Ел астанасында «2021 жылы мәдениет және архив ісі саласындағы қызмет туралы. 2022 жылға арналған негізгі міндеттер» тақырыбында Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Алқалы жиынға Президент Әкімшілігі, Парламент пен Үкімет өкілдері, Қоғамдық кеңес мүшелері, мәдениет және архивтер саласындағы облыстық басқармалардың басшылары, мәдениет және архив саласындағы ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары қатысты.
Ведомствоның мәдениет, архив ісі және баспа мәселелеріне арналған алқа отырысында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ең алдымен саладағы былтыр атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ биылғы жоспарлар мен міндеттерді де атап өткен министр халықтың мәдени сұранысын толықтай қамтамасыз ету үшін тағы 300-ден астам нысан ашу қажет екенін айтты.
«Бүгінде елімізде 7 637 мәдениет нысаны жұмыс істеп тұр. Тағы да 300-ден астам мекемеге сұраныс бар. Мұндай қажеттілік, негізінен, ауылдық жерлерде. Дейтұрғанмен, салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар мұндай мекемелердің көпшілігі тұрғындардың талап-тілегін ескермей салынатынын айтады. Соның салдарынан салынған мекеме қаңырап бос тұрады. Сол үшін жоспарлаған кезде тұрғындар пікірін ескеру өте маңызды. Кейбір республикалық мәдениет ұйымдары ғимараттарының техникалық жағдайы төмен. Оған өзім куә болдым», деген министр осы ретте М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының бас корпусы, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы мен Республикалық академиялық неміс драма театры жөндеу жұмыстарын қажет ететінін атап өтті. Осыған орай салаға жетекшілік ететін вице-министрге 35 мәдениет нысанының құрылысын және 265 нысанның жөнделуін бақылауға алуды тапсырды.
«Қазіргі уақытта 229 мемлекеттік архив жұмыс істейді. Осы ретте арнаулы типтегі мемлекеттік архивтер ғимаратына деген сұраныс өте жоғары. Ондай архивтердің үлесі бүгінде 14,7 пайыз. Сараптама жұмыстары республика бойынша 128 нысан салу қажет екенін көрсетіп отыр. Оған қоса «Е-Архив» жүйесінің негізгі сервері істен шыққан жағдайда жүйені резервтік серверлермен қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алу керек. Сондай-ақ архив ісінің білікті мамандарын даярлау мәселесі айрықша назар аударуды қажет етеді. 2022 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша архив мекемелерінің штаты 3 340 бірлікті құрады. Оның 8 пайызының ғана бейінді жоғары білімі бар», деді Д.Абаев.
Бұдан бөлек министр жүргізілген сараптама қорытындысы 2022-2026 жылдары 1 700-ден аса маман қажет екенін көрсетіп отырғанын айтты. Сондай-ақ ол мәдениет саласындағы қызметкерлердің әлеуметтік қамтылуын жақсартуға уәде берді.
«Әрине, саладағы ең өзекті мәселелердің бірі – мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік пакеті. «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет ұйымдарының лауазымдық жалақыларына 1,75 коэффициенті түрінде қосымша ақылар мен үстемеақылар әзірлеу қажет», деді Дәурен Абаев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында. Министрдің айтуынша, шығармашылық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен концертмейстрлерінің жалақы мөлшеріне де назар аудару қажет.
Шығармашылық университеттерге ортақ мәселелерді баяндаған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев білім беру саласындағы заңдардың кейбір нормалары шығармашылық жоғары оқу орындарының ерекшеліктеріне сай келмейтінін айтты.
«Скрипкашылардан, композиторлардан, әншілерден, дәстүрлі музыка мамандарынан, балет әртістерінен, қолданбалы суретшілерден, актерлерден және басқа да шығармашылық кәсіп өкілдерінен ғылыми дәреже мен импакт-факторы жоғары мақалаларды талап ету қисынсыз. Одан бөлек материалдық-техникалық базаның жеткіліксіз екені де рас. Музыкалық аспаптар ескірген, шығармашылық шеберханаларға, оқу театрларына, студенттік оркестрлер мен хорларға, концерттік костюмдерге арналған арнайы жабдықтар да тапшы», дейді ректор.
Ал Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ақан Сатаев киностудияның қазіргі жай-күйіне тоқталып, тапқан барлық қаражат жалақыға жұмсалып жатқанын айтты.
«Бүгінгі таңда заманауи жаңа техникаларды алып жатырмыз. Басқару құрылымын өзгерттік, ашықтықты арттырдық, қауіпсіздік қызметін құрдық, Үкіметтің қолдауымен газ жүргіздік, жалға беру табысын пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 400%-ға дейін көтердік. Біз барынша жұмыс істеп жатырмыз. Алайда студия тапқан барлық қаражат қызметкерлердің жалақысы мен әкімшілік-шаруашылық қажеттіліктеріне жұмсалады. Шынын айтқанда, өз фильмдерімізді шығаруға да қаражат жеткіліксіз», деді режиссер.
Кеңейтілген алқа отырысында баяндама жасаған «Бозоқ» тарихи-мәдени музей-қорығының басшысы Сәуле Бөрібаева ел астанасында музей ашу перспективалары туралы айтты.
«2020 жылы музей-қорықтың қызметін жетілдіруге мүмкіндік беретін 24 нормативтік-құқықтық акт қабылданды. «Бозоқ» қалашығы ұлттық паркінің жобасы үлгісінде ребрендингтің әлеуеті бұл салада зор екенін көрсеткіміз келеді. Жоба еуразиялық дала өркениетінің алуан түрлілігі мен байлығын көрсетуді мақсат етеді», деген музей-қорық басшысы Бозоқ қалашығы мыңжылдық тарихтың көзі екенін еске салды.
«Тарихи нысанмен байланысты бұл жобаның инвестициялық әлеуеті зор. Энеолит дәуірінен бастап қазіргі заманға дейінгі дала өркениетінің, мәдениеті мен этнографиясының сан түрлі қатпарын бойына сіңірген ғибадатханалар мен мәдени құрылымдар бар. Металлургия және қыш өндірісінің ежелгі технологиялық кешендері де бар. Соларды қалпына келтіру үшін 4 ғылыми тұжырымдама жасалды. Жобаның инвестициялық бағыты бойынша амфитеатр ашу көзделген. Шығыс базарының айлағы, отбасылық демалыс орталығы, биопарк салу ұсынылады», деді С.Бөрібаева.
Елімізде баспа ісі саласында нақты бір жүйе жоқ екенін айтып жүрміз. Кеңейтілген алқа отырысында осы мәселені Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов көтерді. Оның айтуынша, 2022 жылға арналған «Жылдың үздік кітабы», «Үздік жас қаламгер», «Балаларға арналған үздік шығарма» байқауларын өткізуге қосымша бюджеттік өтінімді нақтылау күтілуде.