Түркияның Анталия қаласында таэквондодан G2 санатындағы халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Әлемнің үздік спортшыларымен сынға түскен жерлестеріміз жүлделі орындардан көрінді.
Мәселен, жасөспірімдер арасындағы бәсекелерде жарыс жолына шыққан Қазақстан құрамасының өкілдері Акрамат Долгиев (48 кг), Жарас Әлімжанов (59 кг) және Назым Махмұтова (63 кг) барлық қарсыласын қапы қалдырып, Түркия төрінде Әнұранымызды шырқатса, 59 килодағы отандасымыз Аяжан Сапархан қола жүлде жеңіп алды.
Ал осы турнирдің ересектер арасындағы бәсекеде сынға түскен Олимпия ойындарының қатысушысы, Азия және Универсиада ойындарының күміс жүлдегері Жансель Дениз (73 кг) Түркияда да күмістен алқа тақты.