Бұл күндері дүние жүзінің түкпір-түкпірінде теннистен ірі-ірі халықаралық жарыстар өтіп жатқаны белгілі. Дәстүрлі турнирлерде қазақстандық теннисшілер де бой көрсетіп, бас жүлде үшін сынға түсу үстінде.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Қатар астанасы – Дохадағы ATP 250 додасын сәтті бастағанымен, екінші айналымда екпінін жоғалтып алды. Жерлесіміз турнирдің жекелей бәсекесіндегі алғашқы кездесуін әлемдік рейтингте 183-орында тұрған словакиялық Йозеф Коваликпен өткізіп, екі сетте (6:2, 6:4 есебімен) басым түсті. И.Ковалик осы турнирдің іріктеу кезеңінде тағы бір қазақстандық Андрей Голубевпен күш сынасып, отандасымызды екі сетте (6:4, 7:6) жеңіп кеткен болатын. Осылайша Бублик Андрейдің есесін қайтарды десек те болады.
Дегенмен, жуырда ғана Монпельедегі (Франция) ATP 250 турнирінде топ жарған Александр Бублик бұл жолы алысқа шаба алмады. Екінші айналымда рейтингте өзінен 30 орын төмен орналасқан франциялық Артур Риндеркнехпен шеберлік байқасты. Тартысты өткен кездесудің алғашқы партиясын 7:6 есебімен жерлесіміз өз пайдасына жазғанымен, кейінгі екі сетте Риндеркнех Бубликті бет қаратқан жоқ. Екінші сетте франциялық теннисші 6:1 есебімен таразы басын теңестірсе, шешуші сетте 6:4 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп Артур Риндеркнех жарыстың ширек финалына жолдама алды.
Енді Александр Бублик осы жарыстың жұптық бәсекесіндегі жорығын жалғастырады. Бұл сында ол мажарстандық Мартон Фуковичпен бірге жұп құрап, бірінші айналымда Додиг-Винус жұбын 7:6, 6:3 есебімен жеңді. Бублик пен Фукович жұбы екінші айналымда Андрей Голубев пен франциялық Фабрис Мартенмен ойнайды. Бұл бәсекеде қай жұп жеңсе де, қазақстандықтардың біреуі жалпы жүлде қоры 1 млн АҚШ долларынан асатын жарыстың жартылай финалына шығады.
Голубев-Мартен бастапқы ойынын ұлыбританиялықтар Дэниел Эванс – Кен Скупскимен өткізді. Қазақстандық-франциялық жұп бірінші партияда брейк жасап, басым түсті – 6:4. Олар екінші сетте де сол қарқынын жоғалтқан жоқ – 6:4. Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған кездесуде А.Голубев пен Ф.Мартен 3 эйс жасап, 7 брейктің екеуін өз есептеріне жазды. Қарсыластары бір ғана эйс жасап, 4 брейк-пойнтты пайдалана алған жоқ.
Сонымен қатар тағы бір қазақстандық теннисші халықаралық турнирге қатысуда. Александр Недовесов Флорида штатының Делрэй-Бич қаласында өтіп жатқан ATP турнирін сәтті бастады. Ол пәкістандық Айсам-ул-Хак Курешимен жұп құрап, алғашқы айналымда америкалық Блумберг-Пол дуэтін үш сетте (7:5, 6:7, 10:8 есебімен) жеңді. Енді Недовесов пен Куреши ширек финалда АҚШ спортшылары – Николас Монро/Джексон Уитроумен жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салады.