Ел Президенті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте жемқорлықтан таза қоғам қалыптастырудың алғышарттары туралы айта келіп: «Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұруымыз керек. Оған қоса заңнамалық шаралар қабылдауға тиіспіз. Сонымен бірге, жемқорлыққа қатысты қылмыстарды анықтау және ашу жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет. Сонда ғана жемқорлықпен табанды түрде күресе аламыз», деді.
«Қасіретті қаңтар» еліміздің басты құндылығы – тәуелсіздігімізді нығайтатын негізгі шарттардың бірі осы індеттің тамырына балта шабу екенін түсіндіріп берді, көзімізді жеткізді. Әсіресе қорғаныс, күштік құрылымдар саласындағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты ауыздықтаудың, онымен жоспарлы әрі жүйелі түрде күресудің маңызы өте зор. Қазіргі таңда Қарулы Күштерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жариялады. Ал бұл күресті неден бастау қажет? Саладағы қоғамдық кеселді жеңудің тәсілдері, ұстанымы қандай? Жалпы, жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіле ме? Қандай қызмет салаларында жемқорлыққа жиі жол беріледі?
Бұл сұрақтарды тізбелеуіміздің де өзіндік себебі бар. Өйткені Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегіне сүйенсек, өткен жылы Қорғаныс министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 20 қылмыс тіркелген екен. Бұл сан 2020 жылмен салыстырғанда 33 пайызға төмен. Алайда жаңа жыл басталмай жатып әскери ведомствода бір сыбайлас жемқорлық фактісі анықталып үлгерген.
Жыл басында әскери ведомствода Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнаманың сақталуын бақылау жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру төңірегінде ұйымдастырылған жиында Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов комиссияға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2022-2026 жылдарға арналған мемлекеттік тұжырымдамасын іске асыру барысында маңызды міндеттер жүктелгенін айта келіп: «Әскердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын бюрократияны жоюға, айқындық пен ашықтықты арттыруға бағыттаймыз», деген-ді. Осыған орай біз қоғамның көкейінде жүрген жоғарыдағы сұрақтары мен комиссия төрағасы басымдық берген ашықтық пен айқындық туралы осы ведомствоның Әскери полицияның бас басқармасының офицері, әділет подполковнигі Нұрлан Әкімбековтің пікірін білген едік.
Әскери полиция органдарының негізгі міндеттерінің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу іс-шаралары екенін атап өткен Н.Әкімбеков бұл бағытта министрлікте кешенді жұмыстар қолға алынғанын атап өтті. «Өз қатарымыздағы жемқорлыққа қарсы тәуекелдерге талдау жүргізу, ішкі және сыртқы талдау – осы іс-шаралардың негізгілерінің бірі», дейді ол. Подполковниктің айтуынша, ведомствода қоғамдық кеселдің алдын алу бойынша шаралар өткізу және әскери қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру мәселесі де күн тәртібінен түспейді. «Қорғаныс министрінің бұйрығымен бекітілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдігі жоғары лауазымдарға тағайындалатын адамдарға полиграфологиялық зерттеу өткізу секілді кешенді шаралар да атқарылуда. Барлық гарнизондарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия құрылған. Гарнизон басшылары – осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның төрағалары», дейді Н.Әкімбеков.
Айта кетейік, министрліктің жанынан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия сыбайлас жемқорлыққа тәуекелді жою жөнінде барлығы 34 ұсыным әзірлеген. Қазіргі таңда бұл ұсынымдарды жою бойынша тиісті құрылым басшыларына бағыт-бағдар беріліп, шаруалар атқарылуда.
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес Қорғаныс министрлігінде де сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдаулар жүргізілуде. Атап айтқанда, кадрлар жұмысында, мемлекеттік сатып алу, тылдық қамтамасыз ету, күрделі құрылыс, жөндеу жұмыстары, тұрғын үйлерді беру сондай-ақ жергілікті әскери басқару органдары қызметінің саласында іске қосылған талдаулар қазіргі таңда өз нәтижелерін көрсетіп келеді. Мәселен, өткен осы талдаулардың қорытындысы бойынша 79 ұсыным енгізілген екен.
