арқа сүйеген Елбасы өз шешімін өзгерт­­­кен жоқ. Президент Нұрсұлтан Назар­баев сәтті минуты соқты-ау деген кезде Семей ядролық полигонын өзінің ең алғашқы тарихи Жарлықтарының бірімен, тіпті, Кеңес өкіметі әлі тарамаған тұста-ақ жауып тастады. Сөйтіп, әскери шен-шекпенділердің өктемдігі мен қоқан-лоққысына қарамастан, ел мен жер мүддесі жолында аса күрделі шешім қабылданып, Елбасының адамзат баласының бейбіт өмірін қалайтын айрықша ақжүректілігі танылды. Сол тұста қалың елі қазағы да Елбасын бірауыздан қолдап, Ұлытаудай ұлы іске Қаратаудай қорған бола білді. Міне, содан бері Қазақстан мен оның басшысы ядролық қауіп-қатерді азайту мен таратпау бағытындағы жаһандық үдерістің белсенді қатысушысы болып келеді. Бұл тұрғыда Торе Наерландтың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап: «Біз өзіміздің қызметіміз арқылы Сіздің еліңіздің ядролық қарудан қалай азат болғандығын, бүкіл дүниежүзі бойынша ядролық қауіп-қатерді азайту жолында қалай күресіп жатқандығын, Сіздің еліңіздің полигон аумағын қалай сауықтырып жатқандығын бүкіл әлемге көрсет­­кіміз келеді. Мен мұны, шын мәнін­де, бүкіл әлем білуге тиісті үлгі деп санаймын!» деген сөзін ешқашан ұмытпауымыз керек. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». ТАРАЗ.