Футбол жанкүйерлері екі айдан бері тағатсыздана күткен Чемпиондар лигасының тарихи кезеңі басталды. Себебі биылғы плей-офф сатысынан бастап аталған турнирде сырт алаңда соғылған голдың маңыздылығы жойылған болатын.
1/8 финалдың орталық ойынында Мадридтің «Реалы» мен Париждің ПСЖ клубтары кездесіп, матч франциялық команданың жеңісімен аяқталды – 1:0. Алаң иелерінің басымдығымен өткен ойынның (соққылар: 22-3) 90+4-минутында Мбаппе жеңіс голын соқты. Кездесудің 61-минутында Мессидің пенальтиден тепкен добын «Реал» қақпашысы Куртуа қайтара білді.
Ал Португалияға сапар шеккен Англияның «Манчестер Сити» ұжымы «Спортинг» қақпасына жауапсыз бес гол соғып, ширек финалдың тағдырын алдын ала шешіп қойды десек те болады. «Сити» сапынан Силва дубльдің авторы атанса, Махрез, Фоден және Стерлинг бір мәртеден көзге түсті. Қарымта кездесулер 9 наурызға жоспарланған.