Қорғаныс министрлігінде ең көп талқыланатын тақырыптың бірі – мемлекеттік сатып алулар. Қоғамда мемлекеттік сатып алулар рәсімдерінің толық әрі ашық жүргізілуіне қатысты сын да көп, күмән да басым. Әсіресе әскери есепке алу және әскерге шақыру науқанындағы жемқорлықтың алдын алу мәселесі әлі күнге өзектілігін жоймай келеді. Мемлекеттік сатып алу – сыбайлас жемқорлықтың ең күрделі мәселелерінің бірі екенін әділет подполковнигі де мойындайды. Бұл мәселелерді жою жөнінде бірнеше іс-шара қолға алынғанын айтқан ол соның біріне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу комиссияларының құрамына бақылаушы ретінде қоғам, әскери полиция органдары, бас қаржы инспекциясы және тиісті құрылымдық бөлімшелердің құзыретті өкілдері мемлекеттік сатып алуға қатысады. «Айта кететін тағы бір жағдай, Қарулы Күштердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартына сәйкес мемлекеттік сатып алулар жүргізу кезінде сол осы іс-шаралардың барлығы бейне, аудиожазба арқылы жүргізіледі және келешекте оны туындаған мәселелер бойынша қарастыруға болады», дейді Н.Әкімбеков.
2021 жылдың қаңтар айында Қарулы Күштерде жемқорлықпен байланысты 3 қылмыс анықталған. Биыл қаңтарда бір деректің тіркелгенін мәлімдеген Н.Әкімбеков өткен жылмен салыстырғанда салада жемқорлық жасап, құқық бұзғандардың саны 67 пайызға азайғанын алға тартты. Оның айтуынша, әскери ведомствода сыбайлас жемқорлыққа қатысты оқиғалар мен қылмыстарды анықтауға Қорғаныс министрлігінің өзі тікелей атсалысады. «Мәселен, осы жылы анықталған сыбайлас жемқорлық қылмысты әскери полиция және әскери тергеу органдарының қызметкерлері әшкереледі. Ал өткен жылғы сыбайлас жемқорлық қылмыстың ішінде үш қылмысты Қорғаныс министрлігінің органдары анықтаған. Айта кететін тағы бір мәселе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қылмыс бойынша көбіне әскери қызметшілердің өздері арызданады. Осының өзі әскери қызметшілерде жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасқанын аңғартады», дейді ол.
Бүгінде Қарулы Күштер қатарында «Адалдық алаңы» кеңселік жобасы да жұмыс істейді. Бұл жобаның басты мақсаттарының бірі – азаматтардың Қарулы Күштерге деген сенімін арттыру. Сондай-ақ жоба аясында азаматтардың, әскери қызметшілер мен олардың отбасыларының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға да баса мән беріледі.
Мемлекет басшысы жұртшылық санасына «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» деген қағиданы сіңіру керектігін айтып, бұл кеселмен күреске бүкіл қоғамды жұмылдырудың маңыздылығына тоқталды. Ең бастысы, бұған бір реттік науқан ретінде қарамау керек екенін де қадап айтты. Ал әскери ведомствода бұл тапсырма қалай жүзеге асырылып келеді? Бұл сұраққа Н.Әкімбеков «Қорғаныс министрлігінде сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер ретінде таниды. Қорғаныс министрі Жоғарғы Бас қолбасшының сыбайлас жемқорлыққа ымырасыз күрес жөнінде тапсырмасы шеңберінде орынбасарларының, Бас штаб орынбасарлары мен құрылымдық бөлімшелердің басшыларынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті басты бағыттарының бірі ретінде санауды талап етіп отыр. Жемқорлықпен күрес аяусыз әрі жүйелі түрде жүргізіледі», деп жауап берді.