• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Ақпан, 2022

Қараусыз балалардың обалы кімге?

338 рет
көрсетілді

Екібастұз қаласындағы жағымсыз жағдай дүйім елді елең еткіз­ді. Пәтер­лердің бірінен күтімсіз қалған төрт балдырған та­былды. Аш-жа­лаңаш балалар түрлі ауруға шалдығып, тіпті жүру­ден қалған. Тар бөл­меде қамалған «Маугли» балалардың оба­лы кімге? Ата-ананың жауапкершілігі өз алдына, құзырлы орган өкілдері неге шет­те қал­ды? Мәселенің мән-жайына үңіліп көрелік.

Балапандардың көрер жарығы бар екен. Абырой болғанда, жергілікті ерік­ті­лер отбасының мүшкіл күйін кө­ріп, қала әкімдігіне, өзге де құзырлы меке­ме өкіл­деріне хабар беріпті. Содан кейін ғана жергілікті ювеналды полиция қыз­мет­кер­ле­рі аталған мекенжайға ар­на­йы барып, отбасының жағдайымен та­нысқан.

Екібастұз қаласы­ әкімінің әлеуметтік мә­се­­лелер жө­ніндегі орынбасары Мәриям­ Адас­­­ба­е­ва­ның ­айтуынша, атал­­­ған отба­сы Ақ­су­ қа­лас­ына қарасты Төрт­­­құдық елді меке­нінен көшіп келген. Олар­­­ға көмірлі шаһардың жалдамалы пәтері бұйырыпты.

– Ильдар Афатеев пен Любовь Зей­на­л­ованың отбасында 2014, 2016, 2017, 2018 жылдары дүниеге келген төрт баласы бар. Балдырғандар физиологиялық және психологиялық тұрғыда дамымай қалған. Тіпті өздігінен жүріп-тұра алмайды, кейбіреуі өз беттерімен тамақтануға қау­қарсыз. Балалардың әкесі И.Т.Афатеев биыл ақпан айында «Богатырь көмір» ЖШС мердігерлік ұйымына жұмысқа орналасқан. Ол алкогольдік ішімдік іше­тін адам ретінде есепке алынған. Ал за­йыбы ешқайда жұмыс істемейді. Ана­сы мен балалары Ақсу қаласының ем­ханасына тіркелген. Бірақ балаларға мүгедектік белгіленбеген. Көпбалалы отбасының жәрдемақысын алып келген. Екібастұз қаласына көшіп келгеннен бері әлеуметтік және медициналық көмек алу үшін бірде-бір мекемеге жү­гінбегені анықталды. Қамқоршылық сек­торының мамандары азық-түлік және сабын, жуу құралдарымен көмек көр­сетті. Балалардың анасы Л.В.Зейнало­вамен әңгіме жүргізіп, «Неке және отбасы (ерлі-зайыптылық) туралы» за­ңы­на сәйкес, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі құқықтар мен мін­деттер түсіндірілді. Тұрғын үй мен тұр­мыстық жағдайды жақсарту үшін мерзім берілді. 9 ақпанда балалар Екібастұз қалалық ауруханасына орналастырылып, кейін облыстық балалар ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне ауыстырыл­ды. Балалар ауруханада анасымен бірге жатыр. Аталған отбасының одан ар­ғы тағдыры, оларға қажетті көмек көр­се­ту мәселесі емделуден өткеннен ке­йін қаралатын болады, – деді Мәриям Адасбаева.

Бұған дейін Екібастұз қаласындағы медициналық мекемелердің бірде-біріне мұндай балалар тіркеуге алынбаған және ме­дициналық көмекке жүгінбеген. «Дәрі­гер­лердің тарапынан көмек болмауының себебі – осы», деп түсіндірді жергілікті әкімдік басшылығы.

Ақсу қалалық ауруханасының бас дәрігері Мақсат Мұқашевпен де тілде­су­дің сәті түсті.

– Олар Ақсу қаласының Төртқұдық ауылына 2019 жылдың мамыр айында көшіп келіп, шілдеде қайта кетіп қалған. Алғаш көшіп келген кезде жергілікті медбикелер ауылдық амбулаторияға тір­кеу­ге алған болатын. Ал одан кейін қайта кө­шерде қайда орналасатыны туралы еш­кімге хабар бермеген. Біздің медбике­лер қайда көшкенін білмеді, – дейді бас дәрігер.

Екібастұз қалалық білім беру бөлімінің балалар құқығын қорғау секторының меңгерушісі Динара Ахметованың сөзіне сүйенсек, аталған отбасының балалары туралы мәлімет Ұлттық білім беру деректері базасында жоқ. Сондықтан мектеп жасындағылары мектепке, одан кішілері балабақшаға алынбағанын айтады.

– Екібастұз қаласында осындай отба­сы тұратынын, онда мектеп және ба­ла­бақша жасындағы балалары бар екенін полициядан ақпарат келгенде ғана білдік. Егер ата-анасы қалалық білім беру бөліміне өздері жүгініп, қа­жет­ті құ­жаттарын көрсеткен жағдайда біздің мұғалімдер үйіне барып оқытатын еді. Мысалы, қазіргі таңда 60-тан астам оқушыға сондай жүйеде білім береміз. Ендігі кезекте, емханадан шы­ғуын және дәрігердің қорытынды анық­та­ма­­сын күтеміз. Содан кейін біліммен қам­тылады. Бұрын мұғалімдер әр оқу­шы­ның үйіне жеке-жеке барып, ата-аналарымен және отбасының әлеуметтік жағдайымен танысатын еді. 2017 жылдан кейін бұған шектеу қойылғандықтан, біз оқушылардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын білмейміз, – дейді Динара Өмірбайқызы.

Облыстық денсаулық сақтау басқар­ма­­сының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиеваның сөзіне қарағанда, балалардан коронавирустың белгілері анықталған. Қазір дәрігерлердің бақы­лауында.

– Балалар соңғы екі жылдың ішін­де бір рет болса да дәрігердің алдына бар­маған екен. Анасы «бәрін өзім бі­лем­ге» салып, өз бетімен емдеп келген. Сондықтан жағдайлары күрт төмен­деп кеткен. Әйтпесе, туғанда дендері сау болғанын айтады. Қазіргі таңда облыстық балалар ауруханасының ин­фек­­циялық бөлімшесінің жауапты мамандары балаларға қатысты барлық зерттеулер мен талдауларын әзірлеп жатыр. Сонымен қатар диетолог мамандар да өз кеңестерін беруде. Себебі ұзақ уақыт аш болған балаларды бірден тойдырып тамақтандыруға болмайды. Қажет болған жағдайда республикадан білікті мамандарды шақыртамыз. Оған дейін МРТ және КТ аппараттарына түсіріп, қоры­тын­дыларына зер салатын боламыз, – деді Э.Темірғалиева.

Орын алған жағдайға қатысты облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова да пікір білдіріп, отбасының осындай жағдайға дейін жетуіне кінәлі адамдар анықталған жағдайда жауапкершілікке тартылатынын айтты.

– Бұл жағдайға байланысты, бірінші кезекте, балдырғандарға медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп, қа­лыптасқан отбасылық ахуалдың се­беп­тері анықталып жатыр. Құзырлы ор­ган­дарға кінәлі тұлғаларға қатысты дереу шара қолдану тапсырылды. Мәселе бақылауда болады. Заң жағынан болсын, әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан да ата-ананың бала алдындағы міндеті бірінші тұрады. Сондықтан жағдайға бір­жақты қарамаған жөн. Білім мен денсаулық саласының өкілдері мониторинг жүргізгенде, көбінесе үлкендердің айт­қанына сүйеніп есік алдынан, боса­ға­дан қайтатыны белгілі. Үй ішіне се­бепсіз кіруге тағы болмайды. Бұл мә­се­­лені жан-жақты талдап, сараптап, объек­тив­­ті баға берген дұрыс, – деді Айзада Амангелдіқызы.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Екі­бас­тұз қаласына арнайы барып, шұғыл жиын өткізді. Аймақ басшысы мұндай келеңсіздікке жол берген Ақсу және Екі­­­бас­тұз қалалары басшыларының, жа­уап­ты мекеме басшыларының жұмысын сын­ға алды. Қос шаһардың әкіміне сөгіс жариялады.

– Осы көрініс арқылы бір отбасының не­месе қоғамның тұтас мәселесін зерттеп, талдауға болады. Жауапты мекемелер бір-бірімен тығыз байланыста жұ­­мыс істемейді. Күрделі жағдайға тап бол­ған ке­з келген отбасыны анықтау, олар­ды қа­лыпты өмір жағдайына қосу – мем­ле­кет­тік органдардың басты мақсаты, – деді Ә.Сқақов.

Негізгі жауапкершілік ата-ананың мойнында болу керек екені рас. Бірақ құзырлы орган өкілдері жапан даланы емес, қаланың қақ ортасын мекен еткен жас отбасының жұпыны күйінен хабардар болуы міндетті де шығар. Бұл – қоғамның пікірі. Сіз не дейсіз?

 

Павлодар облысы